Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтың күйін білетіндер көбейгеніне сенімдімін": Блогер "Адай" күйіне стриптиз билеген қыздар туралы

Қазақтың күйін мазақ етті! Атыраудағы түнгі клубтардың бірінде «Адайдың» күйіне билеген  жартылай жалаңаш қыздардың әрекеті дүйім жұрттың ашуына тиді.  Қоғам белсенділері осыған ұқсас жайттардың жиілеп кеткенін, сондықтан  тез арада шара қолдану керектігін айтып дабыл қағып отыр. Ал енді бірі керісінше дәстүрімізді осындай жолмен насихаттайық деп айды аспанға шығарып отыр. 

Дүйім жұрттың жағасын ұстатқан бейнежазба Атыраудағы түнгі клубтардың бірінде түсірілген. Жартылай жалаңаш киінген екі бұрымды «Адайдың» күйіне ұятсыз би билеп, жиналған қауымның көңілдерін көтеруде. Әлеуметтік желіде лезде тараған видео қоғамда үлкен резонанс тудырған соң, клуб әкімшілігі көптің алдына шығып, кешірім сұрады.  Алайда олар мұны техникалық ақауға балап, өздерінен кінәні барынша жуып-шаюмен болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап.

«Техникалық ақауға байланысты жағдай болды. Музыканттар бар үстелінің арғы жағында «Адай» күйін тартты. Ол үшін кешірім сұраймыз. Бұл үшін диджей жұмысынан қуылды», - дейді клуб әкімшілігіндегілер.

Алайда желі қолданушыларының дені бұл бейнежазбаға қарсылықтарын білдіріп жатса, араларындағы кейбірі «мұнда  тұрған еш сөкеттік жоқ»  деп айды аспанға бір-ақ шығарды. 

«Неге біз қазақтың  күйлерін тек мерекелерде тыңдауымыз керек? Меніңше, бұл біздің ұлттық өнерімізді насихаттаудың жаңа бір тәсілі. Иә,  әрине, бізде қазақ қызы тәрбиелі болуы керек, мұндай жат әдетке бармауы керек деген қалыптасқан стериотиптер бар. Бірақ біз одан арылуымыз керек. Есесіне қыздардың осы биінен кейін қазақтың күйін білетіндер көбейгеніне сенімдімін», - дейді блогер Жұлдыз Әбеу.

Төсіне ұлттық әшекей тағып, сәукеле киген Шырын есімді бойжеткен де өз қылығын осылай түсіндірген еді. Дараланудың жолын тауып, жалаңаш денесіне шапан киген модель жігіт те дәстүрді қолдағанын айтып, ақталғаны әлі есте.   

«Қазақтың бүкіл салт-дәстүрі, ою-өрнегі болсын, қамажайы, Абайы болсын, оның барлығы қазақ үшін қасиетті және киелі. Бұл ұлттық дүниелермен ойнауға келмейді. Мұны жасап жатқан азаматтар қатты ойлануы керек. Ертеңгі күні оның салдары өзінің ұрпағына, біздің келешек ұрпаққа зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан бүгін әсерін тигізбесе де, ертеңгі үлкен кесір-кесапаттың бастауы болуы мүмкін», - дейді қоғам белсендісі Қарлығаш Бекпатшақызы.

Қалай десек те, шетелде ұлттық құндылықтарды қорлағандарға жаза ауыр. Біздікіндей ескертумен шектелмейді, мұндайларды бірден бас бостандығынан айырып, түрмеге қамайды. Жоғарыдағы мысалдардан кейін, бізге де осындай заң артық болмас дейді, қоғам белсенділері. 

Еске сала кетсек, бұған дейін «Атырау» түнгі клубында жартылай жалаңаш қыздар «Адай» күйіне билегені туралы ақпарат тараған еді.

Талқылау