Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақты Ауғанстан жасамашы деді": Роза Әлқожа не себепті орамалын шешкенін түсіндірді

Бір кездері орамал таққан әнші Роза Әлқожа орамалын шешті. Әншінің әрекетін көпшілік талқыға салды. Бірі өнер адамдарының сахнаға орамалсыз шыққанын қаласа, енді бірі орамалдың қадірін сөз етті. Осы ретте әншінің өзі орамалын не себепті шешкенін түсіндірді. 

Бұл туралы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында айтылды.

Роза Әлқожа біршама уақыт басына ақ орамалын тағып жүрді. Тіпті сахнаға орамалмен шығып, қазақы стильде тыңдармандар алдына шықты. Бірі оның бұл әрекетін қолдаса, енді бірі қарсы шықты. Араға уақыт салып әнші ел алдына орамалсыз шыға бастады. 

"Мен бір кездері орамал тақтым. Меккеге барып келген соң солай деп шештім. Орамалымды шешпеймін деп ойладым. Меккеден оралғандағы көңіл-күймен айтылған сөзім. Меккеге барған адам өзін ғана тақуа, қалған адамдарды ақымақ көреді. Қоғамға араласа алмай, елдің бәрі жалаңаш жүргендей көрінеді. Сол кездегі эмоция. Мен көңіл-күйдің адамымын. Тіпті енді орамалды шешпеймін деген де емеспін. Журналистердің айтып жүргені", - деді әнші. 



Әншінің орамалын шешуге одан бөлек үлкен аналарымыз бен өнердегі ағаларының сөзі себепші болғанға ұқсайды. 

"Аналарымыз айтты, сенің жандүниеңді, әндеріңді білеміз. Жаның қазақ екенін білеміз. Әндеріңді жақсы көреміз деді. Өнердегі ағам Ерлан Төлеутай жеке өзіме ақылын айтты. "Бірде Ауғанстанда паранжа киіп, Ауғанстан ұлттық киімінен айырылып қалған еді. Сен де қазақты Ауғанстан жасамашы. Қазақтың ұлттық киімі бар. Сен таза қазақтың қызысың. Біреудің киімін емес, өз ұлттық киімімізді насихатташы" деді. Соның бәрі маған әсер етті, ақылын тыңдадым", - деді Роза Әлқожа. 

Роза Әлқожа иманы әлсіреп әртүрлі болып кеткенін жеткізді. 

"Иманым әртүрлі болып кетті. Әлсіреп кетті. Иман деген бірде көтеріліп, бірде түсіп тұрады ғой. Ол үшін біліммен толықтырып отыру керек. Орамалды жақсы көрем. Барлық жерде тағып жүрем. Бірақ Алланы алдай алмаймын. Ішім қандай болса, сыртым сондай болады. Орамал тағып жүріп боянуға ұяламын, орамал тағып отырып өсек айтатын әйелді көрсем ұяламын. Орамал тағу үлкен жауапкершілік", - деді Роза ханым. 

Желідегі оқырман әншінің бұл әрекетін қолдады, енді бірі өз ұстанымын айтты. 

"Сіз Алла бұйрық еткенді орындадыңыз, біреудің сөзі не керек?", "Орамалмен бәрі әдемі", Орамал таққандарға ақыл айтқанша, неге жалаңаш жүргендерге ақыл айтпайды екен?", "Сахнаға орамалсыз шыққан дұрыс", "Шынында да хиджабты насихаттап кетті", "Қазақтың ұлттық киімі бәрі лайықталып шығарылған", деп жазды олар. 

Талқылау