Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстанға?": Футболдан бапкер Магомед Әдиев мансабына қатысты пікір білдірді

Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Әдиев Станислав Черчесовтың қызметінен кетуіне және елге оралуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Қазақстан футбол федерациясы

27 қаңтарда Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовпен келісімшартты бұзғанын жариялады. Кейін әлеуметтік желіде жанкүйерлер ресейлік маман Магомед Әдиевті бас бапкер қызметіне қайта шақыруды сұраған.

"Федерациядан ешкім менімен байланысқан жоқ. Түсінуімше, бұл қызметке жергілікті маман тағайындалады", – деді Әдиев Оdds.ru сайтына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Магомед Әдиев 2022 жылдан 2024 жылдың мамырына дейін Қазақстан құрамасын басқарды. Оның басшылығымен команда Ұлттар лигасының C дивизионынан B дивизионына көтеріліп, Еуропа чемпионатына жолдама алу мүмкіндігіне бір ғана жеңіс жетпей қалды. Сонымен бірге оның жаттықтыруымен Қазақстан құрамасы өткізген ойындардың жартысынан көбінде жеңіске жетті.

Станислав Черчесов бапкерлік еткен алты ойында Қазақстан құрамасы бес рет жеңіліп (жалпы есеп 0:15), бір кездесуде тең ойнады. Осылайша команда Ұлттар лигасының B дивизионынан қайтадан C дивизионына түсіп қалды. Ал наурыз айында Қазақстан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін бастайды.

Магомед Әдиев 2024 жылдың желтоқсанында Қазақстан құрамасына оралу туралы ұсыныс алмағанын және қызметінде тұрған бапкер жайлы пікір айту орынсыз екенін мәлімдеген еді. Сонымен қатар ол тек Қазақстан құрамасының ғана емес, кез келген команданың ұсынысын қарастыруға дайын екенін айтқан еді.


Еске салайық, бұған дейін Черчесов қызметінен босатылған жағдайда оған 1 миллион еуро төленетінін жазған едік. Ермұхамед Мәулен бұған дейін Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті Марат Омаров ресейлік маманды қызметінен босату туралы шешім қабылдағанын айтты.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 27 Қаңтар, 2025 17:03