Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Алматыға оралды

Таяуда АҚШ-та өзінің 21-ші кездесуін жеңіспен аяқтаған 31 жастағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам бүгін Алматыға оралды.

4141

Суреттер qamshy.kz

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Оңтүстік астананың Халықаралық әуежайында Қанатты қарсы алу үшін 200-ге жуық адам жиналды. Олардың арасында Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов, Қазақстанның бокс федерациясының вице-президенті, белгілі меценат Бауыржан Оспанов, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов және басқа да белгілі тұлғалар болды.

Қанат Ислам vip залдан көрінісімен тағатсыздана күтіп тұрған дүйім жұрт оны: “Қанат, Қанат!”, “Қанат жасасын!”, “Қанат – қазақтың батыры!” деген секілді ұрандар айтып қарсы алды. Көк байрақты көтерген республикалық спорт колледжінің бір топ студенттері де “Қанат, Қанат!” деп ұрандаумен болды. Ең алдымен өзіне қашанда қолдау көрсетіп жүрген ағаларымен құшақтасып көріскен Қанат, ұлттық киім киген қазақ аруларының қошеметімен сыртқа беттеді.

4747

Көпшілік алдында Амалбек Тшанов барша қазақстандық жанкүйерлердің атынан Қанаттың иығына шапан жапты.

“Қазақ халқының әр кезде де өздерінің батырлары болған. Қанат – бүгінгі қазақ батыры. Өйткені, ол қазақтың көк байрағын желбіретіп, қазақ халқын бүкіл әлемге танытып жүрген ардақты ұлымыз”, – деді А. Тшанов.

Өз кезегінде Қанаттың қамқоршы ағаларының бірі Бауыржан Оспанов та Қанатты кезекті жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта да жанкүйерлерін қуанта беруіне тілектестік білдірді.

Осы арада Қанаттың ұлы Абылайханның да тұсауы кесілді. Өз сөзінде Қанат қатты толқып, бұл тосын сыйға қатты риза болғандығын жеткізді.

“Ассалаумағалейкүм халқым! Мұндай тосын сый болады деп ойламаған едім. Көп рахмет сіздерге! Мұның барлығы, елдігіміздің, егемендігіміздің арқасы деп білемін. Тыныштық болмаса біздің бокс, біздің өлең кімге керек. Сондықтан мен өте қуаныштымын. Рахмет сіздерге!” – деді Қ. Ислам.

Талқылау