Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық мамандар электронды темекілердің қатерлі дертке шалдықтыратынын айтты

Вейп! Темекінің бұл түрі соңғы жылдары қазақстандықтар арасында жиі айтылып қана қоймай, жиі қолданылып та жүр! Шылымның шырмауынан құтылғысы келетіндер осы электронды темекілерден үміт отын көргендей, үдере көшіп жатыр.

Қазақстандық мамандар электронды темекілердің қатерлі дертке шалдықтыратынын айтты

Айтуларынша ағзаға айтарлықтай зиян емес! Десе де, жуырда ғана АҚШ-та тіркелген фактілер бұның жаңсақ екендігін айқындағандай! 6 адам ажал құшып, жүздегені ауруханаға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«АҚШ-тағы азаматтардың өлімі психотроптық заттардың кесірінен болды. Алайда, Трамп мырза бүге-шүгесіне дейін ол мәселені зерттеуді жөн көрмеді. Ол уақытша шектеу қойып тастады. Ал, бізде наркотиктің заттарға тыйым салынған. Сондықтан Қазақстанда мұндай фактілер бола қоймас!», - деді кәсіпкер Ринат Шамирзаев. 

АҚШ -тағы бұл жағдайдан кейін, электронды сигареттердің хош иісті түрлеріне уақытша тыйым салынды! Ал, бізде ше? Бізде тыйым салу былай тұрсын, бұл тауар түрлері тіпті шылым ретінде қарастырылмайды екен! Вейперлеріңнің емін-еркін қалаған жерінде бұрқ-бұрқ етіп жүрулері соның айқын дәлелі! 

Буды бұрқыратып түрлі фигура жасау сәнге айналғалы қашан. Электронды сигареталардағы жастарды еліктіретін тұсы осы шығар! Ал шылым шегуде тәжірибесі молдар бұған неге көшіп жатыр? Айтуларынша, ол анағұрлым денсаулыққа зиян емес, алайда бұл қып-қызыл өтірік! Біз емес дәрігерлер солай деп отыр.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дейміз ғой? Соңғы кезде электронды сигареттерді ем ретінде никотиннен тәуелді адамдарға қолдануға болмайды деп тыйым салынған. Оны біз бәріміз дәрігерлер түсінеміз. Неге десеңіз оның қаупі анықталмаған. Және оның тәуелділігі одан да қаттылау болады», - деді нарколог тоқтар Қойшыбеков. 

Тұтас ұлт емес, жер жаһандағы жандардың денсаулығына жауапты ұйымның бұлай деуіне себеп те жоқ емес! Бұл бәлекеттердің құрамында
глицерин мен пропиленгликоль бар. Ия, тамақ өнеркәсібі, опа-далап бұйымдарын жасауда таптырмас ингридиенттер. Демек, темекі шекпей-ақ, былай да тұтынып жүрген дүниелеріміз ғой. Алайда, тиісті мөлшерде ғана. Ал, электронды сигареттердің құрамында олар басқа рөльге енеді. Мәселен, пропиленгликольді қыздырған жағдайда ол концерогендық затқа айналады.

Жайдақ тілмен айтқанда, қатерлі ісікке шалдығу мүмкіндігіңіз артады.
Екінші мынадай түсінік бар. Электронды сигареттердің құрамындағы никотин көлемін тұтынушы өзі реттей алады емес пе? Осыған үміттенген жұрт әлгінің дозасын күн сайын азайтып, азайтып соңында шылымның шырмауынан біржола құтыламын деп ойлайды! Алайда никотиннің көлемі кішірейген сайын оны тұтыну процесі де жиілейтіндігінде шаруасы жоқ! Сонда кәдімгі темекіні шектің не, электрондыға көштің не айырмашылығы аса көп емес! Айналып келгенде, сол баяғы никотинді, сол баяғы ағзаңызға қажетті көлемде тұтынасыз.

«Никотин адам ағзасына енген кезде қан тамырлары, жүрек, өкпеге үлкен зиян әкеледі оны бәрімізде білеміз. Осындай белсенді, пассивті шылым шегушілік жай ғана өзіне зиян келтірмейді, оның жанындағы отбасылық балаларға, жанындағы адамдарға, осы бөлмеде отырған адамдарға бәріне зияны келеді», - деді нарколог.

«Темекіден құтылу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ол үшін ол адамдардың ерік жігері мықты болу керек. Темекінің орнын ауыстыратын өзіне қызықты, өзіне қолайлы әрекеттермен айналысу керек. Мүмкін суға жүзу, мүмкін футбол ойнау секілді», - дейді психолог Балабек Сақтағанов. 

Қоршаған ортаға зияны демекші, біздің қоғам қазір кәдімгі темекіні тұтынатындардан қорғалған. Олар үшін «Шекесінде» темекі шегу орны деген жазуы бар арнайы бөлмелер қарастырылған. Ал, осы бөлмелерден сіз вейперлерді көріп пе едіңіз? Жоқ! Керісінше, емін-еркін бұрқ-бұрқ деп отырған оларды сіз кеңседе я тіпті бір дастарханда кезіктіруіңіз мүмкін.

Өйткені, елдегі заң бойынша электронды сигарета темекі түрі ретінде қарастырылмаған.

«Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі кодексіне сай 2009 жылдан бері бізде темекі шегуге болатын арнайы жерлер қарастырылған. Бірақ онда электронды сигареттер туралы ештеңе айтылмаған. 159 баптқа тек қоғамдық орындарда темекіні пайдалануға болмайды делінген. Бұл тұрғын-үйлерде, пойыздарда, ұшақтарда және т.б», - дейді заңгер Алмас Данияров. 

Көрші Ресей қазір арнайы заң қабылдап жатыр. Электронды сигареталарды кәдімгі темекі түріне енгізіп, шылым шекпейтіндердің мүддесін қорғамақ! Бізде болса әзірге акциз салығын енгізу жағы ғана қарастырылды!
Келер жылдан бастап ол күшіне енеді. Ал, шекпейтіндерді шегетіндерден қорғау мәселесінің әзірге шеті көрінбейді.

Талқылау