Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қорғаныс министрлігінің генералына қатысты сот қызу жүріп жатыр

Пара алды деп ұсталған Қорғаныс министрлігінің білдей генералына қатысты сот процесі қызу жүріп жатыр. Бұрынғыдай зал толы қатысушымен емес, онлайн режимде. Жалпы төтенше жағдай енгізілгелі бері қаншама адамның тағдыры қашықтан қаралып, шешіліп жатқаны белгілі. Біреулер сот отырысына балық аулап жүріп қатысса, генерал Көпбаевтың қорғаушылары айыптаулардың жала екенін дәлелдей алмай әлек.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабаралайды.

Адвокаттар аты шулы іс қажет болғандықтан ғана генерал қамауға алынуы мүмкін деген пікірде, әйтпесе арызданған бір ғана куәгердің сөзі айыптауға негіз болып отыр екен. Ол арызданушы туысын жұмысқа кіргізу үшін Көпбаевқа пара бергенін айтыпты. Алайда, өзге куәгерлер мұны жоққа шығарды, тіпті, арызданушының жұмысқа орналастырамын деген туысы да мұндай өтініш айтпағанын, қазір мүлде басқа салада еңбек етіп жатқанын мәлімдеген.

Генералдың қорғаушылары бұл істің өз пайдаларына шешілетініне үміттенеді.

"Өкінішке қарай, онлайн режимде өтіп жатыр. Адамның өзі тікелей қатыспағандықтан психологиялық, эмоционалдық тұрғыдан көп нәрсе ескерілмей қалады. Мысалы, осы іс бойынша басты куәгер өзі жала жапқан кісінің алдында отырып, ыңғайсыз жағдайға түсер ме еді. Ал қазір ол мүлде басқа қалада болуы мүмкін", - деді Қ. Көпбаевтың қорғаушысы Қанат Сәрсембаев.

Керек десеңіз қазір шетелде немесе демалып жүріп те сотқа қатысуға болады.

Ал 16 наурыздан бері мыңдаған істі қараған судьялар бір жағынан онлайн сот ыңғайлы деп отыр. Өйткені, көп адам жұмысынан сұранып немесе үйдегі шаруасын тастап әуреленбейді. Тек ұялы телефон мен интернет болса жеткілікті. 

"Ауылдық жерлерде интернет дұрыс ұстамайтын жағдайлар да кездесті. Ондай кезде, сотты кейінге қалдырып, қай жерде интернет дұрыс істейді, сол жерге баруына да мүмкіндік бердік", - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының судьясы Гүлдана Шарапатова.

Карантин болса да сотқа арыз берушілердің саны азаймапты. Тек Нұр-Сұлтан қаласында 16 наурыздан бастап 30 мыңнан аса азаматтық іс пен бір мыңнан аса қылмыстық іс қаралған.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр