Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кедейлік шегін анықтау енді басқаша қарастырылады

Қазақстанда кедейлік шегін басқаша анықтау жоспарланып отыр. Бұл жүйе бойынша негізгі басымдық ең төменгі күнкөріс мөлшеріне емес орташа табыс сомасына сай есептеледі деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Кедейлік шегіне байланысты ақпаратты "Костанайские новости" сайты жазды. Ондағы дерекке сүйенсек, бұл шекті анықтауда енді АҚШ және еуропалық тәжірибе қолданылады. Яғни қазіргідей ең төменгі күнкөріс деңгейіне қарап кедейлік шек есептелмейді, орташа табыс бойынша қаралады. Осылайша елдегі тұрмысы төмен отбасыларға мемлекеттен қолдауды барынша жақсарту көзделген. 

"Біз экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдерде қолданылатын тәсілдерді зерттедік. Бүгінде АҚШ-тағы кедейлік шегі орташа табыстың 40 пайызы, ал Канадада – 50 пайызы, Швеция, Норвегия, Дания, Австрия, Германия және Франция сынды елдерде 60 пайыз шегінде қарастырылады. Осы тәжірибені енгізуге ниеттіміз”, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова. 

Яғни биылғы жылдың 1 қаңтарынан кедейлік шегі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындауға жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанға есептелген ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайыз мөлшерінде берілетін болса, 2025 жылдан бастап жаңа жобаға сай медианды табыстың 50 пайызы шегінде қарастырылады. 

Елде ең төмен күнкөріс деңгейі 2023 жылы – 40 567 теңге болып бекітілді. Ал егер жаңа жоба бойынша қарастырсақ, онда орташа табыс – шамамен 204 мың теңге мөлшерінде. 50 пайызы жүз мың теңгеден асады. Демек, 2025 жылдан бастап Қазақстанда кедейлік шегі осы жүйемен есептелсе, 100 мың теңгеден аз табыс табатын отбасылар да кедей қатарына қосылып, мемлекеттен көмек алуы мүмкін.

 

Талқылау