Қазақстанда интернет алаяқтық үдеп кетті – депутат
Қазақстанда соңғы 5 жылда интернеттегі алаяқтық жағдайының саны 10 есеге артқан. Бұған күнделікті өмірде цифрлық желілерді кеңінен қолдану себеп болып отыр. Бұл туралы сенатор Амангелді Толамисов премьер-министрге жолдаған сауалында айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сенатордың сөзінше, соңғы 5 жылда интернеттегі алаяқтық жағдайының саны 10 есеге өсті. Бұған күнделікті өмірде цифрлық желілерді кеңінен қолдану себеп болып отыр. Сондықтан жеке адамдардың аты-жөні және олардың жеке сәйкестендіру нөмірлері сияқты мәліметтер пайдакүнемдік мақсатта қолданылуы мүмкін.
"Еліміздегі банктердің мобильді қосымшалары мен сайттары кез келген азаматқа ЖСН және жеке куәлік нөмірі бойынша салық пен айыппұл туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл азаматтардың дербес деректерін заңсыз пайдалануға әкелуі мүмкін. Азаматтардың құқық қорғау органдарына осындай жағдайлармен жүгінуін мысалға келтіруге болады. Зардап шеккендердің айтуынша, алаяқтар банктердің мобильді қосымшасы арқылы салық пен айыппұл қарыздары туралы ақпарат алып, кейін сол ақпаратты тарату арқылы оларды бопсалаған", – деді Амангелді Толамисов.
Депутаттың ақпараты бойынша, ЖСН болған жағдайда салық берешегінің, банкроттықтың болуы, өндіріп алушының аты-жөні мен ЖСН және сот орындаушысының мобильдік нөмірі туралы мәліметтерді алуға болады. Елімізде дербес деректерді беру үшін заң жүзінде жауапкершілік көзделген. Бірақ заң талаптары сақталмайды.
"Азаматтардың жеке деректерін пайдаланып интернет және телефон арқылы алаяқтық әрекет жасауға қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыру қажет. Атап айтқанда, киберқылмысқа, оның ішінде азаматтардың жеке деректерін пайдаланып жасалатын қылмыстарға кешенді талдау жүргізу, мұндай қылмыстарды алдын алуды ұйымдастыру және заңнамалық сипаттағы шараларды қабылдау аса маңызды. Сонымен қатар уәкілетті органдармен бірлесіп мекемеаралық ақпараттық топтар құру керек. Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту орынды. Бұл азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді", – деді сенатор.
“Қазақ әйелін аяққа таптайды, байлар жарысады: Тоқал алуды заңдастырудың соңы неге әкеп соғады?