Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ет бағасының қымбаттауының себебі неде?

Соңғы айда елімізде еттің қымбаттағаны көп айтылуда. «Ет дегенде бет бар ма» демекші, бұл баға жарықтықтықта да бет болмайды екен-ау деген ойға қаласың. Ежелден төрт түлікпен төрт құбыласын түгендеп келген қазақта ет қымбат дегеннің өзі ерсі естіледі екен. Замануи тілге салсақ – нонсенс. Малдың басы азайып кетті ме деп қынжылуға болар еді. 

Қазақстанда ет бағасының қымбаттауының себебі неде?

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды. 

«Бағаның қымбаттауы ет тапшылығына байланысты емес. Қазіргі уақытта көлем бойынша нақты қолжетімділік қамтамасыз етілген. Ішкі тұтынуда отандық өндірістің үлесі сиыр және жылқы еттері бойынша 98 пайыз, қой еті бойынша 102 пайызды құрайды», - дейді АШМ-ның мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Нұрбала Аймаханова. 

Тапшылықты қайдам, жыл басынан бері сиыр етін өндіру 3,6 пайызға, қой 4,7 пайыз,  жылқы 5 және құс еті 14 пайызға өскен. Бірақ соған қарамастан еттің бағасы 13 пайызға қымбаттап отыр. 

Бұл еттің ғана мәселесі. Оған астықты, бидай және бидай өнімдерін, дақылды өсімдіктердің кей түрінің бағасы өскенін қосып қойыңыз. Ол аз десеңіз алдағы уақытта нанның құны да құтырып шығуы мүмкін дейді сарапшылар. 

Қызыл тістемесе асқазаны өкпелейтін қазекеме қайтпек керек енді. Қайтсін, алады да. Ішкі сұранысты 98 пайыз ірі қараның еті қамтыса, ет тапшы деп кім айтады? Әлде мал аз ба? Статистика не дейді?

Бүгінгі таңда елімізде республика бойынша 7 млн 200 мың бас ірі қара мал бар. Оның ішінде асыл тұқымдысы – 824 мың бас. Ет беретін асыл тұқымдасы – 539 мың. Қой санына келсек 16 млн 400 мың, оның ішінде асыл тұқымды қойлардың саны – 2,5 млн. Сондай-ақ, жылқының саны дәл қазір 2 млн 700 мың басты құрайды, оның ішінде 197 мың бас асыл тұқымды жылқы екен. Сондай-ақ, түйенің жалпы саны 20 мыңнан асады. 

Артық демесек те, мал басының кем емес екені анық. Оның бергі жағында үкімет осы айдан бастап жарты жыл мерзімге шетелге мал және ет сатуды доғара тұруды шешкен. Мал басын кемітпес үшін. Сөйтсе де құдды бір тапшылық туғандай ахуал орнап тұр қазір.

«Баға жылдан жылға өсіп жатыр, ет азайып жатқандай болып көрінеді. Біз 1800 теңгеден сатып алғанда, 100-150 теңге қосамыз. 2000 мыңнан жоғары болып кетті. 2300-2400 теңгеге көтеріліп кетеді. Қазір табысымыз аз, жалға алу ақысы, бәріне төлеуге аздау. Оның бәрі білініп қалды», - дейді сатушы Айткүл Аханқызы.

Ет қымбат. Шаруаларға кінә артатын емес. Шығын шексек те қолжетімді бағаға беріп жатырмыз, дейді. Ауылдан шыққан ет қаладағы дүкен сөрелеріне жеткенше, баға еселеніп кетеді, жем-шөпті ескерген біреу бар ма, деп налиды.

«Бір сиыр 1 арба шөп жейді. Оған 500 келі жем керек. Оның пайдасын делдалдар көреді», - дейді шаруа қожалығының иесі Қуан Акимжанов. 
Алып-сатар делдалдардың пысықайлығы нарықтық қоғамда бағаның өсуіне басты себеп деп ұғынатымыз бар. Солай болған күннің өзінде, еттің қымбаттауына тағы бір тың себеп туындапты. 

«Мал азығының қымбаттауы әсер етуі мүмкін. Өйткені мал бордақылауда астықты мал азығы көп қолданылады. Бұл өздеріңізге белгілі, былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылы астықтың бағасы 43 пайызға қымбаттады. Ал мал азығы ол ет өндірісінің өзіндік құнының 60-65 пайызын құрайды», - дейді АШМ-ның мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Нұрбала Аймаханова.

Міне қараңыз, астық қымбаттап кетіпті. Жылына 20 млн тоннадан егін оратын елімізде бидай бағасының өскеніне жол болсын. Парадокс. Үкімет үйінде де бұл сұраққа бас қатырды шенді-шекпенділер.

«Алдын ала есептеулер бойынша, ағымдағы жылы дәнді және дәнді бұршақ дақылдарының өнімділігі бункерлік салмақта 19 млн тоннаны құрауы мүмкін. Бұл 2018 жылғы өніммен салыстырғанда 2 млн тоннаға кем», - дейді ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Экономистердің айтуынша, азық-түлік пен ішіп-жемнің қымбаттауына бірнеше себептер бар. Бірақ бастысы мынау.

«Негізгі себеп, бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік көмектің, әлеуметтік шығындар мен трансферттердің артуы деп айтушы едім. Себебі осы жаздың өзінде қаншама адамның несиесі кешірілді. Одан кейін құқық қорғау қызметкерлерінің жалақысы артты. Содан кейін зейнеткерлердің зейнетақысы көтерілді. Енді осы жаңа жылға дейін білім саласы мамандарының жалақысын арттырсын деген тапсырма болып жатыр», - дейді экономист Мақсат Халық. 

Әрине, әлеуметтік трансферттер 0,5 пайыз ғана деп ақталды бас банктегілер, бірақ жалақы, зейнетақы немесе жәрдемақы сәл-пәл жоғарылап, тиын-тебен қосылса болды, делдалдардың делебесі қозып шыға келетіні бүгін ғана емес қой. Сондықтан осы бағытта шаралар қажет.

«Жаңадан несие беру, жаңағы қаржылай көмек дейміз ғой, сондай бағдарлама жүзеге асатын болады. Ішкі ереже енді қабылданды. Қаржылай көмек, пайызсыз деп айтуға болады. Оларға біз қаржылай береміз. Ал желілер бізге бағаны тұрақтандыратын іс-шараларды көрсететін болады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрақтандыру қорының директоры Ризагүл Муслимова. 

Ал етке келсек. Қаланың сыртында демесең, көтерме базарларда ол әлі арзанырақ. Мәселен сиырдың қабырға еті 1600, сан еті 1700-1800 теңгеден. Айтуларынша, бұл жерден делдалдар ғана емес, қала тұрғындары да ала береді. Сатушылардың өздерінің баға саясаты бар екен. 

«Қымбаттау алып қалса, біз осындай қымбаттау алдық деп айтады. Бірақ біз сол тұрақты бағаны ұстаймыз. Өйткені бүгін 100 теңгеге қымбаттап кетсе, біз бірден қымбаттатпаймыз. Сол бағамен жүре береміз. Өйткені бұл базар ғой. Бірде олай, бірде бұлай. Бірдей ұсталмағандықтан, біз клиенттерімізден айырылып қаламыз», - дейді сатушы Зәбира Төреханқызы.

Дәл осы тәжірбиені өзге де сауда нүктелері қолданса, құба-құп болар еді. Және бұл тек ет сатушыларға ғана қатысты емес. Үкімет алдағы уақытта бағаның тұрақтануын бір жақты етеміз деп отыр. Тек жыл соңын ала, жаңа жыл қарсаңында баға қайта бас көтеріп жүрмесе игі. 

Талқылау