Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Биліктің сәтсіз саясатының нәтижесі": Қазақстан бала тәрбиесі бойынша неліктен артта қалды?

Қазақстан «Бала тәрбиесі жөнінде ең жақсы елдер» рейтингісінде 73-орынға ие болды. Яғни, 80 ел арасында өткізілген рейтингтің соңында тұр. Бұған не себеп? Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қазақстандағы балалар тәрбиесінің төмендеп кетуіне не себеп, сарапшылардың жауабын тыңдады. 

бала

"Балаларды тәрбиелеудегі үздік елдердің рейтингі" жаһандық сауалнамасы 80 ел арасында жүргізілген. 

"Немолчи" қоғамдық қорының өкілі Дина Таңсәрі бұл рейтинг еліміздің сәтсіз саясатының нәтижесін көрсеткенін және Қазақстанның бала тәрбиесі жағынан 80 мемлекеттің ішінде соңғы орында болғаны таңқалдырмайтынын айтты. Оның ойынша, бала тәрбиесінен бөлек білім бойынша да біз алдыңғы орында тұрған жоқпыз және біздің мемлекетте балалар құқығы қорғалмайды.

"Жасөспірімдер арасында суицид жоғары. Басқа да мәселелерді тізіп отыратын болсақ, көп. Мектепте оқушыларға жыныстық қарым-қатынас тәрбиесі берілмейді. Білім беру бағдарламалары халықаралық стандартқа сай ма,  ата-аналар мен балалардың қажеттілігін өтей ала ма? Сеніммен айта алмаймыз. Елде алған біліммен ертеңгі күні шетелде жұмыс істей аламыз ба? Біздің мемлекетте кез-келген адамның жоғары білім алуына мүмкіндігі жоқ. Өйткені ҰБТ жүйесі бойынша бірнеше балаға ғана тегін оқу бұйырған. Жұмыс берушілер Қазақстанда білім алған студенттің қасында шетелден келген адамды жұмысқа алғанды жөн көреді. Бұл барлығымызға белгілі нәрсе. Неге көп жасөспірімдер өз-өзіне қол жұмсайды? Өйткені бізде балалар құқығы қарастырылмаған. Балалар баршылықта өмір сүргісі келеді. Бірақ бізде жемқорлық жайлаған. Шетелде білім алып келгеннің өзінде мемлекеттік жақсы қызметке орналасудың өзі таныс арқылы жүзеге асады", - деп сұхбат беруші елдегі өзекті мәселелерді көтерді.

Елімізде зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалар құқығымен айналысып жүрген қоғам белсендісі рейтингті әділ санайытынын және бұл "биліктің сәтсіз саясатының нәтижесі" деген бағасын берді.

"Қатарласының әкесі керемет жерде отырғанын көрген бала кішкентай кезінен бастап-ақ өзінің мүмкіндігі аз екенін біліп өседі. Содан барып ол болашағына күмәнмен қарайды, ешқандай үміт күтпейді. Бірақ мектепті кеше ғана бітірген бала үйдің төбесінен секіріп немесе арқанға асылмауы қажет. Балаларына алимент төлемей жүрген қаншама әке бар. Барлық ауыртпалық ананың мойында қалады. Премьер-министр орынбасары Бердібек Сапарбаев баланы кішкентай кезінен бастап еңбек етуге тәрбиелеу керектігін айтады. Бірақ біздің балалар екі-үш жерде жұмыс істесе де, отбасын, өзін толықтай материалдық қамтамасыз ете алмайды. Өйткені ертеңгі күні кімнің басына не келетінін білмейміз. Қиын жағдайда мемлекет бізге көмектескен емес", - деп налиды Дина.

Ол өзінің тәжірибесіндегі мысалмен бөлісті: "Мысалы, қазір біз педофилден зардап шеккен балалармен жұмыс істеудеміз. Зорлық көрген бала мектеп ауыстырып, ауылынан қоныс аударуы керек болады. Зорлық ол бала үшін ең қайғылы жағдай. Бірақ осындай кезде оған мемлекет келіп көмектескен емес. Сондықтан да тағы қайталап айтамын, бұл біздің биліктің сәтсіз саясаты. Мүгедек балаларға да ешқандай жағдай жасалмаған. Оларды шетелге апарып емдету үшін халық өздері ақша жинап жатыр. Ал мемлекеттен еш көмек жоқ", – дейді Дина Таңсәрі. 

Қазақстандағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин ай сайын төлеп отырған салық балалардың игілігіне жұмсалуы қажет дейді. 

"Бұл рейтингті кімдер жасады, қалай жасалды одан хабарым жоқ. Тек жиырма адам ғана қатысқаны туралы ақпарат алдым. Сол себептен де бұл рейтингке байланысты дұрыс не бұрыс деп ештеңе айта алмаймын. Бірақ бала тәрбиесі мен үшін әруақытта өзекті мәселе. Өйткені елдің болашағы осы өскелең ұрпақтың қолында. Сол себептен де әр баламыз кішкентай жасынан бастап-ақ болашақта кім болғысы келетінін біліп өссе деймін. Осы мәселеде Қазақстан жұмыс жүргізу керек деп ойлаймын. Біз балаларымызды дамытуға көп күш салуымыз қажет. Оларға тек білім ғана беріп қоймай, қосымша музыка, спорт, ғылым салаларын да сіңіру керек. Тек мектеп білімімен ғана шектеліп қалмаса деймін. Мысалы, балаңыз математиканы ұнатпайтын шығар. Бірақ қосымша музыкаға барып жүрген ол кейін атақты музыкант болуы мүмкін ғой", - деген сенімде Саин.

Омбудсмен қазір еліміз үшін табиғи ресурстарға деген тәуелділікті азайту керектігін алға тартады. Себебі күндердің күнінде жерасты қазба байлықтар таусылғанда қала өмір сүретінімізді білмей қалуымыз мүмкін. Сондықтан қазіргі басты міндет экономиканы дамытып, оның тәуелсіздгін сақтап қалу дейді Саин. Ол үшін табиғи байлығы жоқ, бірақ дамыған елдердің үлгісін алуымыз керек.

"Табиғи байлықтары жоқ елдер де бар. Бірақ олардың экономикасы әлем бойынша алдыңғы қатарда келе жатыр. Біздің мемлекетті басқа елдермен салыстырғанда жағдайы жақсы. Бізде ақша бар. Бірақ ол қайда кетіп жатыр? Қайда жұмсап жатырмыз? Ақша спортқа, нәтижесіз іс-шараларға кетіп жатыр. Елбасы және қазіргі президентіміз де имидждік іс-шаралар өткізуге қарсылықтарын білдіруде. Біз ай сайын салық төлеп жатырмыз. Ата-ана ретінде бюджетке салып отырған салығымыздың қайда жұмсалып жатқанын білуге құқымыз бар. Сол қаржыны балалар үйірмесіне аударса қандай керемет болар еді", - дейді ол.

Балалар құқығы бойынша омбудсмен егер бала өзінің сүйген ісімен айналысса, онда оның болашағы жарқын болатынына сенімді.

"Психологиялық тұрғыдан да дені сау азамат болып өседі. Қандай да бір мәселе туындағанда үйдің төбесінен секіріп немесе өзіне қол жұмсауға бармайды. Ұрлықпен, қылмыспен айналыспайды. Ал бүгін дұрыс қалыптаспаған баланың ертеңгі күні кім болатыны белгісіз. Егер салық біздің балаларымыздың үйірмелеріне жұмсалатын болса, онда отбасының материалдық жағдайы да жақсарады. Сол себептен біз болашақта іргесі биік ел болғымыз келсек, балаларымызға жағдай жасауымыз қажет", – дейді Аружан Саин. 

Тәуелсіз режиссер Жанна Исабаева Қазақстанда, әсіресе ауылдық жерлерде балаларға деген қарым-қатынас өте төмен деңгейде екенін атады. 

"Қазақстанда балаларға деген қарым-қатынас нашар. Мұндай жағдайлар әсіресе ауылдық жерлерде кездеседі. Баланың намысына жиі тиеді, ұрып-соғады, жеке тұлға ретінде қарамайды. Балаларға ешқайсысы ұйықтар алдында ертегі оқып бермейді. Олар өз-өздерімен өсіп жатыр. Сол себептен де жеткіншек жастағылардың арасында суицид жасаудан Қазақстан алдыңғы орында", – деп жазды Жанна Исабаева өз Facebook парақшасында.

Бірнеше шулы картиналарымен белгілі Исабаева қоғамдағы көкейтесті мәселелерге қатысты әлеуметтік желілерде өзі пікірін білдіріп отыр. Режиссер қазір АҚШ-та тұрады. 

Талқылау