Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақылға қонбайды": Қазақстан Левиттің жекпе-жегіне қатысты AIBA-ға хат жолдады

Қазақстан бокс федерациясы АІВА президенті міндетін уақытша атқарушы Мұхаммед Мустасанға хат жолдады. Хатты ұлттық олимпиада комитеті жариялады. Олар өз кезегінде Ресейдегі әлем чемпионатының жартылай финалында Василий Левит пен эквадорлық боксшы арасында өткен жекпе-жектің нәтижесіне күмән келтіретінін жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

ЛевитСурет: Olympic.kz

«Іріктеу айналымдары кезінде төрешілердің бірнеше мәрте күмән келтіретін шешім қабылдағанын көрдік. Ал әлем біріншілігінің жартылай финалындағы 91 келідегі қазақстандық Василий Левит пен эквадорлық Хулио Цезарь Кастилльо Торрес арасындағы кездесудің шешімі тіпті ақылға қонбайды", - деп жазды ҚФБ атқарушы директоры Бекжан Бектеновтің хатында.

Әрі қарай ол Олег Саитов, Алексей Тищенко, Егор Мехонцев және Григорий Дрозд сынды шетелдік мамандарың өзі бұл сында Василий Левиттің жеңіске жеткеніне сенімді екеніне тоқталды. 

«Үш раунд бойы қазақстандық боксшысының басым болғанын көзі қарақты жанкүйердің бәрі байқады. Алайда АІВА төрешілері неліктен мұндай шешім қабылдағанын түсіндірген жоқ. АҚШ, Оңтүстік Корея және Угандадан келген үш төреші жеңісті эвкадорлық боксшыға берген. Тіпті оңтүстіккореялық төреші Левиттің қарсыласына 30:27 есебімен жеңісті берген! Трибунадан тамашалаған жанкүйерлерге кездесу толықтай көрінбеуі мүмкін, бірақ сарапшылар телевизиялық және интернет көрсетілім арқылы жекпе-жекті қайта қарап, Левитті жеңімпаз деп танып отыр.

Жаңа ережеге сәйкес, бапкерлердің шағым түсіріп, төрешілер шешімін қайта қарауға мүмкіндік бар. Бірақ эквадорлық боксшының қолын көтергенде өз көзіне сенбеген жаттықтырушылар эмоцияға ерік беріп, шаршы алаңнан кетіп қалған. Бірнеше секундтан соң шағым беруге келген бапкерді төрешілер алқасы қабылдамай қойды. Қадірлі Мустасан мырза, мұндай жағдай біздің басымыздан бірінші рет өтіп отырған жоқ. Рио Олимпиадасындағы Евгений Тищенко мен Василий Левит арасындағы жекпе-жек есіңізде шығар?! Төрешілердің өте ұят шешім қабылдағаны бокс мәртебесіне сызат түсіріп, аталған кездесуді бүкіл әлем талқылаған болатын.

Осыдан соң АІВА тұтастай реформа жасап, төрешілерді қайта қарайтынын, жемқорлықтың жолын жабатынын мәлімдеген еді. Алайда Екатеринбургтегі әлемдік сында АІВА бұл уәдесінде тұрмады. Қазақстан ұзақ жылдар бойы АІВА бастамаларын қолдап, тіпті үздік федерация атанды. Бүгін финалдық бәсекелер қарсаңында сізден әділ әрі таза төрешлікті қамтамасыз етуді сұраймыз. Әлем чемпионаты аяқталған соң Қазақстан бокс федерациясы АІВА жарыстарындағы төрешілікке қатысты ресми түсінік сұрайды және Сізден қандай шаралар қабылданғанын жеткізуді сұрайды», - делінген аталған хатта. 

Естеріңізге сала кетсек, Левит пен қарсыласының жекпе-жегі небәрі үш раундқа созылған еді. Артынша төрешілер жеңісті эквадорлық боксшыға берді. 

Талқылау