Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан халқы Еуроодақ елдерінің арасында ең бақытты болып шықты

Ең бақытты елдер рейтингінде Финляндия тұрғындары көш бастап тұр. Аталған ел өткен жылы да тізімде бірінші орыннан көрінген. Ал Қазақстан тізімде 60-орынға жайғасты. Әлем елдерінің бақыт деңгейі бойынша рейтингінде (World Happiness Report) осындай мәлімет көрсетілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz сайтына сілтеме жасап. 

Қазақстан халқы Еуроодақ елдерінің арасында ең бақытты болып шықты

Бақыт деңгейі бойынша алғашқы бестікке Дания, Норвегия, Исландия және Нидерланды мемлекеттері кірді. Жалпы, аталған тізімге әлемнің 156 елі кірген. 

Қазақстан тұрғындары Еуразиялық экономикалық одақтың құрамындағы елдерден бақыттырақ болып шықты. Мысалы, Ресей тізімде 68-орынға жайғасса, Беларусь – 81, Қырғызстан – 86, Армения – 116-орында. 

Ал ең бақытсыз адамдар Оңтүстік Судан, Орталық Африка Республикасы, Ауғанстанда тұратын көрінеді. 

Аталған тізімді құрғанда жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы деңгейі, адам өмірінің күтілетін ұзақтығы, азаматтық еркіндігі, қауіпсіздігі және ертеңге деген сенімділігі, отбасылардың тұрақтылығы, жұмыспен қамту кепілдігі, жемқорлық деңгейі, сонымен қатар сенім, қайырымдылық, жомарттық тәрізді қоғам ахуалының қосымша көрсеткіштері ескерілген. 
Жоғарыда аталған статистикалық мәліметтер мен қосымша көрсеткіштерден бөлек, зерттеудің басым бөлігін әр ел тұрғындарының өзін қаншалықты бақытты сезінетіні туралы қоғамдық пікірі құрайды. 

Жыл сайын ҚР статистика комитеті «Халықтың өмір сапасы» сауалнамасы бойынша тұрғындар арасында сауалнама жүргізеді. Аталған зерттеуге қарағанда, сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы өз өміріне разы. 
Ал өткен жылдағы осындай зерттеулермен салыстырғанда, өміріне қанағаттану деңгейі артқан. Бұл деңгей 2018 жылы 56,6%-ды құраған екен. Биылғы жылы тағы 39,2% респондент өміріне ішінара риза болса, тек 0,7%-ы қанағаттанбайтынын айтыпты. 

Айта кету керек, қаламен салыстырғанда (54,4%), ауылдық жерлерде (69,3%) өміріне разы тұрғындар көп болып шықты. Сауалнамаға қатысқан ер адамдардың 61,8%-ы, ал әйелдердің 58,5%-ы өміріне қанағаттанады. 

Ал жас мөлшеріне қарай сараласақ, бәрінен де 15-17 жастағы жастар (68,2%) өміріне разы екен. Ал 18-28 жастағы тұрғындарда аталған көрсеткіш 65,8%-ды құрады.

Материалдық ауқаттылығы бойынша, сауалнамаға қатысқандардың 68,8%-ы өздерін орташа қамтылған деп атады. Респонденттердің 0,4%-ы ең төмен деңгейде қамтылғанын айтса, тек 0,3%-ы материалдық ауқаттылығын жоғары деп көрсетті. 

Респонденттердің 59,7%-ы әл-ауқаты тұрақты күйде қалғанын жеткізді. Ал 36,4%-ының әл-ауқаты жақсарып, 3,9%-ында төмендеген. 

Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 32,2%-ы өз қауіпсіздігіне сенімді болса, 52,2%-ы ішінара сенімді. Ал 9,4%-ы сенімсіз екенін жеткізді. 

Сондай-ақ, қаржылық ахуалы бойынша, респонденттердің 35,9%-ы өзінің қаржылық ахуалына қанағаттанатынын, 61,5%-ы ішінара қанағаттанатынын, 1%-ы қанағаттанбайтынын көрсеткен. 

Талқылау