Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақмыстың" Ұлытау облысындағы су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылады

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ұлытау облысындағы Кеңгір су қоймасының мемлекеттік меншікке қайтарылатынын жеткізді. Су қоймасы бұрын "Қазақмыс" корпорациясына тиесілі болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Министрліктің мәліметінше, бүгінде су қоймасын мемлекетке беру процесі аяқталуға жақын. Осы жылдың соңына дейін объект су ресурстары және ирригация министрлігінің "Қазсушар" республикалық кәсіпорнының балансына көшеді.

"Кеңгір су қоймасы аймақтағы судың негізгі көзі. Жергілікті тұрғындар бұл судың сапасына, оның ұтымсыз пайдаланылуына және онымен байланысты экологиялық мәселелерге алаңдайды. Нысандағы гидротехникалық құрылыстар апатты жағдайда тұр. Су қоймасын мемлекет меншігіне қайтарып, бірінші кезекте бар мәселелерді шешу бойынша көп факторлы зерттеу жүргіземіз", – деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.



Кеңгір су қоймасы – Ұлытау облысындағы ең ірі қойма. Оның көлемі – 319 миллион текше метр. Ол көпжылдық ағынды реттеуді жүзеге асырып, энергетика және суару үшін қолданылады. Су қоймасы 1952 жылы салынып, екі жылдан кейін толтырылды.

Талқылау