Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қауіпті іс": Министр Арыстағы әскери қызметкерлердің жұмысы туралы

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласының маңындағы полигонда көз жұмған әскери қызметкердің өліміне қатысты пікір білдірді. Сонымен қатар ол өңірдегі ахуал туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Еске сала кетсек, 11 қазанда Арыс қаласының маңындағы полигонда оқ-дәрі бөлшектері ерте жарылып кетіп, салдарынан әскери қызметкер көз жұмған еді. Өз кезегінде қорғаныс министрі марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтты.

«Олардың қайғысына ортақпыз. Бұл тек Ақышевтар отбасы үшін емес, бүкіл Қарулы күштер үшін орны толмас қайғы», - деді Ермекбаев үкімет кулуарында.

Сонымен қатар Нұрлан Ермекбаев Арыстағы ахуалға қатысты баға беріп, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Министрдің сөзінше, өңірдегі қалған оқ-дәріні шығару үшін, 700-ден аса әскери қызметкер тартылған. Біз тек жоғары білікті, дайындалған саперлер, инженерлер мен әскери полицейлерді тартудамыз, дейді.  

Бұл орайда министр әскери қызметкерлердің бүкіл жерде, яғни қала аумағында, қала сыртында және полигон аумағында жұмыс істеп жатқанын атап өтті. 

«Арыс маңында қалған оқ-дәрінің нақты санын айта алмаймын. Бұл жабық ақпарат. Әскери қызметкерлер барлық жерде жұмыс істеп жатыр. Алайда қазір қала тұрғындарына төніп тұрған қатер жоқ. Қала толықтай дерлік тазартылды. Негізгі жұмыстар жарылыс болған әскери бөлім аумағында жүргізілуде», - дейді қорғаныс министрі. 

Сондай-ақ, Ермекбаев жүргізіліп жатқан жұмыстардың қатерлі екенін айтты. Бұл жұмыстарды әскери қызметкерлерден басқа ешкім жасай алмайды.

«Әскери қызметкерлері Арыс тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етіп, алға қойған мақсатты орындау үшін, саналы түрде өмірін қатерге тігуде. Бұл жұмыстарды әскери қызметкерлерден басқа ешкім жасай алмайды. Ол үшін жоғары білікті, дайындалған мамандар қажет. Өз атымнан ғана емес, әскери қызметкерлердің де атынан бұл тақырыпты өз атын шығару үшін пайдаланып, жағымсыз пікір жазбауды, керісінше, әскери қызметкерлерді моральдық тұрғыда қолдауды сұраймыз. Олар жұмыс істеп жатқан жағдай оңай емес. Қауіпті жұмыс», - дейді қорғаныс министрі.

Талқылау