Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспий теңізі таязданып барады: Ғалымдар дабыл қақты

Өткен 16 жылда Каспий теңізіндегі су деңгейі шамамен 1,5 метрге төмендеген. Ғалымдардың болжауынша, судың одан әрі таяздануы қоршаған ортаға ғана емес, экономикаға да бірқатар әсерін тигізеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.

каспий таяздану

Бүгінгі таңда бүкіл Каспий аймағы су деңгейінің шамадан тыс төмендеу мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Географиялық тұрғыдан бұл негізі теңіз емес, ауданы 371 мың шаршы шақырым болатын әлемдегі ең үлкен көл. Бірақ жыл өткен сайын оның көлемі азайып бара жатыр. 90-шы жылдардан бастап оның деңгейі жыл сайын бірнеше сантиметрге таязданған.

"Каспийдегі су деңгейінің төмендеу белгісі екі метрге жетеді деп күтілуде. Әрине, жағдай бәрінен бұрын акваториясы соншалықты терең емес Каспийдің жағалау аймақтарында орналасқан мемлекеттерге кері әсерін тигізеді. Бұл, атап айтқанда, солтүстік облыстардағы – Қазақстан мен Ресей, ол жердегі тереңдік 1,5 метрге жетеді немесе одан да таяз. Бұл жағдай Каспий теңізінің экологиясына да кері әсер етеді. Бұдан бөлек, облысымызда орташа жылдық температураның шамамен градусқа артуы да біршама кедергісін келтіреді", - дейді "Оңтүстік Кавказ" саясаттанушылар клубының жетекшісі Ильгар Велизаде.

Әзірбайжандық ғалымдардың пайымдауынша, таяздану тек биологиялық емес, климаттық себептерге де байланысты. Біріншіден, бұл соңғы жылдардағы жауын-шашынның аздығы және олардың тез булануынан болып отыр. Каспийдің тайыздануына суы азайған Еділ өзенінің де қатысы бар. Ал су деңгейінің мұндай төмен болуының басты себебі - Солтүстік жарты шарды шарпыған жаһандық жылыну.



Әзірбайжан аумағындағы өзендерде де тұрақсыз жағдай байқалуда. Құр және Араз өзендерінің жоғарғы ағысында жауын-шашынның азаюы судың жиналуына әсер етеді. Мамандардың сөзінше, Каспийдегі су деңгейінің төмендеуі қанша уақытқа созылуы мүмкін екенін нақты болжау мүмкін емес.

"Каспийдегі су деңгейінің төмендеуін табиғи процесс деп қарау керек. Акваторияның ұлғаюы да, азаюы да жағымсыз салдарға әкелетіні сөзсіз. Ең алдымен, барлығы ауыл шаруашылығы мен балық аулауға, теңіз порттарының жұмысына және теңіз жағасындағы туристік нысандарға кері әсерін тигізеді. Каспийдің деңгейі төмендеген сайын жер асты сулары да азаяды, бұл өз кезегінде жануарлар әлемі өкілдерінің тіршілік ету ортасының тарылуына және олардың қоректену ортасының тарылуына әкеліп соғады. Су деңгейінің мұндай күрт төмендеуі жүк тасымалдау көлеміне де әсерін тигізеді. Сондықтан қазіргі уақыттан бастап шаралар қабылдауды бастау қажет", – дейді Баку мемлекеттік университеті Каспий ғылыми орталығының жетекшісі Шыңғыс Исмаилов.

Ғасырдың соңына қарай Каспий теңізіндегі су деңгейі 9-18 метрге, ал су қоймасының ауданы үштен біріне азаюы мүмкін. Мұндай көңіл түсіретін болжамдарды Германия мен Нидерланды ғалымдары айтты. Олардың пікірінше, мұндай жағдай апат болуы мүмкін. Каспий теңізінің қаншалықты тартылғанын бір кездері Бакудегі жағдай суреттей алады, онда қазіргі бульвардың орнында су болған.

Талқылау