ІРІ КӘСІПКЕРГЕ АЙНАЛҒАН ҚАРАПАЙЫМ ҰСТАЗДЫҢ ОҚИҒАСЫ
«Кәсіпті халықтың игілігі үшін ашу маңызды».
Жеке кәсіпті өз басының пайдасы үшін емес, халықтың игілігі үшін ашқан кәсіпкерлерді білесіз бе? Ондай адам жоқ деп сенбеуіңіз де мүмкін. Алайда адамдарды қуантуды өмірлік мақсатына айналдырған кәсіпкерлер арамызда көп-ақ. Солардың бірі Түркістан облысы Ынтымақ ауылында тұрады.
Ұстаздан кәсіпкерге дейін
Болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатып, бар мейірімін кішкентай балаларға арнағысы келетін жандардың бірі - Салтанат Мадалиева. Оның жүрек түкпірінен шыққан бұл арманы өмір жолын айқындауға көмектескен. Бүгінде ол 3 балабақша мен 2 мектепті басқарып отырған жеке кәсіпкер.
Өзі Қызылорда қаласының тумасы, жоғары білім алып, өз жолын табу үшін көрші аймақ Түркістандағы училищеге оқуға түседі. Алғашқыда еңбек жолын балабақшадан бастайды. Бұл кезең еліміздің тәуелсіздік алуымен тұспа-тұс келіп, Салтанат Сабырқызы да тоқырау жылдардың қиындығын көреді, жұмысынан айырылады. Дегенмен кері шегінбей одан әрі алға қадам басып, білімін жетілдіруге ұмтылады. Осы мақсатпен алдымен Түркістанда, одан кейін Алматы қаласында «Бастауыш сынып мұғалімі» және «Қазақ тілі мұғалімі» бойынша білім алып, өзі көптен қалаған мектепке жұмысқа кіреді. Осылайша, кейіпкеріміз мемлекеттік мектепте 30 жыл табысты қызмет етеді.
«Бірақ мемлекеттік мектепте жұмыс істеудің өзіндік қиыншылықтары бар. Сол кезде: «Шіркін, өзімнің мектебім болса, мұғалімдерді қинамаушы едім» деп армандайтынмын», - дейді ол.

Адамды арман адастырған ба? Салтанат Сабырқызын да көкейіндегі ойы адастырмай, жеке кәсіп бастауына жол ашқан. Оның таңдаған кәсібі де өзгелерден ерек болды. Балабақша мен мектеп ашу. Әрине, кәсіптің бұл түрін көз жұмып бастап кету оңай емес. Сондықтан, нар тәуекелге бел буған ол, ең алдымен, тәжірибе жинауға шешім қабылдайды. Танысы ашқан балабақшаға әдіскер болып жұмысқа кіреді. Тіпті, осы жұмыс үшін мектептен ақысыз еңбек демалысына да шығады.

Осылайша, арманы мен қабілет-дарыны бір жолда тоғысқанын түсінген Салтанат Сабырқызы көп ұзамай білек сыбана жұмысқа кіріседі.


«Ауылымызда ескі балабақша болды. Халықтың көңілі толмайтын. Сөйтіп, 2017 жылы балабақша аштым. Осы ауылдың тұрғыны болғандықтан, ең алдымен, жұмысқа әлеуметтік жағдайы төмен, қиындық көріп отырған қыз-келіншектерді алдым. Ол кезде ғимаратты жалға алып отырдық», - деді кәсіпкер.

Бүгінде Салтанат Сабырқызының 3 балабақшасы бар. Өзі тұратын Ынтымақ ауылы мен көрші Төбе ауылындағы балабақшаларында 200 бала бар. Сондай-ақ, Түркістан қаласында 75 орындық балабақшасы жұмыс істеп тұр. Қазір өз үйіне жапсарлас тағы бір балабақшаның құрылысын бастап қойған екен.



Ал мектеп ашу туралы шешімді 2021 жылы қабылдаған. Ауылда салынып қойған мектеп ғимаратын қымбат болса да, жалға алып, бастауыш сыныптарды қабылдай бастайды. Бір жыл бойы мектеп шығындарын өз қалтасынан төлеп отырады. Тек 2022 жылы ғана қажетті қаржыны ала алады. Қазіргі таңда бастауыш мектепте 110 бала оқиды. Оларды 22 мұғалім тәрбиелеп отыр.

«Оқушыларыммен мақтанамыз. Биыл 4-сынып оқушыларым ОЖСБ тапсырды. 2 бақылаушы келді. Бізді ішке мүлде кіргізбеді. Бірақ оқушыларымыз жарады, 68 пайыз білім көрсеткішін көрсетті. Білім бөліміндегілер мемлекеттік мектептерден әлдеқайда жақсы нәтижеге қол жеткізгенімізді айтты. Бұдан бөлек те, оқушыларымыз түрлі байқаулардан жүлделі оралады», - дейді іскер ханым.

Биыл Салтанат Сабырқызы жоғары сыныптарға арналған мектепті ашпақ ниетте. Құрылыс жұмыстары да аяқталуға жақын қалған. Жаңа оқу жылынан бастап ғимарат кабинеттері оқушыларға толады.

Айта кетерлігі, кәсіпкердің тігін цехы да бар. Мұнда қызметкерлер балабақшаға қажетті заттарды өздері тігеді. Арасында басқа балабақшалардан тапсырыс та қабылдайды. Алдағы уақытта цехты жоғары сынып оқушыларына арналған үйірме ретінде пайдалану жоспары да бар.
«Керек кезде, қолдау таптым»
Кәсіпкер жалға алып отырған жерінде шығын көп болған соң үйінің жанынан құрылыс бастап кетеді. Алайда оған балабақша ашу да, мектеп ашу да оңайға түспеген. Мемлекеттік бағдарламалардан да, банктерден де қайыр болмаған. Керек сәтте қолдауды тек KMF компаниясынан тауыпты.
«Негізі, KMF-тен бұрын да несие алып, оны жауып жүретінмін. Жұмысты жандандыру туралы ой басыма келгелі, уақыт создырмай, бастап кетуге талпындым. Сосын, осы KMF-ке барып, өтініш қалдырдым. Аз уақыттың ішінде 30 млн теңге алдым. Бұл компанияның қызметі ұнайды. Біздің жақтағы филиалында басшыларынын бастап, қызметкерлеріне дейін көмектесуге дайын тұрады, бәрі қарапайым», - дейді ол.
«Мақсатым - адамдарды қуанту»
Кейіпкеріміздің қайсы бір кәсібін алып қарасақ та, олардың әлеуметтік жоба екенін оңай аңғаруға болады. Балабақшаға да, мектепке де бірінші кезекте әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларын қабылдайды. Ақшасы болмаса, тегін қатынауға мүмкіндік береді. Тіпті, алдына келген бөтен отбасының 5 баласын өз үйіне тұрғызуға да келісіп, 10 күн бойы қарап берген.
«Жүрегім жұмсақ, оны бәрі айтады. Бірақ Алланың берген несібесі бәрімізге жетеді. Негізгі мақсатым - пайда көру емес. Мақсатым - адамдарды қуанту», - дейді кәсіпкер.
Қазіргі таңда кәсіпкер балабақшалары мен мектебін қосқанда 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған. Әрі, ауылдастарының әлеуметтік жағдайының көтерілуіне, ауылының көркеюіне де өзіндік үлесін қосып отыр.
Ең қызығы, Салтанат Сабырқызы көрші Төбе ауылының тұрғындарына да қолдан келген көмегін аямайды. Мәселен, сол ауылдан ашқан балабақшасы үшін ешкімнен ақша алмайды. Бұған қоса, кейіпкеріміз өзі секілді балабақша мен мектеп ашуды қалайтын азаматтарға да әрдайым көмек қолын созады. Құжаттарын реттеп, жұмыстарын жүйеге салып береді. Осы уақытқа дейін бірнеше адамға көмектесіп, кәсіптерін жолға қойып берген. Бұл көмегі үшін ешқашан ақы алған емес.
Берекелі кәсіптің сыры
Осы орайда, Салтанат Сабырқызынан бізді оқитын жас кәсіпкерлерге кеңес беруін өтіндік.

«Қай жерде, қандай заңды, ережені қолдану қажет екенін білу керек. Кәсіпкерлікке қолдау көрсететін мекемелермен жақсы байланыс орнату қажет. Сосын, кәсіпті - өзінің пайдасы үшін емес, халықтың игілігі үшін ашу маңызды, сонда ғана берекесі болады», - дейді кәсіпкер ханым.
Айта кетейік, кейіпкеріміздің кәсібін дамытуға себепші болып отырған
KMF – Орталық Азия мен Қазақстандағы ең ірі микроқаржы ұйымы. Компания шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығына, жеке мақсаттар үшін және автокөлік сатып алуға микрокредит өнімдерін ұсынады, толығырақ kmf.kz сайтынан немесе ұялы телефоннан тегін қоңырау шалуға болатын 7474 байланыс орталығынан білуге болады.

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыру құқығын беретін ҚНРДА-ның 26.02.2021 жылғы №02.21.0003.M лицензиясы
Қолдауымен дайындалған материал
Stan.kz Ақпарат Агенттігі
Барлық құқықтары қорғалған