Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаржыны игере алмағаны үшін: Смайылов министрлерді жауапқа тартуды сұрады

Әкім, министрлердің назарына! Бюджет қаржысын тиімді игере алмаған шенеуніктер 1 қаңтардан бастап әкімшілік жауапқа тартылады. Елдің шешілмей жатқан проблемасы шаш етектен, бірақ биылдың өзінде ведомстволарға  үлестірілген 68 миллиард, жергілікті әкімдіктерге бөлінген 75 миллиард теңге жаратылмай қалған. Бюджеттен бөлінген ақшаны қалтасынан шыққандай қимай жүріп, соңында  қара тізімге еніп кеткендердің қатарында  экология министрі Мағзұм Мырзағалиев пен елорда әкімі Алтай Көлгінов бар. 

Зейнет жасы керісінше уақытымен өсе береді: Қаржы министрі зейнетке шығу жасын төмендету туралы айтты

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды. 

Бүгінгі өткен үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары және қаржы министрі Әлихан Смайылов Асқар Маминнен бір жылға деп нақтыланған бюджет қаражатын игере алмаған ведомство басшыларын жауапқа тартуды сұрады. Сондай-ақ, ол биылдан бастап бөлінген қаржыны ұқсата алмаған шенеуніктердің жауапкершілігін арттыру үшін ереже де бекітілгенін атап өтті.  

«Өкінішке орай, бюджеттің үш рет нақтылауына, екі рет түзетілуіне қарамастан, орталық мемлекеттік органдарда және жергілікті жерлерде 10 айдың қорытындысы бойынша қомақты сомаға бюджет қаражатының игерілмеуі орын алып отыр. Сол себепті Асқар Ұзақбайұлы өз қызметінде жіберген кемшіліктерінің нәтижесінде бюджет қаражатының игерілмеуіне себеп болғаны үшін тиісті бағдарлама жетекшілерін жауапқа тартуды сұраймын», - дейді Әлихан Смайылов.      

Енді жаңа заң бойынша, қаржыны игере алмаған шенеуніктер тек сөгіс алып қоймай, әкімшілік жауапқа тартылатын болады. Мұндай ереже 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілмек. Сонымен бюджет қаражатын тиімді жарата алмаған ведомстволардың тізімін жаңадан құрылған экология және геология, табиғи ресурстар министрлігінің басшысы Мағзұм Мырзағалиев бастап тұр.    

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 10,1 млрд теңге, білім және ғылым министрлігі 9,3 млрд теңге, индустрия және инновациялық даму министрлігі 7,8 млрд теңге, мәдените және спорт министрлігі 6,1 млрд теңге, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 5,1 млрд теңгені тиімді игере алмаған», - дейді Смайылов.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, ведомстволардың бөлінген қаржыны игере алмауының басты себебі мемлекеттік органдардың қайта құрылуы, орындалған жұмыстар құжаттарының тапсырылмауы, сондай-ақ, келісім-шарт жасасу үшін ұзақ уақыт жұмсалуында екен. Ал елорда әкімі лауазымына тағайындалғанына 5 ай енді болған Алтай Көлгінов те бюджет қаржысын игере алмағандардың қатарына кіріп отыр.       

«Ең көп игерілмеу мынадай өңірлерде қалыптасты. Нұр-Сұлтан қаласы – 6,1 млрд теңге. Алматы қаласы – 4,9 млрд теңге. Түркістан облысы –  3,4 млрд теңге. Батыс Қазақстан облысы – 2,9 млрд теңге», - дейді қаржы министрі.  

Талқылау