Енді елімізде төтенше жағдайлар органдарының келісімінсіз тоғыз қабаттан жоғары ғимараттарды әзірлеуге жол берілмейді
Мәжілісте Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырды. Депутаттар азаматтық қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: gov.kz
Ұсынылып отырған нормалар азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ адам көп жиналатын объектілерді пайдалануға қабылдау кезіндегі өрт қауіпсіздігін бақылауды жаңартуға негізделген. Сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілерді жаңарту және техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету нормалары қарастырылған.
Жоба Мәжіліске 2023 жылдың қазан айында түсті. Жұмыс тобының 19 отырысы өтіп, негізгі 10 мәселені шешуге бағытталған 4 кодекс пен 17 заңға түзетулер енгізіледі. Жобада азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесін және қызмет ету тәртібін құқықтық деңгейде белгілеу ұсынылады.
Заң жобасын қабылдау қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталады. Сонымен бірге төтенше жағдайларға дайындықты арттыруға ықпал етеді.
Құтқарушыларға көтерме және тұрғын үй жәрдемақысы төленеді
Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін ынталандыру мақсатымен оларға және олардың отбасы мүшелеріне қоныс аудару бойынша жәрдемақы төлеу ұсынылады. Сондай-ақ мүлікті тасымалдау, барлық отбасы мүшесін қоса алғанда, темір жол, су және автомобиль көлігімен жол жүру шығындарын өтеу қарастырылды.
“Соғыс жағдайы немесе төтенше жағдай кезеңінде, терроризмге қарсы операция кезінде, қарулы қақтығыс жағдайында, төтенше жағдай жарияланған аймақтарда жұмыс істегені үшін үстемеақы белгіленеді. Үстемақы ақшалай қаражаттың 3 еселенген мөлшерінде төленеді, ал еңбек өтілінің бір күні үш күнге есептеледі. Азаматтық қорғау органдарының және әскери қызметкерлерге тұрғын үйді жалға алу шығындары өтеледі”, – деді министр.
Мәжіліс депутаттары азаматтық қорғау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерге осындай норма енгізуді ұсынды.
“Демек енді тұрғын үй төлемдерін төтенше жағдайлар жүйесі қызметкерлері де алатын болады.Егер өрт сөндіруші немесе құтқарушы жауынгерлік жағдайда қызметтік міндеттерін орындау кезінде зардап шексе, санаториялық-курорттық негізде оңалтуға құқығы болады”, – делінген депутаттар ұсынысында.
Төтенше жағдайлар органдарының келісімінсіз тоғыз қабаттан жоғары ғимараттар пайдалануға және арнайы техникалық шарттарды әзірлеуге жол берілмейді
Бұл норма енді азаматтық қорғау мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізіледі. Егер бұрын құрылыс салушылар өздері арнайы техникалық шарттар жасап, ғимараттар тұрғызса, енді мұны төтенше жағдайлар органдарының рұқсатынсыз жасауға жол берілмейді.
“Енгізілген түзетулерге сәйкес, төтенше жағдайлар органдары адамдар көп жиналатын объектілер мен биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды пайдалануға беру кезеңінде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындылар беруге уәкілетті. Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдарға рұқсат беру және біліктілік талаптарын белгілеу құқығы беріледі”, – деді министр.
Төтенше жағдайлар министрлігі қауіпті өндірістік нысандарға қойылатын талаптарды күшейтеді
Бірінші оқылымда мақұлданған азаматтық қорғау саласындағы заң жобасында Төтенше жағдайлар министрлігінің қауіпті өндірістік объектілерді жаңарту және техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын бекіту жөніндегі өкілеттіктерін айқындау ұсынылады.
Сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілері бар және оларда жұмыс істейтін ұйымдарға тікелей ұйымның бірінші басшысына бағынатын өндірістік бақылау қызметін құру міндеттеледі.
Бұдан бөлек өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен объектінің кәсіби авариялық-құтқару қызметтері үшін меншік нысаны бойынша арнайы техника, жабдықтар мен құрылғылардың болуы талап етіледі. Бұл талап формальды жалдау шарттарының көбеюіне және арнайы техниканың, машиналар мен жабдықтардың нақты болмауына байланысты. Себебі мұндай жағдайда қауіпті өндірістік объектілердегі авариялар кезінде адамдарды құтқару және қоршаған ортаға келетін үлкен залалдың алдын алу мүмкін болмайды.
Қазақстанда салалық өрт сөндіру қызметі құрылады
Заң жобасы аясында мемлекеттік органдардың өртке қарсы қызметтері мен құралымдары үшін "салалық өртке қарсы қызмет" анықтамасы енгізіледі. Қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, орман шаруашылығы және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында құрылатын мұндай қызметтер мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты объектілердегі өрттерді сөндіру кезінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарымен өзара іс-қимыл жасайды.
Қорғаныс министрлігі өрт қауіпсіздігі саласындағы ведомстволық бақылауды жүзеге асыруға құқылы болады. Ал жергілікті атқарушы органдарға дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елдімекендердегі өрттерді сөндіру үшін жанар-жағармай, азық-түлік, медициналық көмек, күштер мен құралдарды қамтамасыз ету құқығы беріледі.
Сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері азаматтық қорғау туралы жаңа заңға енгізіледі
Азаматтық қорғау туралы заң жобасында Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілеттіктерін айқындау ұсынылады. Сейсмикалық шағын аудандастырудың әртүрлі масштабты карталарын бекіту, эпицентральдық топтың қызметін ұйымдастыру, сейсмикалық, сел, көшкін және қар көшкіні қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қала құрылысы жобаларын үйлестіру.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі орталық мемлекеттік мен жергілікті атқарушы органдарға қатысты төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелеріне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын болады.
Жергілікті атқарушы органдарға сейсмикалық аймақтарға бөлу және сейсмикалық қауiптi бағалауды жүргiзу, ғимараттар мен құрылыстарды сейсмикалық жағдайларға қарсы нығайту жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу, сейсмологиялық бақылау желiсiн кеңейту және жаңғырту, сейсмикалық аймақтарға бөлу карталарын әзiрлеуге бюджет қаражатын қарастыру жөнiндегi құзыреттер берiледi.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік