Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Димаш мені әндетіп шақыратын": "Арнауда" өнер көрсеткен бойжеткен әншімен қалай жолыққанын баяндады

29 маусымда Нұр-Сұлтанда өткен Димаш Құдайбергеннің "Арнау" шоуы көпке дейін жанкүйерлерінің есінде қалары сөзсіз. 45 мың адам әншінің орындауындағы хит әндер мен бұрын-соңды Қазақстанда болмаған шоудың куәсі болып, Димаштың өнеріне тәнті болды. Сонымен қатар  "Любовь уставших лебедей" әніне өнер көрсеткен Қарлығаш Тынабекова ерекше әсер сыйлады. Димаш Құдайбергенмен жұмыс істеген спорт шебері, әлем чемпионы Stan.kz тілшісіне қандай әсер алғанын, әншінің оған қандай кеңес бергенін, концертке дайындықтың қалай өткенін айтып берді. 

Қойылымның басты бөлшегі, Қазақстандағы арбадағы би өнерінің тұңғыш әлем чемпионы Қарлығаш Тынабекова әсем биімен концертке келген жұртты тамсандырды. Әншінің жанкүйерлері де, өнерін жоғары бағалайтын отандастарымыз да оның шеберлігіне таңғалып, жылы лебіздерін білдіруге асықты.

Димашты жаңа қырынан ашқан "Любовь уставших лебедей" әніне Ресейден маэстро Игорь Крутойдың өзі келіп, фортепианомен сүймелдегенін естеріңізге сала кетсек.

2017 жылы арбадағы би спортынан әлем чемпионы атанған бойжеткеннің өмірі осыдан он жыл бұрын күрт өзгерген. Жоғары оқу орнында білім алып жүрген ару жол апатына түсіп, жұлынына зақым келген соң арбаға таңылған. Әйтсе де, Қарлығаш өмірінің жаңа парақшасы ашылып, жаңа мүмкіндіктерге алып баратын жолдың пайда болғанын түсінген. Ол тағдырдың салғанына мойымай, арбадағы би өнеріне келмес бұрын, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолынан келгенше көмектескен.

Қарлығаш Тынабекова қазір де елордадағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қауымдастықта жұмыс істейді. Өмірін бисіз елестете алмайтын ару спорт пен бидің осы түрі жайлы сөз қозғалғанда балалық шағын еріксіз есіне алады. 

"Димаш емеспін десем де сенбеді": Алматылық жігіт өзін танымал әншімен шатастыратынын айтып берді >>

"Балабақшаға барып жүрген кезімнен бастап биге қатысқаным есімде. Әкем халық әртісі Қарлығаш Нұрланқызы өнер көрсетеді деп менімен ойнайтын. Перденің артына тығылып тұрып, атымды хабарлағанда әкемнің алдына шығатынмын. Үнді фильмдерінен көрген қимылдарымды жасап, кішігірім концерт қойып беретінім есімде. Бала күнімнен би билегім келетін, тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде биге қатыссам екен деген ниет болды" , — дейді Тынабекова.

Әйтсе де, өзіне арбадағы биді билеп көру туралы ұсыныс түскенде ол "Аяқтың биін арбаға қалай салуға болады?" деп спорттың бұл түрін түсінбеген екен. Кейін бірнеше жарыстарға қатысып, жүлделі болған соң, арбадағы би өнерін ұнатып қалған. 

Талай байқауларда топ жарып, жүзден жүйрік атанған спортшы әлемдік деңгейде елін танытып жүрсе де, Димаш Құдайбергеннің концертінде қатты қобалжығанын жасырмады. Алайда, Димаштың және концерттің сәтті өтуі үшін тыным таппай еңбектенген команданың оған деген сенімі қойылымның мінсіз өтуіне түрткі болған. Әлемді әдемі дауысымен бағындырып келе жатқан әнші жайлы Қарлығаш:

"Менен жаман қорқады": Димаш Құдайбергеннің ұстазы әйгілі шәкірті жайында сыр шертті >>

"Димаштың ерекше қасиеті — өте қарапайым. Дайындық кезінде командадағы әрбір адамның көңілін тауып, жағдайын сұрайтын. Әрқайсысымен өзіндік сөйлесу мәнері бар. Атымды Ахмет Жұбановтың "Қарлығаш" деген әніне салып айтқанда қатты қуанып қалатынмын. Әлемдегі ең ерекше дауыс иесі Димаштың өзі маған ән шырқады, не деген бақытты адаммын деп мәз болушы едім. Димаштың маған көрсеткен қолдауына ризамын. Ол бидің соңғы элементтеріне: "Осылай жасасақ қалай болады, Қарлығашты соңында ерекше атап өткім келеді" деп өз ойын, ұсыныстарын қосты. Дайындық кезінде түсініспеушіліктер туындамай тұрмайды ғой. Сол кезде Димаштың мені жігерлендіріп: "Биіңіз керемет ертегідей әсер қалдырады, өзіңізге сенімді болыңыз", — деп айтқаны да қойылымның ойдағыдай шығуына күш берді", — дейді биші. 

Димаш Құдайбергеннің концертінде өнер көрсету туралы ұсынысты режиссер жасаған. Спорт шеберімен бұған дейін жұмыс істеген маман оның концертте билегенін қалаған екен. "Арнауға" дайындық жаңа жылдан кейін, ал қойылымдармен жұмыс әнші мамыр айында гастрольдік сапарынан оралғанда басталған екен. Бидің хореографиясы бір аптаның ішінде қойылған. Бишінің бапкері де бидегі әр қимылдың мінсіз, әдемі болуына үлкен үлесін қосқан.

Кейіпкеріміз бір ғана қойылымға қатысса да, дайындық басталған уақыттан, яғни кешкі оннан түнгі екі-үштерге дейін өз командасының жанында жүрген. Димаш та дайындықтан қалмай, бар уақытын концертке атсалысқан адамдармен өткізген. Қарлығаш Тынабекова дайындық кезінде болған қызықты оқиғамен де бөлісті. 

"Үзіліс кезінде барлығымыз тамақтануға жиналамыз. Үстелдің басына кім отырады, соны "туған күнімен" құттықтап, өз-өзімізді жігерлендіре бастаймыз. Біздің ырғағымызға қосылған Димашпен бірге Happy birthday to you деп әндетеміз. Соңғы бір аптада сол жерде барлығының туған күні болды (күліп). Осы әдіс арқылы біз іштегі шаршау мен қобалжуды сыртқа шығарып алатынбыз. "Бүгін шынымен де біреудің туған күні ме?" — деп түсінбей қалғандар да бар еді", — дейді ол. 

Бұрын-сонды 45 мың адамның алдында өнер көрсетпеген Қарлығаш жұртшылықтың жылы ілтипатына риза болды.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың тағдырына бей-жай қарамайтын ол сұхбат барысында Қазақстандағы мүгедектердің жағдайына қатысты пікірін білдірді. 

"Мүгедек адам өзінің болмысын шынайы қабылдап, өзінің жағдайына басқаша көзқараспен қараса, бірінші кезекте отбасы, достары, сосын қоғаммен ара-қатынасы өзгереді. Рас, мүмкіндігі шектеулі жандарға әсіресе өңірлерде ауыз толтырып айтатындай жағдайлар жоқ. Бірақ, Мәскеу бірден құрылмаған демекші, мұны жақсарту үшін жүйе-жүйемен, кезең-кезеңмен жұмыс жасалып жатыр. "Бір мүгедек жанның өмір-жағдайын жақсарту" дегендей бағдарламалар бар", — дейді отандасымыз. 

 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет!  Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау