Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қариялар риза емес": Зейнеткерлерге Қарттар күніне орай 6 мың теңге сыйақы беріледі

"Қарттар күніне" елордалық әр қарияға 6 мың 313 теңге бір реттік жәрдемақы беріледі. Ол үшін бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, 70 мыңға жуық зейнеткер қамтылады екен. Алайда, белі ауырып, балтыры сыздаған егде тартқан кісілер "бұл қаржы ай сайын алатын дәрі-дәрмегімізге де жетпейді"деген пікірде.

Сыйлықты тағайындаған әкімдік болса, мұнымен қарияларға жеңілдіктер тоқтап қалмайды деп сендіріп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қала тұрғыны Райгүл Шайымбетова саналы ғұмырын медицина саласына арнаған дәрігер. Бейнетінің зейнетін көрер шақта жыл сайын денсаулығы сыр беріп, арнайы есепке алынған. Әкімдіктің берген көмегі демеу болғанымен, жыртыққа жамау бола алмайды дейді.

"Енді 30 жылдан асып кетті зейнеткер болғаныма. Жеңілдікпен шыққанмын 5 баламен. Мен айына өз басым 20 мыңнан астам теңгеге дәрі аламын. Өзім бірнеше науқаспенен есепте тұрамын. Ол қай жағына жетеді? Азық-түлік күннен-күнге қымбаттап жатыр. Бір 6 мың теңге немізге жетеді?", - деді зейнеткер Райгүл Шайымбетова. 

Зейнеткер "қарттар күніне" берілетін бірреттік жәрдемақының көлемін естігенде таңданысын жасыра алмады. Оның орнына, күн санап қатары сиреп бара жатқан замандастарының көңілін аулайтын, басын қосатын "Қарттар клубын" құруды сұрап отыр.

"Өткен жылы бір 5 мың салды ау. Бір жолғы жәрдем. Бұл жолы енді 6 мың теңге дейді. Продуктаның қымбаттағанына байланысты 1 мың теңге қосқан шығар. Қарттар күніне тегін концерттер қойып тұрса, барар едік. Жолдама берсе емделуге барар едік. Білмеймін, енді бір жолғы 6 мың теңге жәрдемақы ештеңеге де жетпейді", - деді зейнеткер Райгүл Шайымбетова. 

Мерекеге байланысты, бірреттік сыйақы жөнінде қаладағы қариялардың да ойын біліп көрдік. Барлығы, мардымсыз жәрдемақы бергенше, зейнетақыларымызды көтергені дұрыс болар еді, деген пікір білдірді.

"Неге жетеді ол? Бір шай ішкенімізге де жетпейді ғой. Қарттар күніне құттықтайтын болса, сондай дәріптейтін болса жөндеп беретін нәрсесін берсін".

"10-20 мың бер бәрібір жетпейді ғой. Бірақ, енді үкіметтің қарттарды елеп-ескеріп көңілін аулап жатқаны ғой. Рахмет онысына. Онымен ешкім байып кетпейді".

"6 мың деген не ол? Енді, ол ақша емес қой 6 мың деген. Оның орнына біздің зейнетақымызды өсірсе. Мынау өте төмен зейнетақы алатындардың тіпті күн көрістері қиын ғой шындығында", - деді зейнеткерлер.

Жәрдемақыны тағайындаған әкімдік болса, 6 мың 313 теңгеден тараттық екен деп, қазыналы қарттарымызға әлеуметтік көмекті тоқтатпаймыз дейді. Зейнеткерлерге бүгінде сан алуан қызмет бойынша жеңілдіктер барын айтып отыр.

"Осы 1 қазан - Қарттар күнінде 70 мыңға жуық зейнеткер қамтылады. Барлық зейнеткерлерді, мүгедектерді, көпбалалы аналарды бірнеше санат бойынша ережелер бар. Оның мөлшері әр түрлі. Мысалы, өмірдің қиын жағдайына тап болғанда, өрт болуына байланысты ол дегеніміз 165 АЕК көрсетіледі. Жер үйде көмір жағатын зейнеткерлерге төленетін әлеуметтік көмектің мөлшері қазір 16 АЕК, бір зейнеткерге 40 мың 400 теңге көрсетіледі", - деді қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жәрдемақылар тағайындау бөлімінің басшысы Салтанат Станбаева.

Ресми дерекке сүйенсек, елімізде 2 млн-ға жуық зейнеткер бар. Бірақ, бұл сыйақы барлығына бірдей берілмейді. Тек, елордалық қарттарға таратылады. Ал, бірреттік көмек тағайындалғандарға оны алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Ақша олардың есепшотына түседі.  

Талқылау