Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қарапайым жұмысшылар мен шынайы қаланың көрінісі": Астанада "Шаттық-2025" шығармашылық фотобайқауының жеңімпаздары көрме өткізді

Астанада 28 мамыр күні “Таза Қазақстан” акциясы аясында "Шаттық-2025" шығармашылық байқауының жеңімпаздары көрме өткізді. Экспозициялық фотобайқауда жасөспірімдер қарапайым жұмысшы мамандығының маңыздылығын көрсететін өздерінің үздік жұмыстарын ұсынды. Сонымен қатар, отбасылық құндылықтар мен табиғатты аялау бағытындағы тың кадрлар қойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс-шара сағат 12:00-де Махамбет Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында "Объективтегі еңбек, жан мен табиғат үйлесімі" атты фото-вернисаж түрінде ұйымдастырылды. Мұнда қалалық "Шаттық-2025" шығармашылық жаңалықтар байқауының жеңімпаздары қатысты. Бұл — жас авторлардың қоршаған әлемнің сұлулығына, адам еңбегіне және ішкі үйлесімге деген көзқарасын бейнелейтін балалардың фотожұмыстарының көрмесі.

"Шаттық" байқауына 60-тан астам қатысушы 180 жұмыс ұсынды.

Экспозицияда фотобайқаудың үш тақырыбы бойынша жеңімпаз атанған талантты балалар мен жасөспірімдердің үздік жұмыстары қойылды:

  1. "Қарапайым мамандық — ұлы істің бастауы". Мұнда күн сайын өмірді көркейтіп, жақсарту үшін жұмыс істеп жүрген жандардың еңбегіне деген құрмет пен оның маңыздылығы көрсетілді;
  2. "Табиғат — өмірдің айнасы" — қоршаған әлем арқылы өз-өзіңді танып, жан дүниеңе үңілу тақырыбы көтерілді;
  3. "Сәтті кадр" — шынайы күлкілер, қызықты сәттер мен жүрек тебірентер көріністер, яғни бақытқа толы кездер бейнеленген суреттер болды.

Қатысушылар фотоаппарат объективі арқылы отбасылық құндылықтарды, шабыт беретін сәттерді, табиғатқа деген шынайы сүйіспеншілік пен еңбекке деген құрметті нәзік жеткізе алды. Әр фотосурет — ішкі дүниедегі жарықтан сыр шертіп, мән-мағынаға толы шынайы көріністен тұрды.

Балалар сәтті шыққан кадрларды түсіру барысындағы әсерлерімен бөлісті.

№26 мектеп-гимназиясының оқушысы Анжелика Кривец өз фотожұмыстарында қаланың ритмін және қоршаған ортаға деген көзқарасын жеткізуге тырысқанын алға тартты. Ал №105 жайлы мектептің 10-сынып оқушысы Ернұр Айболатұлы тарихи сәттер мен заманауи технологиялар арасындағы байланысты көрсетуге ерекше мән берген.

Фото-вернисаждың мақсаты — балалардың шығармашылық әлеуетін қолдау, эстетикалық талғамын дамыту және адам мен табиғатқа деген құндылықтық көзқарасты қалыптастыру.

Шарада әсіресе көше тазалығы үшін еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың шынайы күлкісі мен жұмыс істеп жүрген кезіндегі кадрлары көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Ал қала мен табиғат көрінісі де әдемі түсірілген. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 28 Мамыр, 2025 15:59