Қарағанды облысының металлургтері мемлекеттік наградалармен марапатталды

Қарағанды облысында Металлург күні – ең маңызды кәсіби мерекелердің бірі. Бұл салада мыңдаған адам еңбек етеді. Облыс әкімдігінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиында сала қызметкерлерін құттықтап, мемлекеттік наградалар табысталды.
“Сіздер тек металл балқытумен шектелмей, құрылыс, машина жасау, көлік және энергетика салаларының дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Бұл – тұтас ел дамуына қосқан зор еңбек. Әсіресе, сала ардагерлеріне айрықша алғысымды білдіремін. Қалыптасқан еңбек дәстүрлерін бүгінгі жастар жалғастырып жатыр. Сіздердің даналықтарыңыз бен табандылықтарыңыз – Қазақстан металлургиясының берік негізі”, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Әкім сондай-ақ бұл салада бірнеше еңбек әулеті бар екенін атап өтті. Олардың қатарында Әлібековтер, Брагиндер, Дёминдер және Есімжановтар әулеттері аталды.
“Құрметті қарағандылықтар, мен бүгін осы жерде Мемлекет басшысының тапсырмасымен келіп отырмын. Сіздерді кәсіби мерекемен құттықтап, облыс әкімімен бірге мемлекеттік наградаларды табыстау – мен үшін үлкен мәртебе. Металлургтер – бұл жалын мен болаттың адамдары, домна пешінің отында шыныққан жандар. Олардың ерлігі, рухы мен ұрпақ сабақтастығы – саланың тұрақтылығының кепілі. Қазақстанның индустриялық қуатының символдарының бірі – дәл осы Қарағанды облысында өндірілетін болат. Оның сапасы мен беріктігі шетелде де жоғары бағаланады. Әрине, мұның артында сіздердің күнделікті ыстық пештің жанындағы, шахтадағы, станоктар мен зертханалардағы тынымсыз еңбектеріңіз жатыр”, – деді министр Ерсайын Нағаспаев.
Министр ел бойынша металлургия саласында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Жаңа жобалар іске асырылуда. Негізгі мақсат – еңбек жағдайын жақсарту және қауіпсіздікті арттыру.
Салтанатты жиында Теміртау мен Балқаш қалаларының металлургтеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Олардың қатарында – "Құрмет" ордені, "Еңбек Даңқы" ордені, "Ерен еңбегі үшін" медалі және "Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері" төсбелгісі бар.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік