Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында кәсіпкерлерге арналған жаңа мүмкіндіктер талқыланды

Қарағандылық кәсіпкер Қайрат Құрымбаев өз ісін кеңейту үшін жаңа нысан сатып алу үшін дәстүрлі несиелеуден бас тартып, лизинг тәсілін таңдады. Осы шешімімен ол Қазақстандағы лизинг арқылы коммерциялық жылжымайтын мүлік рәсімдеген алғашқы кәсіпкер атанды. Оның тәжірибесі Қарағандыда өткен Leasing Day 2025 форумында табысты мысал ретінде ұсынылды. Іс-шара облыс әкімдігінің, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және BCC Leasing компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Бұл – елімізде лизинг мәселелеріне арналған тұңғыш форум. Оған 300-ге жуық кәсіпкер, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.

“Мен жаңашылдыққа ашық адаммын. Сол себепті нысанды лизинг арқылы рәсімдеу ұсынысы түскенде, тәуекелге бел будым. Әрине, алғашқы тәжірибе болғандықтан рәсімдеу сәл ұзағырақ жүрді, бірақ соған қарамастан, лизингтің несиеге қарағанда тиімділігі әлдеқайда жоғары екеніне көзім жетті”, – дейді кәсіпкер Қайрат Құрымбаев.

Leasing Day 2025 форумы бизнес өкілдеріне техника мен жабдықты ірі қаржы салымынсыз жаңартуға мүмкіндік беретін лизингтің артықшылықтарын талқылау алаңына айналды. Облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков лизинг жүйесінің дамуы өңір экономикасы үшін стратегиялық бағыт екенін атап өтті.

“Біздің экономикамызда шағын және орта бизнес шешуші рөл атқарады. Әрбір үшінші жұмыс орны кәсіпкерлік саласында ашылады. Сондықтан біз бизнес қауымдастықпен өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін енгізуге мүдделіміз. Осындай алаңдар кәсіпкерлерге серіктестер тауып, жаңа келісімшарттар жасауға жол ашады”, – деді Ораз Тәуірбеков.

Қарағанды облысында бүгінде 100 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, оларда 235 мыңнан астам адам еңбек етеді. Мемлекет жыл сайын кәсіпкерлікті қолдауға қомақты қаражат бөледі. Биылдың өзінде "Даму" қоры аймақтық жобаларды 600 миллион теңгеге қаржыландырған.

Кәсіпкерлер арасында лизинг тетігіне деген қызығушылық артып келеді. Бұл – бизнеске кепілсіз әрі артық несие жүктемесінсіз даму мүмкіндігін беретін тиімді қаржы құралы. Қазір лизинг арқылы тек техника мен жабдық қана емес, жылжымайтын мүлік те рәсімделеді. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Расул Қасенханның айтуынша, ең бастысы – кәсіпкерлер лизингтің нақты артықшылықтарын дұрыс түсінуі қажет.

"Банк ЦентрКредит" басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Шегебаев те бұл бағыттың болашағы зор екенін атап өтті.

“Бұрын лизинг туралы көбіне теория жүзінде ғана білетінбіз. Ал қазір нарық жаңа әрі икемді қаржы құралдарын талап етуде. Кәсіпкерлер де, жабдық жеткізушілер де осындай шешімдерді күтед”, – деді ол.

Форум аясында техника мен жабдық жеткізушілердің көрмесі ұйымдастырылып, кеңес беру аймағында кәсіпкерлер банктермен, "Даму" қорымен, салық саласының мамандарымен тікелей пікір алмасты.

Сарапшылар лизингтің салықтық және экономикалық артықшылықтарын да атап өтті. Атап айтқанда, ол айналымдағы қаражатты үнемдеуге, қосылған құн салығынан босатуға және жеделдетілген амортизацияны қолдануға мүмкіндік береді.

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 20 Қазан, 2025 16:05
Талқылау