Құрылыстан көз ашпаған "Қарағанды-Балқаш" автожолында көлік қозғалысы қайта жанданды
"Қарағанды-Балқаш" республикалық автожолының құрылысы аяқталып, көлік қозғалысы қайта жанданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: "ҚазАвтоЖол"
363 шақырымдық "Қарағанды-Балқаш" учаскесінде негізгі құрылыс жұмыстарын аяқталды.
“Жаңарту жұмыстары аясында жол ІІІ санаттан І-б техникалық санатқа ауыстырылып, бөлінетін қоршауы бар төрт жолақты қозғалыс пен жүргізушілерге қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалды. Жоба құрылысы барысында 11 көпір, ауылшаруашылығы техникасына арналған 32 жолөтпе, 3 көлік жол айрығы мен теміржол арқылы өтетін бір жолөтпе салынды”, – делінген хабарламада.
Азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін 18 демалыс алаңы, 24 аялдама мен 1452 жарық орнатылды. Қазір учаскедегі көлік қарқындылығы тәулігіне 18 мыңға жетті, ал жаз мезгілінде 25 мыңға дейін өсуі мүмкі деген болжам бар.
"Орталық-Оңтүстік" көлік дәлізі еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстырып қана қоймай, Ресей, Қытай, Қырғызстан мен Өзбекістан арасындағы маңызды транзиттік бағыттардың бірі болмақ. Мұндағы көлік қозғалысын ашу еліміздің көлік әлеуетінің дамуына, адам тасымалының көбеюіне және аймақтағы Балқаш көлі секілді туристік нысандарының дамуына септігін тигізбек.

Фото: "ҚазАвтоЖол"
“Жобаны жүзеге асыру аясында 4 млн тоннаға жуық асфальтбетон қоспасы төселді, оның 610 мың тоннасы биыл төселді. Бұдан бөлек, ұлттық компания Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғаз, Ақшатау-Ағадыр-Ортау, Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы және Бастау-Ақтау-Теміртау секілді республикалық автожолдарындағы орташа жөндеу (123 шақырым) жұмыстарын аяқтады”, – деп мәлімдеді "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы.
2025 жылы Қарағанды мен Ұлытау облыстарын байланыстыратын 513 шақырымдық "Қарағанды-Жезқазған" автожолын да жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары 2026 жылға жоспарланған.
Еске салайық, тамыз айында жөндеуден өткен “Қарағанды-Балқаш” тас жолынан ақаулар табылған еді. Ақаулар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін ғана жойылды. Тас жолдың құрылыстан көз ашпауының себебі – ауыр жүк көліктері жөндеу жұмысы аяқталмаған, жолдың астыңғы, әлі бітпеген қабатымен жүріп өткен. Кемшіліктерді жою жұмыстарын түрік қосалқы мердігерлері өз мойнына алды.
Бұған дейін Қазақстанда тағы бір тас жол ақылы болатыны туралы жазған едік.
"Жарты жылдан астам уақыттан бері ізімнен қалар емес": Сталкингтің қауіпті белгілері және одан қалай қорғануға болады?