Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаңтар оқиғасы кезінде тұрғынды азаптап өлтірген уақытша ұстау изоляторының 7 қызметкері сотталды

Алматы қалалық полиция департаменті уақытша ұстау изоляторының 7 қызметкеріне сот үкімі шықты. Оларға қамауға алынған азаматты азаптады деген айып тағылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қалалық сот дерегіне сүйенсек, Алмалы аудандық соты уақытша ұстау изоляторының жеті қызметкеріне қатысты өлім түріндегі ауыр зардапқа әкеп соққан, басқа тұлғаларға зиян келтіру мақсатында билігін асыра пайдаланып, зорлық-зомбылық қолданған, әрі қызметте әрекетсіздік танытты деген айып бойынша қылмыстық істі қарады. Осылайша сот мынадай деректі анықтаған. 

Яғни 2022 жылғы 9 қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдік бойынша жәбірленуші А. уақытша қамау изоляторына қамалған. 

“12 қаңтарда жәбірленуші камераның есігін жұдырығымен, аяғымен соғып, тергеушіні шақыруды талап еткен. УҰИ бекетінде қызметте болған сотталушылар – А. және Т. кезекші Е.-ге бұл жағдайды мәлімдеген, содан кейін Е., А. және Т. резеңке таяқшаларын алып, камераға қарай бет алған. Жәбірленуші А. алюминий қасықты алып, оларға қарай сермеген, сотталушылар оны соққыға жыққан, сосын жәбірленушіні тексеру бөлмесіне сүйреп апарып, төртеуі ұрып-соғып, қорлауды жалғастырған, ал біреуі осы жайтты жай ғана бақылап, әрекетсіздік танытқан. Ұрып-соғуды аяқтаған соң сотталушылар жедел жәрдем шақырған. Келіп жеткен жедел жәрдем бригадасы жәбірленуші А.-ның өлімін белгілеген”, - делінген ақпаратта. 

Осылайша 7 қызметкерге сот үкім шығарды. Олардың алтауы 8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылса, тағы біреуі қызметте әрекетсіздік танытқаны үшін 5 жылға сотталды. 

Сотталғандардың барлығына қосымша жаза – мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқықтарынан айырылды. Сондай-ақ олар арнайы атақтарынан айырылды. Әрі жәбірленушілердің пайдасына 20 000 000 теңге сомасында моральдық залал өндіріледі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау