Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қаным ата-енемнің мойнында": Ақтаулық блогер құпия жағдайда көз жұмды

Биыл 23 тамызда болған 23 жастағы ақтаулық блогер Айзада Оралованың жұмбақ жағдайда жан тапсыруы көпшілікті елең еткізді. Жас келіншектің қазасы жақындары мен отбасын есеңгіретіп қойды. Марқұмды өлімге итермелеген кім әлде бұл оның өз шешімі болды ма? Айзаданың жұмбақ өлімі “Көреміз” бағдарламасында талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан кадр

17 жасында сүйіктісін кездестіріп, бір әулеттің келіні атанған Айзада Оралованың денесі өз пәтеріндегі жуынатын бөлмеден табылды. Артында қызынан айырылған анасы, күйеуі мен үш баласы қалды. Жарының мәйітін жуынатын бөлмеден Жанболат асылған күйінде тапқан. Келіншектің өмірінің соңғы сәтінде жолдасы да, балалары да жанында болған.

Айзада Оралова өз-өзіне қол жұмсады ма, әлде оны әлде біреу өлімге итермеледі ме, бұл жағы марқұмның жақындары үшін белгісіз. Алайда жақындары Айзаданың өз-өзіне қол салғанына сенбейді. Блогердің анасының айтуынша, енесі келініне күн бермеген.

“Қызым жастайынан өнерге бейім болды. Жаңаөзенге, Ақтауға, Жетібайға қызымды келін кіргізуге, тұсау кесуге шақырады. Ән айтады, өздерінің би тобы бар. Сөйтіп жүріп өзінен 6 жас үлкен жігітпен сөйлесіп, тұрмысқа шықты. Бірақ бақытты өмір сүрді деп айта алмаймын. Себебі енесі күн бермеді. Қызымның өлімінің артында енесі тұр деп ойлаймын. Өйткені қызым мен күйеу балам бөлек шықса да оларға телефонмен хабарласып, тыныштық бермейтін. Енесіне не жетпейтінін білмеймін, қашан көрсең “жоқ” деп отырады. Негізі құда алты жыл бұрын мұнайда жұмыс істейтін, 600 мың теңге айлық алатын. Не жетпейтінін түсінбеймін. Жас отбасыны көтерудің орнына, қызымның табысына ортақтасады”, – дейді Айзаданың анасы көзіне жас алып. 

Қарала хабар жеткен күні Айзада анасына ата-енесінің өзіне несие алдыртқанын, несиенің ақшасын төлеу керектігін айтып, хабарлама жазыпты. Сөзінің төркініне үңілсек, анасына өмірмен қош айтысқыс келетінін айтып, дабыл қаққан.

“Мама, сәлем бердік. Сен атаммен сөйлестің ғой. “Менің қызымды несиеге кіргізіпсіңдер” деп айтып тасташы. Алтынай қатын (енесі) алтын, көйлек алдыртқан. Қолындағы телефонына дейін алып беріпті. Осыдан сол қызға бірдеңе болса екеуіңнен көремін де. Мама, мені ұмытыңдар. Ешкімді көргім келмейді. Өліп бір тынышталасыңдар. Мына өмірден шаршадым, өліп қалғым келеді. Өтірік күліп жүргім келмейді. Жаным қиналып кетті. Менің ақшам барда керекпін, ақшам жоқ па, бітті”, – деп жазыпты Айзада.

Марқұмның енесі әлденені сезіп, Айзаданың анасына хабарласып, қызының жанына баруды сұраған.

“Құдағи хабарласып: “Қызыңның үйіне бар, қызың өлейін деп жатыр” деді. Мұны қайда білетінін, өзі неге бармайтынын сұрап едім: “Мен бармаймын. Үйімде адам жоқ. Сен неге бармайсың? Қыз сенікі ғой” деді. Содан ашуланып тұтқаны қоя салдым. Бірақ өлім туралы айтқанда ешқандай мән бермедім”, – дейді Гүлжихан Ұзақбаева.

Айзада қайтыс болғын күні оның ұлы нағашы әжесіне аудиохабарлама жіберген. 

“Әже, тез-тез үйге келші. Анам талып қалды, әже… Әже, анам талып қалды. Тез-тез келші”, – дейді бүлдіршін. Алайда бұл хабарламаны марқұмның анасы қызы өмірден өтіп кеткеннен кейін ғана оқыған. Сөйтіп оқиға орнына барса үйде полиция қызметкерлері жүр екен. Белгісіз біреу Айзаданың анасының келгенін көріп, есікті іштен жауып алған. 

“Біраздан кейін есікті біреу ашты. Үйге кіріп барсам, қызым қара пакетте жатыр. Оқиға болған кезде үйде күйеуі, балалары болған. Айзаданың денесін тауып алғанда күйеуі бірінші менің туған ініме хабарласқан. Інім үйге барғанда үйінде күйеу баламның тағы бір ағасы жүрген. Бірақ оның қашан келгенін білмеймін”, – дейді келіншек.

Анасының айтуынша, Айзада Оралова ата-әжесінің қолында өскен. Марқұм анасынан ғана емес, ата-енесіне сөзі өтер деген үмітпен атасына да өтініш айтқан.

“Көке, атама ұрысшы. Ұрыспасаң болмайды. Несиелерін төлемейді. Енеме алып берген дүниелерінің несиелері көбейіп кетті. Соны төлемесе болмайды. Бұрын мұндай болмаушы еді. Маған бір нәрсе болып қалса, солар кінәлі болады деді. Атасымен сөйлестім, немеремнің назын жеткіздім. Ол “өзіміз төлеп жатырмыз” деп айтты. Немеремнің айтуынша, енесі бір нәрсе алып бер деп сұрайды, алып бермесе сөйлеспей қалады. Алып берсе, одан жақсы адам жоқ”, – дейді Аманғали Ұзақбаев. 

Марқұмның атасына жазған хабарламасы да назардан тыс қалмады.

“Дүкен ашамыз деп 2 миллион несие алдық. Енем “ақшасын беремін, үйге әкел” деп тауарлардың бәрін алдыртты. Бірақ ақшасын берген жоқ. Жартысын дүкенге тапсырдық. Алқасын 400 мың теңгеге, үйіне ақ ыдысты 320 мың теңгеге алдыртты. 60 мың, 40 мың теңгеге көйлектер алды”, – деп жазған екен Айзада.

Жақындары қызының өліміне қатысы бар деп күдіктенген Айзада Оралованың енесі де өз шындығын айтты.

“17 жасында келін болып түсті. Бізбен бірге тұрды, 1-2 айдан кейін мінез көрсете бастады. Өз балам сияқты, бұл қызым ғой деп мінезін көтеріп, жетектеп жүрдім. Мінезі ауыр емес, бірақ қатал болатын. 23 тамыз күні балам хабарласып көлігі бұзылып қалған соң менен ақша сұрады. 50 мың теңге ақшаны жіберіп, баламнан “алдым” деген хабар күтіп отырдым. Бірде Айзада хабарласты. Қолында бір нәрсе болды, байқай алмадым. Бірақ сырт келбетінен шошып кеттім. “Не істеп жатырсың?” деп сұрап едім, телефонды өшіріп тастады. Үйде бір өзіммін, жолдасым жұмыста. Содан Гүлжиханға хабарласып қыздың жанына бар дедім. Ол бармаймын деді. Ұлымның айтуынша, Айзада күйеуі мен балаларына түскі асын жасап, өзі суға түсемін деп жуынатын бөлмеге кіріп кеткен”, – дейді Айзаданың енесі Алтынай Әлиева.

Марқұм көзі тірісінде Жазгүл есімді абысынына күмәнді хабарлама жазып жіберген.

“Сәлем бердік, жеңеше. Қазір видеомен хабарласамын. Экран жазбасын қосшы. Сосын ата-енемізге жібересің. Менің өлімім, қаным солардың мойнында”, – деп жазған екен.

Айзада соңғы кездері қиналып кеткенін күйеуі Жанболатқа да айтқан.

“Соңғы бір айда “қиналып кеттім, шаршадым, өлгім келеді” деген сөздерді айтты. Бірақ мен ол сөздеріне мән бермедім. Өліп қалады деп ойламадым. Үлкен балам ес біліп қалды. Менен “анам қашан келеді” деп күнде сұрайды. Күні кеше “Папа, мен бәрін түсініп жатырмын. Мамам қайтыс болыпты. Енді сен өліп қалмашы. Сен өлсең бізді кімге тастап кетесің?” деген сөздерді айтты. Қызым үш жаста. Үйге келген, ормалдағы әйелдердің бет-жүзіне анам емес пе екен” деп қарайды”, – дейді Айзаданың күйеуі Жанболат көзіне жас алып.

Айзада Оралованың жұмбақ өлімі туралы жолдасының да айтары бар. 

Талқылау