Қанат Ислам: Гена екеуімізді жұдырықтастырғысы келетіндерді түсінбеймін
Қазақстандық боксшы Қанат Ислам Геннадий Головкинмен жекпе-жекке шыққысы келмейтінін айтты.
Бұл туралы Stan.kz сайты хабарлайды.
Промоутері Нельсон Лопес боксшының колумбиялық Хуан де Анхеляға қарсы жекпе-жегінің алдында Қанат Исламның Головкинмен кездесуге дайын екенін мәлімдеген болатын. Десе де, боксшының өзі Головкинді туған ағасындай көретінін айтып, өзгелерден араздастырмауды сұрады. Бірінші кезекте ұлттық мүдде туралы ойлауға шақырды.
“Мен Генаны досым ретінде, чемпион ретінде, ағам ретінде қатты сыйлаймын. Ол көк туды желбіретіп жүрген қазақтың батыры. Гена екеуімізді жұдырықтастырғысы келетіндерді мен түсінбеймін. Өкінішке орай қазір көп адам жеке бастың мүддесін ойлайды. Біз ұлттық деңгейде ойлансақ қана өзгеге мазақ болмаймыз. Бізге екі қазақтың шетелде бір-бірімен жұдырықтасқаны керек пе? Әлде, шетелде екеуі екі жақтан көк туды желбіретіп жүргені керек пе? Бізге қайсысы қызық? Қайсысы маңызды? Алдымен өзімізге осы сұрақты қойып көрейікші”, – дейді Қанат Ислам.
Ары қарай Қытайда боксшылар арасында болған бір оқиғаны баяндады.
“Қытайда ережесіз жекпе-жекте бір-біріне қол көтермеген қазақтарды білесіздер. Біз Гена екеуміз сол жігіттер сияқтымыз. Головкин 17 миллион қазақстандықтың алдында “Мен — қазақпын!” дегенін естідіңіздер. Мен Генаны өзімнің бауырым деп есептеймін. Біз – қазақпыз. Өзге елдің алдында бір-бірімізді сабамаймыз.
Ата-бабамыз “Жақсы сөз жарым ырыс” дейді. Жақсы сөз ол бата. Бата – ол дұға. Азаматтықтың ең биік деңгейі қолымен жәрдем беру. Оған шама келмесе жақсы сөз айтып, демеу болу. Ал, оған да шама келмесе — үндемеу. Ал, азаматтықтың ең төмен деңгейі ол жақсы сөзді қимау, көре алмау. Алла бізді осыдан сақтасын. Қазақтар бір-бірін көтермелесе ғана, өзгелердің ұлтымызға деген құрметі оянады”, – деп боксшы бірлікте болуға шақырды.
Мұнымен қатар, ол шаршы алаңда екі қазақстандық боксшының кездесуін масқаралыққа балады.
“Гена екеуіміздің жұдырықтасқанымыздан біз ештеңе ұтпаймыз. Керісінше ұлт ретінде ұтыламыз. Ұлттық деңгеймен ойлап қарасаңыз, әлем алдында масқара боламыз. Кейбіреулер, бұл спорт. Бәрі мүмкін. Жұдырықтасқанда тұрған не бар дейтін шығар. Мен спортшыдан бұрын — қазақпын. Маған спорттағы жетістік емес, маған қазақтың әлем алдындағы абыройы мен беделі қымбат.
Гена көк туды көтеріп жүрген біздің серкеміз. Туымыз жығылмасын деп Генаның артында тұрсам да мен үшін үлкен абырой. Көп інілерім маған “Аға, сіз сияқты болғымыз келеді” дейді. Мен оларға “Мен сияқты болмаңдар. Менен де мықты болыңдар” деймін. Бізден де мықтылар шықса біз ұтылмаймыз, керісінше біз ұтамыз. Әлемді мойындатамыз. Тарихта батыр бабаларымыз жастарға білгенін үйретіп, өздерінен де мықты қылып тәрбиелеген. Мен де сол бабаларымыз сияқты, жүрегінде оты бар жастарды қасыма алып, өзімнен де мықты қылып тәрбиелегім келеді”, – деп Қанат Ислам алдағы уақытта елінің көк туын желбіретер шәкірттер әзірлеуге дайын екенін айтып өтті.
Оқи отырыңыз:
Қанат Ислам: Егер Геннадий келіссе, мен онымен рингке шығамын
Қазақстандық боксшы Қанат Ислам қарсыласын 6 раундта тізе бүктірді