Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кәмпитке қақалып қалған: Қостанай облысында полицей кішкентай қызды құтқарып қалды

Қостанай облысының Қарабалық аудандық полиция бөлімінің қызметкері Иван Шевченко кішкентай қыздың өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кәмпитке қақалып қалған: Қостанай облысында полицей кішкентай қызды құтқарып қалды

Оқиға Қарабалық аудан орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында орын алған. 

«Полицияның аға тергеушісі, полиция майоры Иван Шевченко кешке отбасымен бірге серуендеп жүріп, әйел адамның көмек сұрап айқайлағанын естиді. Ол бірден көмекке асыққан. Оқиға орнына жетіп, кішкентай қыз бен есі шыққан анасын көріпті. Анасы қатты үрейленіп тұрғанына қарамастан, қызының кәмпитке қақалып қалып, әрең демалғанын түсіндіріп берген», - делінеді хабарламада.

Полицей баланы қолына алып, тізесіне етпетінен жатқызып, жауырын тұсынан ақырындап басып қалыпты. Осы кезде қыздың аузынан кәмпит атып шыққан. Артынша полицей сол маңнан өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, анасы мен қызын ауруханаға жібереді.

«Бірнеше жыл бұрын өзімнің ұлым да кәмпитке қақалып қалған еді. Алайда жағдай мұншалықты қиын болмады. Сол кезде мұндай жағдайда балаға қалай көмектесу керектігін үйренуді ұйғардым. Анықталғандай, оным бекер болмады. Сонымен қатар ведомстволық сабақтарда алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын үйрендік. Сондықтан не істеу керектігін білдім. Сондай-ақ мамандығым да жағдайды дұрыс бағалап, үрейге бой алдырмауға міндеттейді», - дейді Иван Шевченко. 

Талқылау