Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қақаған қыста қайда барарын білмейді: Қарағанды облысында көпбалалы отбасы далада қалды

Қарағанды облысының Үштөбе ауылында  көп балалы отбасы далада қалды. Оқыстан шыққан өрттен жалдамалы үйдің бірнеше бөлмесі мен шатыры жанып кеткен. Енді отбасы қақаған қыста қайда барарын білмей дал. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бірнеше күн бұрын Сабира Бекшебаева жалдап тұрған үй өртке оранып, кіреберісіндегі пеші, жуынатын бөлмесі мен дәлізі, ас үйінің шатыры мен қабырғалары жанып кеткен. Бекшебаеваның айтуынша, от пештің мұржасындағы ұшқыннан тұтанған. Әйел таңғы 4 кезінде 1 жасар сәбиінің жылаған даусынан оянғанда ғана бөлмені көк түтін басқанын сезген. Есіктің алды жанып жатқандықтан сыртқа терезеден секіріп шыққан. 

"Түтін алып кеткен, қай жері екенін көру мүмкін емес. Әйтеуір шатыр- күтір етіп жатқан дыбыс естіліп жатты. Сосын балалар анау түкпір бөлмедегі киімдерді тасып, сол жақта киіндіріп терезеден секірдік", - дейді Қарағанды облысы, Үштөбе ауылының тұрғыны Сабира Бекшебаева.

Бекшебаевтар отбасының 4 баласы бар. Үлкені 15 те, кішісі 1 жасқа жаңа толған. Қазір олар туыстарының үйінде. Отбасы қазір "жалдамалы үйді қалай жөндейміз" деп қиналып отыр. Оның үстіне басқа үй жалдайтын қаржылары да жоқ.

"Мынаған қалай келеміз қазір, не су жоқ, не отопление жоқ, Үкіметтен сұрайтыным бір пәтерге көмек жасаса, одан артық маған ештеңе керек жоқ, әйтеуір, басымыз аман тірі қалдық қой", - деді ашынған ана. 

Жергілікті әкім отбасының жағдайынан хабардар екенін айтты. Айтуынша, Сабира Бекшебаева биыл көп балалы ана ретінде пәтер кезегіне тұрған. Дәл қашан баспаналы болары белгісіз. 

"Кезекте 11-ші болып тұр. Біз әкімшлік тарапынан, мемлекет тарапынан біртіндеп бізде ауылда 5 қабатты 5 үй бар. Cоларға жөндеу жасайық деп жатырмыз. Сол кезде кезегі келген уақытта, яғни ол кісінің кезегі келген кезде тапсырамыз",- деді Үштөбе ауылының әкімі Саят Шаяқов.  

Әкімнің айтуынша, аудандық бюджетте қиын жағдайға тап болғандарға қосымша қаржы қарастырылмаған. Сондықтан шенеуніктер демеуші іздейтіндерін айтты.

Талқылау