Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Компьютерді тек қосып-өшіруді білетін: Jusan Singularity ерекше қажеттіліктері бар балаларға жаңа мүмкіндік сыйлады

Астанада Jusan Singularity IT мектебі өткізген курс аясында ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен балалар үйінің тәрбиеленушілері бағдарламалау бойынша оқуды аяқтап, сертификаттармен марапатталды. Екі апталық тегін курсты сәтті аяқтаған оқушылар Swift тілін үйреніп, енді өз бетінше ойын құрастыра алатын деңгейге жетті. Біз білім алушылармен тілдесіп, болашақ IT саласының мамандарынан курстың қалай өткені, осы арқылы не үйренгенін сұраған едік.

жусан

Jusan Singularity ІТ мектебі курсты 13-24 ақпан аралығында өткізді. Swift тілінде бағдарламау бойынша ұйымдастырылған курсқа 14-18 жас арасындағы 17 бала қатысты. Олардың қатарында церебральды сал ауруы, туретта синдромы, дизартрия, есту қабілетінің төмендігі бар балалар және SOS ауылдан шыққан балалар бар. 

Jusan Singularity IT мектебінің тәлімгері Бейбарыс Өмірбаевтың айтуынша, курс өткізудегі басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі балалардың қызығушылығын арттырып, жаңа деңгейге жол ашу. Аталмыш курс Apple қолдауымен және Қазақстандағы “iTeacher Academy” Authorized Reseller for Education компаниясымен бірігіп құрастырылды.

“Курс аясында балалар Swift тілінде Apple гаджеттерінде бағдарламалау арқылы кішігірім жобалар жасауды үйренді. Балаларға ойын форматында өткендіктен курс өте қызықты болды. Осы ІТ саласындағы базалық білімді қалыптастырдық”, – деді Бейбарыс Өмірбаев. 

Мектеп заманауи ІТ инфрақұрылыммен жабдықталған. Мұнда 100 компьютер бар, оның 20-і Apple компаниясына тиесілі. Сонымен қатар тәулік бойы жұмыс істейтін коворкинг, конференция залдары, дебифинг алаңдары, ас үйі бар. Орталықтағы арнайы курс осымен екінші рет өткізіліп отыр. Оқу барысында балалар түрлі жобалар, ойындар құрастыруды меңгерді. Оларға Apple Trainer Certified сертификаты бар оқытушы Смағұл Негматов тәлімгер болды. Оның айтуынша, балалар курс барысында екі ойын құрастырған. 

“Балалар тик-так-аяқ және мемори атты екі ойын жасап шығарды. Бұл ойындардың құрастырылуы өте жеңіл. Біз оқу барысыда өткен барлық әдістерді қолдандық. Нәтижесінде екі жаңа ойын пайда болды”, – деді тәлімгер Смағұл Негматов. 

Курстан кейін ІТ саласына қызығушығы артқан жанның бірі – 11 сынып оқушысы Аружан Жанәділ. Ол бұған дейін компьютерді тек қосып, кейін өшіруді ғана білген. Ал курсты оқыған соң iOS-қа арналған мобилді қосымшалар жасауға мүмкіндік алды. 

“Мен бұл курсқа келгенге дейін ІТ саласынан ешқандай білімім болмады. Оқу барысында білікті ұстазымыз барлығын үйретті. Ұжымға алғысымды айтамын. Бұған дейін информатика пәні қызықсыз болып еді. Кейін курсқа келген соң қызығушылығым арта түсті. Тағы да қатысқым келеді. Болашақта осы салаға келуім мүмкін”, – деді Аружан Жанәділ. 

Аружанның анасы Алмагүл Кетебаева қызының бұған дейін цифрлы журналистика қызыққанын айтты. Алайда компьютерден хабары болмаған. Тәлімгерлердің көмегімен түрлі бағдарлама дайындап, кодтарды меңгеріп, ойын жасауды үйренді. 

“Бұл курс туралы хабарландыруды әлеуметтік желіден көрдім. Аружанды бірден осында алып келдім. Бастапқы кезеңде қызымда қорқыныш болды. Бірақ ұстаздары барлығын үйретті. Қызым 11 сыныпта оқиды. Бұған дейін қандай мамандық таңдаймын деп ойланып жүрген еді. Осы курстан соң қызым ІТ саласын таңдаймын деп отыр. Оған қатты ұнады. Осы екі аптаның ішінде авторлық екі ойын жасап шығарды. Алдағы уақытта осындай курстар жиі өткізілсе екен”, – деп тілегін білдірді көп балалы ана Алмагүл Кетебаева. 

Сондай-ақ 9 сынып оқушысы Тахир Төлбаев ІТ мектебінің ұжымына келіп, жаңа бағытта білім алғанына қуанышты. Айтуынша, әлеуметтік желіден хабарландыруды көрген ата-анасы бірден курсқа жаздырыпты.

“Бұл курсқа мені ата-анам алып келді. Курс маған қатты ұнады. Жетекшіміз бағдарламалау бойынша түрлі тәсілді көрсетті. Біліміміз беки түскен соң барлығы оңай болған секілді. Алған біліміміздің нәтижесінде Apple-да түрлі ойын құрастыруды үйрендік. Тәлімгерлерге көп рахмет”, – деді Тахир Төлбаев. 

Екі апталық тегін курсқа қатысушылар арнайы сертификат пен бағалы сыйлықтарға ие болды. Jusan Singularity алдағы уақытта әлеуметтік осал топтағы балаларға тегін курс өткізуді жалғастырмақ. Келесі курс 20 наурызда басталады. Өтінішті мына сілтеме арқылы беруге болады.

Jusan Singularity – Қазақстандағы IT мамандарын дайындайтын Jusan компаниясы тобының білім беру жобасы. Оқу орталығы Астана қаласында орналасқан. Білікті мамандар Java Backend, Mobile Developer (Android, iOS), Frontend (React), DevOPs бағдарламалары бойынша білім береді. Мектептің құрылғанына биыл бір жыл толады. Jusan Singularity IT мектебі әлеуметтік жобалармен қатар, ересектерге арналған ақылы курстар өткізеді. Алдағы уақытта ІТ мектебі еліміздің барлық өңірінде жұмыс жасамақ.

Бақытнұр Шерикбай
Дүйсенбі, 27 Ақпан, 2023 16:54