Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Jusan Bank-тің кейбір акцияларына тыйым салынды

First Heartland Securities компаниясына тиесілі Jusan Bank акцияларына тыйым салды. Бұл туралы ақпарат KASE сайтында жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ақпаратқа сәйкес, тыйым Jusan Bank акцияларының 78,23 пайызына иелік ететін First Heartland Securitiesтің 131,3 млн дана қарапайым және артықшылыққа ие акцияларға салынды. Шешімді Алматының аудандық соты 15 ақпанда шығарған, бірақ ол тек 21 ақпанда жарияланып отыр.

Кейбір мамандар, банк акцияларының сатылуы Jusan Bank-тың тұрақтылығына әсер етпейтінін атап өтеді. Банктің акциялары банктің өзіне емес, басқа компаниялар мен жеке инвесторларға тиесілі. Кез келген жағдайда банк акциялары клиенттер алдындағы барлық міндеттемелерді орындау үшін капиталдың жеткіліктілігіне де, өтімділігіне де әсер етпейді-міс.

Jusan Bank акцияларға шектеу қойылғаны туралы хабарламаға пікір білдірді.

Бұған дейін ҚР Бас Прокуратурасының мәлімдемесінде айтылғандай, Jusan тобы құрылымдарының біріне қатысты азаматтық талап-арыз қаралуда. Оның аясында акцияларды уақытша шектеу сынды стандартты рәсімдер мен процессуалды әрекеттер жасалды.

"Jusan bank" АҚ баспасөз қызметі азаматтық талап тек Банктің шетелдік акционерлеріне қатысты екенін және Банк қызметіне, сондай-ақ серіктестермен немесе халықаралық корреспондент-банктермен, халықаралық төлем жүйелерімен жасалатын қарым-қатынасқа әсер етпейтінін алға тартады.

Тиісінше, Банк әдеттегідей еш шектеусіз жұмыс істей береді.

Jusan Bank тікелей немесе жанама түрде де жауапкер немесе соттасып жатқан тарап емес. Сондықтан Банкке ешқандай санкциялар қолданылмайды.

Jusan Bank және оның активтері Қазақстанда орналасқан. Бүгінде Jusan қаржылық жағынан тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқан қазақстандық банктердің бірі. Банк Қазақстанда тіркелген, оның акционерлері – ҚР азаматтары. Банк Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі мен мемлекеттік заңнаманың барлық талаптарын орындап отыр. Сондықтан Бас Прокуратура Jusan тобына қатысты арызының Jusan Bank қызметіне қатысы жоғын атап көрсетті.

Jusan Bank өз қызметін қалыпты жағдайда жалғастыра береді. Клиенттер алдындағы барлық міндеттемелер орындалады. ҚР Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі де қаржы институтының тұрақтылығын және банктің барлық заң талаптары мен пруденциалды нормативтерге сәйкестігін растады.

Еске салсақ, жақында Бас прокуратура Jusan тобын Қазақстанға қайтару жұмысы жүргізіліп жатқанын хабарлады.

2022 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап Бас прокуратура капиталды жымқыру және шет елге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында талдау жүргізді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 21 Ақпан, 2023 20:39
Талқылау