Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ізгі ниеттер: вице-министр балаларға смартфондар мен планшеттерді сатып алып беруге мәжбүрлеген

Екі эпизод бойынша айыпталған вице-министр Эльмира Суханбердиеваға қатысты елордада сот отырысы басталды. Өз кінәсін толығымен мойындаған әйел бас бостандығынан айырылмайтынына сенімді. Бұл туралы КТК арнасына сілтеп, Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

suhanberdieva

Вице-министр елордадағы №3-ші мектеп-гимназиясының бұрынғы директоры Елена Шеверняевамен бірге бір қылмысты жүзеге асырған. Шеверняева  мемлекеттік мектептің ішінен заңсыз жеке меншік гимназия ашып, ақылы түрде бала оқытқан. Ал, білім вице-министрі бұған аса қатты көңіл бөлмей,  заңсыздықпен айналысуға жол берген. Біреуі жеке меншік гимназияның директоры, екіншісі гимназияның үстінен қарайтын адам ретінде бірігіп, жылына 150 миллион теңге тауып отырған. Бұл Эльмира Суханбердиеваға тағылған бірінші айып. 

Заңсыз жолмен пайда көрген шенеунік бірінші қылмысымен шектелмеген. Ол министрліктен тендерді ұтып алуға үмітті бизнесмендерді тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың оқушы ұл-қыздарына телефон мен планшеттер сатып алып беруге итермелеген. Кейін сол гаджеттерді министрліктің атынан балаларға сыйға тартқан. 

Басына бір емес, екі айып тағылса да Суханбердиева сотта өзін сенімді ұстапты. Мұндай қадамға ізгі ниеттермен барғанын айтып отыр. Ол сотқа сөзін өткізе алатынына күмәнданбайды. Өзін сенімді ұстауының да өзіндік себебі бар. Тергеумен келісімге келген әйел өз кінәсін толығымен мойындаған соң, прокурор оны бас бостандығынан айырмай, 2500 АЕК немесе алты жарым миллион теңге көлемінде айыппұл салуды сұраған болатын. 

"Ниеті дұрыс. Ол жақта көпбалалы, жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар оқыды. Кәсіпке де зияны тиген жоқ. Бірақ заң бұзылды. Осы бөлімде заң бұзылды деп ойлаймын", — дейді шенеуніктің адвокаты Айгүл Әмренова.

Талқылау