Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ерлер ажыраспауға тырысады". Қазақстандық қыз Италиядағы әйелдің рөлі, ер адамдармен қарым-қатынас, азаматтық неке жайлы

29 жастағы Шуақ Амирова Италияның солтүстігінде тұрады. Еуропада Адам ресурстарын басқару мамандығы бойынша білім алып жатқан отандасымыз қазіргі тұрғылықты жерінің ерекшеліктері мен ер адамдармен қарым-қатынасы, италиялық қоғамдағы әйелдің рөлі жөнінде Stan.kz редакциясына сұхбат берді.

 – Шуақ, қай жердің тумасысыз, немен айналысасыз?

 – Италияда тұрып жатқаныма бір жылдан аса уақыт болды. Мұнда экономика мамандығы бойынша магистратурамның бірінші жылын аяқтадым, енді Адам ресурастарын басқару мамандығына ауысу жоспарлануда, себебі бұл сала мені қызықтырады, қарапайым тілмен айтқанда кадрлармен жұмыс бағытындағы сала. Өзім Қарағанды қаласының тумасымын. Мансап жолын 21 жасымда бастадым, Білім және ғылым министрлігінде, 5 жыл бойы мемлекеттік қызмет көрсету саласында жұмыс істеп, бухгалтер, қаржы, экономика саласында қызмет еттім.

  – Италияның ұнайтын және ұнамайтын тұстары?

 – Маған бұл жерде ұнайтыны - менің құқығым жақсы қорғалғандығы. Әрине, үй жалдау, келісімшартқа отырудың жұмысы көп. Бір жағынан жұмыс шарты бойынша да, үйді жалға алу мәселесінде де құқығыңның қорғалған екені сенімділік береді. Ешкім сенен пәтерді босатуды сұрап, кез келген уақытта шығарып жібере алмайды. Келісімшарт 4 жылға жасалса, осы уақыт бітпейінше, үй иесі сенің келісіміңсіз үйді сата алмайды. Осы тұрғыдан бұл ел маған ұнады.

Сондай-ақ,  мұнда адамдардың көзқарасы еркін, ешкім саған өзінің пікірін таңбайды: қандай жұмыс істеу керек, кімге күйеуге шығу қажет деген сияқты тақырыптарға ойын айтып, ұсынпайды. Италиялық отбасы мүшелерінде ешкім ешкімді сынап, мінемейді. Біреу супермаркет кассасында жұмыс істесе, бұл төмен деңгейдегі жұмыс деп оған мін артпайды. Сондай-ақ, университеттегі профессорлар студенттерді өзінің әріптестері деп қабылдайды. Мысалы, емтиханнан сүрінсең де, сені сынамайды, керісінше өзімен теңдей көреді. Әркімнің жеке кеңістігі бар, соған уақыт өте келе үйреніседі екенсің, өзіңнің де шекараларыңды бекітуді үйренеді екенсің.

Италияның тағы бір керемет тұсы - әйелдің құқығы жоғары. Жалпы адамның бостандығы жақсы қорғалады. Әйелге күш қолдану қатты жазаланады. Әйел ретінде біз физикалық тұрғыда әлсіз болғандықтан, құқықтарымыз нақты белгіленуі керек деп ойлаймын. 

 – Италиялықтардың қазақтардан айырмашылығы не ұқсастығын байқай алдыңыз ба?

Әр жексенбі сайын италиялықтар барлық отбасы болып жиналады. Мен солтүстік Италияда тұратындықтан, бұл жерде мигранттар көп. Отбасылық құндылықтарды жоғары қояды. Біз де Қазақстанда ата-анаға көмек көрсетіп, материалдық жағынан қолдау жасаймыз. Бұл әрине, дұрыс, себебі әке-шеше алдында қарыздармыз. Ал Италияда, мұндайды әлі көрген жоқпын. Ата-аналар тіпті, 35-40 жастағы ересек балаларына да көмектесіп жататынын байқайсың.

Көбісі туыстары, достары айтты екен деп, солардың алдында беделін асырамын деп мансап жолын қумайды. Италияның солтүстігінде баласының, жиендерінің жұмысына мүлдем араласпайды.

Италия мәдениеті жылдар бойы қалыптасқан. Қарапайым мысал, Шыңғысхан дәуірі кезінде Италияда Болон университеті болған, сондықтан Қазақстанмен салыстыру өте қиын.

 – Италиядағы әйелдердің рөлі қандай?

 – Ерлер әйелдерді қатты құрметтейді. Егер екі тарап некеге отыруға бекінсе, заң әйелдің құқығын қорғайды. Некеде бала туылатын болса, ерлер ажыраспауға тырысады. Себебі ондай жағдайда үй ер адамның атында болса да, әйелдің барар жері болмаса, әйелге қалады. Сондай-ақ, әкесі бала үшін алимент төлейді, егер әйел сотқа көмек керек екенін айтатын болса, ол өмір бойы жәрдемақы төлеуге міндетті болады. Осы тұрғыда, еркектер отбасы мәселесіне бей-жай қарамайды. Бұл жерде еркек пен әйелдің міндеттері анық айқындалмаған. Көп әйел өздері жұмыс істеп, табыс табады.

Осы уақытқа дейін жұптар арасында көнгіш, тіл алғыш, ерінің айтқанын орындап жүретін әйел көрген жоқпын. Олар не тепе-тең дәрежеде болады немесе әйелді қатты бағалайды. 

 – Аралас неке жиі кездесе ме?

 – Италияда аралас неке кездеседі, бірақ кең таралған деп айта алмаймын. Италиялықтар отбасын құру мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Олар үшін бір жыл үйленуге шешім қабылдауға жеткіліксіз. Көбісі некеге отырмас бұрын бірге тұрып көруге тырысады. Ресми түрде рәсімделген неке әйелді қатты қорғайтындықтан, ажырасу кезінде ер адамның позициясы әлсіз болады. 7-8, 20 жыл бірге тұратын, балалы болған, бірақ некеге тұрмаған отбасыларды кездестірдім. Мұндай жағдайдың өзінде заң ер адамды баласына кәмелет жасына толғанша қамқор болуға міндеттейді. Бұл отбасын құруға жауапкершілікпен қарау деген сөз, ең бастысы балалы болуды саналы түрде шешу.

Қазақстанда еркектерді балаға алимент төлеуге шақыратын баннерлер іліп қояды, бұл мен үшін өте ұятты дүние. Себебі мемлекеттің ер адамды өз баласына қамқорлық жасауға шақыру деген өте ұят нәрсе. Бұл ер адамның қанында, бойында болуы тиіс, оған ешкім мұны айтып түсіндірмеуі керек. Еркек "бала жасауға" жауапкершілік алатынын сезіну қажет. Осы тұрғыда шараларды қаталдандыру маңызды деп ойлаймын. Себебі ажырасу кезінде бала анасының қолында қалып жатады, бұл тек материалдың жағдай мен жүйкеге әсер ететін нәрсе. 

Мұнда балаға қатысты кез-келген қарым-қатынас заң тұрғысынан қатал бақыланады. Италиялықтар қандай да болмасын қарым-қатынасқа - ол азаматтық неке болсын, ресми неке болсын -  жауапкершілікпен қарайды. 

 – Италиялық ер адамдармен қарым-қатынас жайлы көп жазасыз. Қандай ерекшеліктер бар, италиялық ерлер қандай?

 – Италиялықтар махаббатын көрсетуге құмар, әдемі сөздерді қолданудың шебері. Еркектер өте сымбатты, өздеріне қатты қарайды, спортпен айналысады. Оларда 50 жастағы ер адамдар одан сайын сымбатты бола түседі, осы жасында кездесулерге барады. Көбі неке құрмайды немесе өте кеш үйленеді, сондықтан бойдақтар өте көп. 

Сондай-ақ, италиялық жігіттер әдемі киінеді, өздеріне қарайды, сақал-мұртын күтеді, салонға барады.

 – Ер адамдармен кездесу кезінде есте қалған қызықты оқиғалар болды ма?

 – Бір жолы интенертте бір жігітпен таныстым. Оның профилінде яхта жанында түскен бір ғана суреті болды, сымбатты жігіттің фотосына көзім түсті. 30-35 жастағы ер адам болса керек. Ал енді кездесу кезінде менің алдыма көліктен 55 жастағы ер адам шығып келе жатыр. Содан кейін оған "Сөмкемді ұмытып кетіппін" деп айттым дағы, тайып тұрдым (күледі-авт.). 

Бұл жерде оның өзіне деген сенімділігінің жоғары екендігін көруге болады. 

Ер мен қыз арасындағы қарым-қатынас барлық жерде бірдей емес. Кейбіреулер пәтерге, үйге шығындарды бөлеп төлейді. Оның барлығы алдын ала келісіледі. Жеке басым ер адам шығынның негізгі бөлігін өз мойнына алғанын қалаймын, осыны өз ер-азаматыма ашық айттым, себебі қазіргі уақытта мен студентпін, негізгі кірісім жоқ. Айта кететін дүние, мұнда гүл сыйлау қатты кең таралмаған. Бірақ мен маған гүл алу ұнайтынын, менің елімде бұған көп көңіл бөлінетінін айтып түсіндірдім.

 – Италияда көбі отбасылы болуды жауапкершілік санағандықтан, үйлене бермейді дедіңіз. Осы орайда, азаматтық неке жайлы көзқарасыңыз қандай?

 – Меніңше, міндетті түрде үйленбес бұрын бірге тұрып көру керек, себебі екі аптада бір көрісіп, бетіңізді әрлеп, ресторанда отырып кездесу, ол сізді үйге дейін шығарып салу - бір. Ал ол адаммен бір кеңістікті бөлісу, оның ашулы, шаршап тұрған кейіпін көру, әлсіз кезінде байқау -  бұл басқа әлем. Бірге тұрып көргеннен сол адамды одан сайын жақсы көруіп кетуің немесе керісінше оның кей мінезіне шыдамайтыныңа, онымен бірге тұра алмайтыныңа көз жеткізуің мүмкін. Үйленбей тұрып бірге тұрып көрсеңіз, отбасылық моделіңіздің қандай болатынын байқайсыз. Бізде отбасы үйленбей тұрып қайда тұратынын, күйеуінің қанша табыс табатынын білмей жатады.

Тіпті ата-анасымен бірге тұратын отбасылар бар, ол да дұрыс шығар, дәстүріміздің бір бөлшегі, оны сыйлаймын. Бірақ бір пәтерде бірнеше адам болып тұрып, әркім өзінің қағидасын, қалай өмір сүру керектігін айтып отырса, бұл адамның шегін, еркіндігін бұзу, құрметсіздік деп есептеймін. Себебі екі адам отбасын құрамыз деп шешсе, олар қалыптасқан екі тұлға болғандықтан, бір-бірін тыңдап, келісімге келу керек. Отбасында екі адам жаңа өмірді құру жолында еңбектенеді, сол жолда оларға сын емес, қолдау керек. 

 – Өзіңіздің жеке қарым-қатынасыңызға қанша уақыт болды? Сіз еріңіздің қандай қасиеттерін бағалайсыз?

 – Менің италиялық азаматпен сөйлесіп жүргеніме бір жылдан асты. Маған ер азаматымның қамқорлығы, әр нәрсеге қатты көңіл бөлетіні ұнайды. Егер мен шаршап тұрсам, маған ешнәрсе істетпейді. Ашуланып тұрсам, менімен дауласып кетпейді. Ол маған массаж жасап, тамақ жасап береді. Егер ол тамақ істесе, мен үстелді жинастырамын, ал мен жасасам ол үстелді жинай салады. Яғни ол менің сезіміме, жағдайыма, көңіл-күйіме қарайды. 

Азық-түлікті өз қалтамнан алып немесе шотты бөліп төлеу мен үшін ыңғайсыз болар еді деп барлығын алдын ала айттым. Бөлек тұрсам да, кейде оның үйіне қонаққа барып тұрамын. Жалпы мен айтқан нәрселердің көбісімен ол келісті, негізгі шығындарды ол өзі көтереді. Мысалы, саяхаттауға барған кезде, оның үйінде тұрған уақытта барлығын өзі қамтамасыз етеді.

Жігітпен бір үйде тұру олар үшін жуып-тазалау сияқты сол үйдің тіршілігін сен жасауың керек екенін білдірмейді. Үй тазалаушы адамдар келіп кетеді, мұндай әйелдерді тек ауқатты адамдар ғана емес, қарапайым отбасылар да шақырып отыруға мүмкіндіктері бар.

Карантин уақытында үйді екеуміз бірге тазаладық, ол маған көмектесіп, бөлмелерді бөліп жинастырдық. Мұнда тамақты да ер адам еш қиындықсыз жасай салады. Яғни бұл жерде үй шаруасы әйелдің мойнында деген түсінік жоқ. Ер адам да, әйел де жұмыс істейді, ал үй деген - екі адамның келіп дем алатын жері. Әйелдің еңбегі қатты бағаланады. Мысалы, ол жұмыста жүргенде, достарымен қыдырып кеткенде, мен үйді тазалап, тамақ істеп, оған қоса ыдыс жуатын машинаны қосып, ыдыс-аяқты кептіріп қойсам, одан бөлек тағы бауырсақ пісірсем, ол маған керемет бір нәрсе жасағандай алғыс айтады. Яғни әрқашан алғыс айтылады. Тамақ дәмді болмаса да ол рахметін айтады. Осы нәрсе маған қатты ұнайды. 

 – Италиялықтардың бала тәрбиесіне қандай көңіл бөледі?

 – Бала құлап қалса, қалыпты нәрсе ретінде қабылдайды. Осыған дейін олардың балаға ұрысқанын көрмеппін. Баланы "amore" - "махаббатым менің" деп атайды. Балаға меншік ретінде қарамайды, тең дәрежеде көреді, егер бала көнбей жатса, оған ақырындап түсіндіреді. 

 – Расизм, сексизммен бетпе-бет келген кездер болды ма?

 – Мұнда расизм, сексизмді мүлде кездестірмедім, бұл жерде кез келген сексуалдық орентацияға қалыпты түрде қарайды. Ал сексизм мүлде болған жоқ. 

Карантин кезінде метрода расистік көзқарастардың болғанын байқадым, бірақ ең қызығы бұл италиялықтар тарапынан емес, жергілікті мигранттар, араб елдерінің өкілдерінен байқалды. 

 – Отанға оралу жоспарыңызда бар ма?

 – Қазақстанға оралу жайлы қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Еуропада өмір сүру маған әлдеқайда жеңіл. Ешкім өз ойын, пікірін таңбайды. Өмірімді, мансабымды Еуропада жалғастырғым келер еді. 

– Өзіңізді жетістікке жеттім деп есептейсіз бе? Сіз үшін жетістік немен бағаланады?

 – Жетістікті әркім әртүрлі бағалайды. Біреу үшін бұл есепшоттағы қаржы болса, енді біреу үшін мансап, келесі адам үшін бала болуы мүмкін. Менде жетістікке жету бойынша ешқандай шектеулер, уақытқа тәуелділік жоқ. Мен үшін күнделікті даму, өзіңнің мықты тұстарыңды анықтау, қабілетті шыңдау жетістік болып саналады.

Замауани әйел үшін жетістік өз сүйетін ісіңмен, қолыңнан жақсы келетін кәсіппен айналысу. Екіншіден, қаржылық тұрғыда тәуелсіз болу. Өзің қалауың, қажетіңе қолжетімділік, жұмыс, достар, жеке өмір, әлеуметтік өмір арасында үйлесімділік таба алу бұл да табыс. Жұмысың қоғамға, әлемге қандай да бір көмегін тигізуі мен үшін маңызды. Мысалы, мен адамдармен жұмыс істеу арқылы, оларды кішкене болсын бақыттырақ етуге тырысқым келеді. 

 – Өзіңізді қалай дамытып жүрсіз? Осы бағытта қандай кеңес бересіз, қандай кітап оқуды ұсынасыз?

 – Қазіргі 29 жасымда тәртіпке үйреніп жүрмін, психотерапия мен үшін маңызды. Мәскеуге барып медитация курсын бітіріп келдім. Алматыда психология, өзін-өзі тану бағытында курсқа қатыстым. Өзін-өзі жетілдіру, дамытуға бірден-бір маңызды қадам - спорт, қанша қарапайым естілсе де, дені саудың, жаны сау. Психикалық, физикалық денсаулыққа баса назар аудару керек.

Адам өзінің құны мен сенімділігін жетілдіру маңызды. Сол кезде ол өзгелерге өзін төмендеткізбейді. Жұмыста еңбегінің қадірін білетін болады, жалақысын көтеруді ұялмай сұрайтын болады, жеке өмірде де өзін режітуге жол бермейді. Мұның бәрі кішкене нәрселерден: өзінің сүйікті тәттіңді алып жеуден, өзіңе демалыс жариялаудан басталады. 

Мен ұсынатын кітаптардың ішінде Анатолий Некрасовтың "Материнская любовь" кітабы маған қатты ұнады, меніңше бұл туындыны әрбір адам оқуы тиіс. 

 

Талқылау