Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Испания чемпионатының "Эспаньол - Барселона" ойыны өтіп жатқан стадион маңында жанкүйерлерді көлік қағып кетті

Фото: скрины видео

Испания чемпионатының 36-тур аясындағы "Эспаньол" мен "Барселона" арасындағы матч алдында "Корнелья-Эль Прат" стадионы маңында қайғылы оқиға болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

As басылымының хабарлауынша, белгісіз жүргізуші жанкүйерлер тобын қағып кеткен. Оқиға салдарынан 13 адам зардап шекті: төртеуі орташа ауырлықтағы жарақат алған, тоғыз адам жеңіл жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Полиция оқиғаны жазатайым жағдай деп бағалауда. Ақ түсті Peugeot 208 көлігінің тізгініне 45–55 жас аралығындағы әйел отырған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол бір қызды абайсызда қағып кетіп, жанында тұрған адамдар айғайлап, көлікке заттар лақтыра бастаған. Қорыққан жүргізуші абайсызда газды басып жіберіп, көпшіліктің үстінен өтіп кеткен.

"Оқиға орнындағы кадрлар жағдайдың күрделі екенін көрсеткенімен, жағдай жылдам бақылауға алынды, жүргізуші ұсталды", – деп жазады As.

Осы жағдайға байланысты “Корнелья-Эль Прат” стадионындағы ойын біраз уақытқа тоқтатылып, бірақ кейін қайта жалғасты.

Фото: скрин матч “Эспаньол – Барселона”

Кездесу 2:0 есебімен "Барселонаның" пайдасына аяқталды. Бұл нәтижемен каталониялық клуб Ла Лига чемпионы атағын мерзімінен бұрын жеңіп алды. "Эспаньолдың" бірқатар жанкүйерлері наразылық ретінде трибуналарды тастап кеткен.

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтауды жалғастыруда.

Абылайхан Палмағанбет
Жұма, 16 Мамыр, 2025 11:29