Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ішкі істер министрі видеотіркегішті заңсыз қолданған полицейді жазалады (видео)

Жезқазған полиция басқармасының патурльдік полиция ротасының қызметкері видеотіркегішті заңсыз қолданғаны және жол ережесін бұзғаны үшін тәртіптік және әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Қоғам белсендісі Жан Ботанов полиция қызметкерінің заң бұзушылық әрекеттері туралы ішкі істер министріне хабарлаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі  

Ішкі істер министрі видеотіркегішті заңсыз қолданған полицейді жазалады

Сурет: Жан Ботанов

Айта кетсек, Қазақстанда жол-патруль полицейлеріне қала мен ауылдарда радар қолдануға тыйым салынған. Алайда куәгер түсірген видеода полицияның қызметтік көлігінде отырған полицейдің видеотіркегіш ұстап, жанынан өтіп бара жатқан көліктердің жылдамдығын тіркеп отырғаны көрінеді.

«Бізде полиция қызметкерлері адамдарға ор қазуда. Жолдың сол жақтағы шеткі жолағында сағатына 45 шақырым жылдамдықпен жүріп келеді. Қараңыздар, қолында радар бар», - дейді видео авторы. 

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қоғам белсендісі Жан Ботановтың бастамасымен бұл жайттан хабардар болды.

«Полиция қызметкері қызметтік көлігінде бірнеше бұзушылыққа жол берді. Ол қала аумағында жанынан өтіп бара жатқан көліктердің жылдамдығын өлшеді. ІІМ-нің елді мекендерде тасымалданатын радарларды қолдануға тыйым салу туралы 15 шілдеде күшіне енген бұйрығы бар. Қалалар мен ауылдарда мұндай мақсатта автоматты режимде жұмыс істейтін видеотіркегіштер бар. Сонымен қатар полиция көлігі жолдың басып озу жолағы саналатын сол жақтағы жолағымен сағатына небәрі 45 шақырым жылдамдықпен жүріп келе жатты», - деп жазған қоғам белсендісі Жан Ботанов.

Өз кезегінде ішкі істер министрі дәлелдерді тексеріп, қабылданған шаралар туралы хабарлады. 

«Сіздің өтінішіңіз бойынша тексеріс жүргізіліп, соның нәтижесінде Жезқазған полиция басқармасының патрульдік полиция ротасының полицейі жол ережесін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 615-бабы 1-тармағына сәйкес (Жол ережесі талаптарын орындамау) әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар дәл осы қызметкер тасымалданатын видеотіркегішті пайдалану ережелерін бұзғаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Оған қоса «Визир 2М» маркалы жылдамдық өлшегіш құралды пайдалану арқылы техникалық регламентті бұзу дерегі расталған жоқ. Себебі техникалық сипаттамасы бойынша, аталған құралды тұрақты және автопатрульдік режимдерінде қолдануға болады», - деп жазды ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз блогында. 

Сонымен қатар министр авторға белсенді азаматтық ұстанымы мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Талқылау