Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ішек ауруларын тудыратын таяқшалар табылды: Елордада супермаркеттердің тең жартысындағы тағам жеуге жарамсыз

Супермаркеттерінің тең жартысындағы тағам жеуге жарамсыз. Олардың басым бөлігінің мерзімі өткен. Ең сорақысы, азық-түліктен ішек ауруларын тудыратын таяқшалар табылыпты.

Ішек ауруларын тудыратын таяқшалар табылды: Елордада супермаркеттердің тең жартысындағы тағам жеуге жарамсыз

Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары хабарлады. Олардың сөзінше, сатушылар жарамдылық уақыты өтіп кеткен әрі құрамы таза емес өнімдерді сатып келген. 

Тіпті, кейбір өнімнің қабында жарамдылық мерзімі, өндірілген орны, құрамы туралы мәліметтер көрсетілмепті. Сонымен, тағамдарды зерттеу барысында қауіпті болып шыққан өнімдер қандай? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бас қаланың сауда орындарындағы азық-түлік аса қауіпті. Осы жылдың маусымында 483 тағам өнімін тексерген мамандар осылай деп дабыл қағуда. Себебі 14 супермаркеттің 178 өнімі талаптарға сай болмай шыққан. Ал 61-түрінде сыртқы таңбалануы дұрыс жасалмапты. Алайда сатушылар ақша табу үшін мерзімі өткен тағамдармен халықты улап келген дейді маман. 

"Сақталу мерзімі өтіп кеткен өнімдердің ішінде жаңағыдай бірнеше күннен бірнеше жылға дейін сақталу мерзімі өтіп кеткен. Мысалы 3 жылға дейін мерзімі өтіп кеткен өнімдер анықталды. Соның ішінде балалардың тамағы да бар. Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша ішек ауруларын тудыратын таяқташалар табылып жатыр. Бұндай өнімдерді алған кезде жаңағыдай әртүрлі жұқпалы аурулар, улану процесстері болуы мүмкін", -дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілі Қарлығаш Әбдішева. 

Ол аздай "халал" деген шұжықтардың құрамы да таза болмай шығыпты. Тіпті, жылдап сөреде тұрып ашыған сүт өнімдері де сатылымда дейді мамандар. Көпшілік жиі тұтынатын шай, кофе, сусын мен жарманың сапасы да күмәнді. Өйткені мұқабасында халыққа қажетті ақпарат атымен жоқ дейді жұрт. 

Сонымен жүргізілген зерттеу нәтижесінде ет өнімдерінің 18 % -ы, балықтың - 11% -нан бактерия табылған. Ал, құс етінің 16% -ның таңбалануы дұрыс емес болып шыққан. Сүт өнімдерінің 24 % -ы, кондитерлік тәттілердің 41 %-ы, азпаз қолынан шыққан тағамдар мен лимонад, шырындардың  31 %-ы жарамдылық мерзімі өтіп кеткені белгілі болыпты. 

Қауіпті тағам түрлері:

Ет өнімдері 18 % 

Балық - 11 %

Құс еті - 16 %

Сүт өнімдері - 24 %

Кондитерлік тәттілер - 41 %

Аспаздық тағамдар - 31 %

Лимонад пен шырын - 31 %

ДДСҰ-ның мәтіметінше, жыл сайын әлемде 420 мың адам қауіпті азық-түліктің кесірінен көз жұмады. Сондықтан дамыған елдер әр супермаркеттің жанында сатып алынған тауардың сапасын тексеретін орталықтарды іске қосқан. Ал, Қазақстан зиянды азық-түлікті сатып алудан көш бастап тұр дейді маман.

“Өкінішке орай,отандық тұтынушылардың құқығы мүлде қорғалмаған. Алайда, тағам сапасы мемлекеттің қатаң бақылауында болуы керек. Көршілес елдердің көбінде азық-түлік сапасы бойынша жүйелі тексеру, бақылау бар. Бізде жоқ. Мысалы, әлемнің өзге елдері қауіпті деп бас тартып жатқан пальма майын қазақстандық кәсіпкерлер тонналап сатып алады. Ал, ол сүт, кондитер өнімдерін дайындауға қолданылады. Бұл улау емес пе?", - дейді "Әділет" тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы басқарма төрағасының  орынбасары Тұрсын Жақпаров.

Зерттеу нәтижесіне сай, елордадағы 14 сауда орнына 7,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Алайда тұтынушылар құқығын қорғаушылар бұндай жеңіл жазамен тоқтауға болмайды деген пайымда. Бұған қоса, шетелдерден тағам өнімдерін таситын кәсіпкерлерді тексеруді қолға алу керек деп отыр. 

 

Талқылау