Итті "лас жануар" деп атап, арам деп таныған: Иранда иттерді серуендетуге тыйым салынды
Фото: EPA.com
Иран билігі елдің 18 қаласында иттерді серуендетуге тыйым салды. Заң әуелі 2019 жылы ел астанасы Тегеранда енгізілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Енді елде үй жануарларын серуендетіп қана қоймай, оларды жеке көлікпен тасымалдауға да тыйым салынды. 1979 жылы Ислам революциясынан бері Иран билігі иттерді "лас жануар” деп санайды. Оларға иелік ету Батыстың елге ықпал ету символдарының бірі саналады.
Иран заңдары иттерді ұстауға тыйым салмайды, бірақ соңғы жылдары Тегеранда үй жануары иелеріне қатысты қатаң шаралар қабылданып жатыр.
2010 жылы Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі үй жануарларының иелеріне арналған жарнамалық өнімдерге тыйым салды.
2014 жылы Иран парламентінің мүшелері ит серуендейтіндерге айыппұл салатын, тіпті көпшілік алдында қамшылайтын заң қабылдауға тырысты, бірақ бұл шаралар жеткілікті қолдау таппады.
2019 жылы Тегеран иттерді серуендетуге тыйым салды. Полицияға үй жануарларын тасымалдайтын көліктерді тартып алуды және лицензиясы жоқ ветеринарлық клиникаларды жабуды бұйырды. Жексенбіде иттерді серуендетуге тыйым салынған Илам қаласындағы үкімет қызметкері тәртіп бұзушыларға қатысты "заңды шара қолданылатынын" айтты.
Батыстағы Хамедан қаласының прокуроры Аббас Наджафи журналистерге: "Иттерді серуендету халықтың денсаулығына, тыныштығы мен жайлылығына қауіп төндіреді", деді.
Неліктен ислам заңы иттерді "лас" деп санайды
Ирандық консерваторлар ит ұстауға жол берілмейтіні туралы сөз қозғағанда "нажас" немесе арамдық ұғымына сілтеме жасайды. Осылайша олар Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) "ит жүрген үйге періштелер кірмейді" деген сөзін еске түсіреді. Бұл мәселе бойынша Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеидің де жарлығы бар. Ол егер жануарлар бағуға, аң аулауға немесе күзетуге пайдаланылмаса, иттерді ұстау тәжірибесі "айыптауға тұрарлық" деп мәлімдеді.
Хаменеи исламдық құқық тұрғысынан ит ұстауға тыйым салынғанын (егер ол исламдық емес мәдениетке еліктеу үшін жасалса, харам деп есептелетінін) қосты.
Дегенмен Иранда ит ұстаушылар саны айтарлықтай өсіп келеді. Бұл көрсеткіш әсіресе қала жастары арасында байқалады. Көпшілік мұны адамдардың жеке бас бостандығын шектеуді көздеп отырған Иран билігіне наразылықтың бір түрі деп санайды.
Мемлекетке қарасты Borna ақпарат агенттігінің хабарлауынша, әрбір он ирандықтың біреуінің үй жануарлары бар.
Үкіметтің әрекетіне қарсылар, оның ішінде актер әрі сценарист Мехраб Касемхани бұл тыйымдар 12 миллион ирандықтың өміріне әсер етуі мүмкін дейді.
"Осы нормативтік актілердің авторлары оның салдары туралы ойлады ма? Ал шағын топтың жеке қалауын соншалықты көп адамға таңу жаппай наразылыққа әкелуі мүмкін”, – деп жазды ол.
Соңғы жылдары енгізілген шектеулерге қарамастан Тегеранда және елдің басқа қалаларында халық жануарларын серуендетуді жалғастырып жатыр. Кейбіреулер түнде серуенге шығып, шалғайдағы жерлерге барады. Басқалары үй жануарларын елсіз жерде серуендету үшін көліктерге отырғызып әкетеді.
Айта кетейік, бұған дейін Иран хиджаб кию ережесін сақтамаған әйелдерді дронмен бақылайтыны туралы жазған едік.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
