Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ине" - "іне", "схема" - "шема": Тоқаевтың тапсырмасынан кейін латын қарпіндегі қазақ әліпбиінде не өзгереді

Таяуда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшу туралы сөз қозғап, әліпбиде кемшіліктер барын айтқан еді. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының ғылыми хатшысы Анар Фазылжан президенттің қандай кемшіліктерді нұсқағанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Негізінен диграфтар төңірегінде дау туып отыр. Бұл бір дыбысты беру үшін екі әріптің қолданылуы. Біздің әліпбиде мұндай екі әріп бар Ш (sh) және Ч (ch). Осы әріптерді қолданған кезде адамдарда көптеген сұрақ туындайды. Көбі дұрыс оқымайды. Мысалы, байқау сабақтарында оқушылар «схема» сөзіне «шема» (shema) деп оқыды», - деді Анар Фазылжан ОКҚ брифингінде.

Оның сөзінше, сонымен қатар И (ı) және І (i) әріптеріне қатысты да дау туындаған. Себебі олар бас әріптен жазылғанда, бір-бірінен айырмашылығы жоқ.

«Ине» сөзін «іне» деп оқуы мүмкін. Немесе, керісінше, «ішік» сөзін «ишік» деп оқуы ғажап емес. Болашақта мұндай қателіктерге жол бермеу үшін, президент әліпбиді реттеуді тапсырды», - дейді орталықтың ғылыми-хатшысы.  

Сондай-ақ, Анар Фазылжан қоғамда көтерілген сұрақтардың ешбірі назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Орфографиялық комиссия барлық мәселені шешеді, дейді. 

Еске сала кетсек, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасына көшу туралы айтып, бүгінде әліпбиде кемшіліктер бар екенін атап өткен еді.

Талқылау