Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ильин Ми-8 экипаж мүшелерінің суықтан үсіп өлгені туралы ақпаратқа түсінік бере алмады

Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Батыс Қазақстан облысында апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағы экипаж мүшелерінің қалай қаза тапқаны туралы ақпаратқа түсінік бере алмады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Қазір комиссия жұмысын жалғастырып жатыр. Сондықтан комиссия тікұшақ апаты мен қызметкерлеріміздің өліміне қатысты өз үкімін шығармайынша, мен әзірге түсініктеме бере алмаймын. Әлбетте, біз де осы апатқа қатысты ішкі қызметтік тергеу жүргізіп жатырмыз", – деді Ильин сейсенбіде үкімет кулуарында.

Айта кетейік, зардап шеккендердің бірінің туыстарының айтуынша, марқұм жарақаттан емес, құтқарушылар келгенге дейін үсіп, қайтыс болған. Олар марқұмдардың денесінде ауыр жарақаттар болмағанын айтқан.



Еске салайық, 23 ақпанда төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы мұнай құбырының үстінен ұшып бара жатып, апатты жағдайда қонғаны хабарланған. Ұшақ Батыс Қазақстан облысының Чапурино ауылынан 6 шақырым жерге қонған. Тікұшақтың бортында бес экипаж мүшесі мен екі жолаушы болған. Сол күні тікұшақтағы 4 адамның көз жұмғаны белгілі болды. "Қазавиаспас" тікұшағы апатынан қаза тапқандар төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "Қазавиапас" мекемесінің қызметкерлері. Тікұшақ апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

24 ақпанда Ми-8 ұшағын пайдаланатын барлық компания Қазақстанда жоспардан тыс тексеруден өтетіні белгілі болды.

24 ақпанда төтенше жағдайлар министрлігі апатқа ұшыраған тікұшақтың бір айға жуық уақыт бұрын ғана техникалық қызмет көрсетуден өткенін хабарлады.

Ақберен Амангелді
Сейсенбі, 28 Ақпан, 2023 12:08