Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ІІМ Шамалғандағы ауыр апат туралы: Автобус бағдаршамның қызыл белгісіне өтіп кеткен

Ішкі істер министрлігі Алматы облысының Шамалған станциясында орын алған жол апатына қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, автобус жүргізушісі бағдаршамның тыйым салатын белгісіне қарамай өтіп кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«2019 жылғы 15 қыркүйекте сағат 19:08-де «Алматы-Шамалған» жолының реттелетін темір жол өткелінде №43 «Алматы-Қостанай» жолаушылар пойызы мен бағдаршамның тыйым салуына қарамай темір жолға шығып кеткен №456 «Алматы - Шамалған» бағытында жүретін «Сетра» маркалы автобусының қақтығысуы орын алды. Пойыз машинисі тарапынан шұғыл тоқтау шаралары қабылданғанымен, қақтығыстың алдын алу мүмкін болмады. Қақтығыс салдарынан автобус жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды», - делінеді хабарламада.

ІІМ мәліметінше, автобустың зардап шеккен үш жолаушысы Қарасай аудандық ауруханасына жатқызылған.

Оқиға орнында көліктегі полиция департаментінің және Алматы облысы полиция департаментінің тергеу-жедел тобы жұмыс жасауда. Олар тиісті тергеу шараларын қабылдауда.

Сонымен қатар ІІМ оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 344-бабының 2-тармағына (Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді. 

Орын алған жағдайдың себебі мен мән-жайын анықтау мақсатында ішкі істер министрлігі мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қызметкерлері есебінен комиссия құрылып, оқиға орнына жіберілді.

Еске сала кетсек, ірі апат Алматы облысының Шамалған станциясында орын алды. Автобус жүргізушісі сигналдарға қарамастан теміржолға шығып кеткен. Салдарынан үлкен жылдамдықпен келе жатқан пойыз автобусты қағып кетті. Оқиға орнында бір адам қаза тауып, тоғыз адам жарақаттанды. Олардың екеуі - бала, біреуі - әйел адам. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі жол апатына қатысты Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында көңіл айтып, тергеу амалдары басталғанын хабарлады. 

Талқылау