Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жынды суға үйренген заманда қайтіп түзейсің?": Тұңғышбай Жаманқұлов атасының 5 сағат бойы намаз оқып, тоқтамай жылағанын айтып берді

Қазақ өнерінің шоқтығы биік болуына үлкен үлес қосып, театр мен кино саласына өмірін арнаған Тұңғышбай Жаманқұлов бала күнін есіне алып, ұмытылмас сәттерін бөлісті. Әкесі мен атасының арасында болған оқиғадан қандай сабақ түйгенін ол Nur Tiley бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Халық әртісінің сөзінше, оның әділдікке, сөз құдыретіне деген махаббаты мен құрметі кей жағдайларға үндемей, көз жұма қарауға жол бермейді екен. "Шындықты іздеуді тоқтатпаймын. Мүмкін мінезім, әдетім сондай болар", — дейді ол.

Әйтсе де актердің айтуы бойынша, батылдық, шындықты айтудан қорықпау —  бала күні бойына біткен қабілет емес. Кішкентай кезінде ол боркеміктеу болған екен. 

"Менің әкем Қадір "Сталинский тәртіппен" өскен. Бірінші және тоғызыншы мамырда галифе киіп жүретін. Мұртты Сталинше қоятын. Сол кездері, яғни алпысыншы жылдары қазақтар жынды суға көбірек болды. Қадір күші көп, қайда жұмсарын білмейді. Барады да темір жолды тоқпақтап келеді. Содан кейін қас қарайғанша шөп шабады. Он бір баласын асырау керек, мектеп келіп қалды, киім алу керек дегендей. Әкем орған шөбін базарға апарып сатады. Темір жолдың тақыл-тұқыл айлығы жетпейді. Содан барып, жанағы кейде шаршап...Жолдастары келгенде: "Көке, ішпесеңізші, жұрттан ұят қой. Тұңғышбайдың әкесі ішіп келеді деп айтады", — деймін. Сонда: "Сен маған ақыл айтпашы, ұнамаса, көшке берген тайлағыңды қайтып ал. Сыйласаң, сегіз кісімін. Сыйламасаң, бір кісімін, бар",- дейтін. Шалдың еркесі болатынмын", — деді актер күліп. 


Тағы оқыңыз:


Халық әртісінің сөзінше, әкесінің бұл ісін бір күні атасы біліп қойып, ұрысқан. Арақ дегенді жұрт көптеп ішетініне күйініп, бес сағат бойы намаз оқып, жылаған екен. 

"Бір күні атам келіп қалды. Әкем демалыс күні базарға барып, кішкене вино ішіп келген. Атам соны біліп қойды. Әкем атамды көрсе, қорқып қашатын. Сыйлайды ғой. Көкеме: "Бері кел", - деп қасына шақыртып алды. Қалай екенін білмеймін, жағадан алды да, жығып, үстіне шығып алды. Маған: "Пышақ әкел", - дейді. Көзім бақырайып кеткен. Әкем болса: "Алып кет, алып кет мына шалды",- деп жатты. Сол күні атам ұрысып-ұрысып алды да, төр бөлмеге барып, бес сағат намаз оқыды. Қасында отырдым, жылады. "Ей, Алла, халқымды жынды суға үйренген заманда қайтіп түзейсің? Балам, халқым не болып бара жатыр",- деп ботадай боздап отырды. Мен де атама жаным ашып жыладым. Көкем ұйықтап қалған. Сол суретті көріп, кішкене боркеміктеу болып өстім. Шындықты айтып, шындықтан таяқ жей берген сайын қатайғаным рас", — дейді Халық әртісі. 

Сұхбат барысында Тұңғышбай Жаманқұлов, әртістердің жағдайы нашар екенін, театрдің жас актері 27 мың теңге көлемінде айлық алатынын айтып өтті. 

 

Талқылау