Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халықтың пікіріне құлақ асу керек": Мұхтар Тайжан жер мәселесін көтерді

Бүгін мемелкет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен президент жанындағы қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің алғашқы отырысында кеңес мүшесі Мұхтар Тайжан жер мәселесін көтерді. Ол қазақстандықтар жердің шетелдіктерге жалға берілгенін қаламайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. 

«Халықтың тілегі бар: жер шетелдіктерге жалға да берілмесін. Олар, тіпті, жерді өз азаматтарымызға да сатудың қажеті жоқ екенін айтады. Халықтың пікіріне құлақ асу керек. Біз жер мәселесін дұрыс ретке келтіруіміз керек. Жер – халықтың, біздің экономикамыздың негізі. Әрине, игерілмей жатқан жерлер тартып алынуы қажет», - дейді Тайжан.

Сонымен қатар ол игерілмеген жерлерді анықтау үшін ғарыштық бақылауды қолдануы керектігін айтты.

«Латифундизмге шектеу қою үшін, бірыңғай салық қажет. Ол жерлерді иемденіп алғандар бүгінде салық төлеп отырған жоқ. Егер шаруа жерді игеріп, онымен айналысса, салықтың 7-8 түрін төлеуі тиіс», - дейді ұлттық кеңес мүшесі.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жердің шетелдіктерге сатылмайтынын қайталап айтқан еді.

Талқылау