“Есі дұрыс емес”: Ақтөбеде екі баласын тұншықтырып өлтірген әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылды
Фото: Stan.kz
Ақтөбе соты мектепті үздік оқып, үш бірдей жоғарғы оқу орнын бітірген, қызыл дипломы бар 29 жастағы әйелді мәжбүрлі емдеуге жіберді. Босанғаннан кейін күйзеліске түскен әйел 11 айлық қызы мен 3 жасар ұлын есі дұрыс емес жағдайда өлтірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі бүлдіршіннің өліміне қатысты істі қарауды тоқтатты. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі (Адам өлтіру, дәрменсіз күйде) бойынша қылмыс жасады деп айыпталған 29 жастағы балалардың анасы Гүлжанат Дәулетбаева қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
“Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты есі дұрыс емес күйде жасаған Гүлжанат Дәулетбаева қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын. Қылмыстық кодекстің 93-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес, Гүлжанат Дәулетбаеваға жіті бақыланатын мамандандырылған пситиатриялық ауруханада мәжбүрлеп емдеу тағайындалсын. Жас балаларын көпшікпен өлтірген. Өлтірген кезде есі дұрыс емес жағдайда болған. Сот сараптама қорытындысы іске тіркелген”, – деді судья Нұрлан Бақтығалиев.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 23 наурыз айында болды. Әкесі науқастанып қалған қызын Атырау облысының Сағыз ауылынан Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласындағы өз үйіне әкелген. Балалар нағашы атасының үйінде көз жұмды. Сотта 11 айлық қыз бен 3 жастағы ер баланың мұрны мен ауызын жұмсақ затпен қысудан көз жұмғаны айтылды. Балалардың тыныс алу жолдарына қан құйылған. Қылмыстық іс екі томдық. Сотқа әйелдің күйеуі жәбірленуші ретінде қатысты. Ағасы сотталушының заңды өкілі, әкесі куәгер ретінде шақырылған.
Сотта жалғызбасты әке төрт баласын өзі аяқтандырғанын айтты.
“11 наурыз күні Сағызға шақырды. Ауырып жатыр деп айтты. Бардым сонда. Ол кезде қызымда депрессия болды. Алып келіп, имамға апардым, невропатологқа апардым. Бір апта бойы менің үйімде болды. Ақтөбеде психолог, психиатрға апарған соң жақсарып, демалды. Күйеу балама алып кет дегенде “мал бағып жүрмін, қарайтын ешкім жоқ” деді. 26 наурызда психологқа барамыз деп отыр едік. Сол күні мен жұмыста жүрдім, маған хабарласты. "Папа балаларды тұншықтырып тастадым" деді. Шешесі 2017 жылы жүректен қайтыс болды. 4 балам бар. Үлкені мүгедек. Бәрін үйлендіріп, аяқтандырдым. Осылар үшін жүрдім. Қызым өз қолымда өсті. Таэквандодан облыс чемпионы болды. Ауруханаға түскен адам емес еді”, – деді сотталушының 59 жастағы әкесі Балабай Дәулетбай.
Фото: Stan.kz
Ал ағасы қарындасының соңғы кезде жағдайы дұрыс болмағанын айтты.
“Ондай жағдайға есі дұрыс адам бармайды. Тұрмыс-тіршіліктің де үлкен әсері болған. Ауырып жүрген соң ертерек қарау керек еді. Бойдақ емес, тұрмыстағы адам. Екі бала туды. Күйеуі бар. Біз де жауаптымыз, ақша салып отырдық. Ауырып жүрген кезде дәрісін де алды. Жеке емханаларға қарады. Баласын да қарасты. Қарындасым үш оқу орнын бітірді. Қызыл диплом алды. 11-сыныпты үздік бітірді”, – деді ағасы.
24 сәуір 2025 жылы психотерапевтің сараптамасы тағайындалған. Сот психологиялық-психиятриялық сараптамасына сәйкес, күдікті депрессиялы параноидты синдром түріндегі созылмалы психикалық бұзылысқа шалдыққан.
Балаларын өлтірген әйел Гүлжанат Дәулетбаева 1996 жылы Байғанин ауданында туған. Білімі жоғары. Атырау облысының Сағыз ауылына тұрмысқа шыққан, сол жақта жолдасымен, балаларымен бірге тұрады.
Әйел қазір Алматы облысы Талғар ауданындағы психикалық емдеу орталығында жатыр.
Еске салайық, 23 наурызда Қандыағаш қаласында 3 және 11 жастағы балалардың денесі табылған еді. Балалардың өліміне күдікті ретінде анасы ұсталды.
Бұған дейін Ақтөбе соты екі баласын өлтірді деп айыпталған әйелдің ісін қарауды бастағаны туралы жазған едік.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
