Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Ерлік үлгісін көрсеткен батыр: Кеңес Одағының батыры Сұлтан Баймағамбетовтың майдандағы ерлігі

Ленинград майданында шайқасқан 47-ші атқыштар полкінің пулемет бөлімінің командирі, аға сержант Сұлтан Баймағамбетов қан майданда ыстық оқ атылып жатқан пулемет амбразурасын кеудесімен жауып қалып, ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының батыры. Ленинград үшін болған қатал ұрыста қазақстандық батырлар көп болды. Олардың жеңіске қосқан үлесі орасан зор. Міне, сол сұрапыл соғыста ерлік үлгісін көрсеткен батырлардың бірі Сұлтан Баймағамбетов. Бүгінде Stan.kz ақпарат агенттігі Ұлы Отан соғысында өшпес ерлік көрсеткен ұлт мақтанышы Сұлтан Баймағамбетовтың ерлігін еске ала отырып, қазақтың батыр ұлының өмірбаянын ұсынады.

Сұлтан Баймағамбетов Біржанұлы 1920 жылы 1 сәуірде (басқа дереккөздерде 21 ақпан деп көрсетіледі) Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданындағы Қоянды-Ағаш деп аталатын ауылда қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ол Орта жүздің ішіндегі Байғұлақ руынан шыққан. 1920 жылдардағы ашаршылық салдарынан ата-анасын ерте айырылып, жетім қалды. Содан кейін әпкесі Зейнептің қолында тәрбиеленді.

1937 жылы Қоянды-Ағаш ауылында өрт шығып, ағаштан тұрғызылған мектеп өртеніп кетеді. Сондықтан, бала Сұлтан 6-7 сыныпты Қарақалпақтың  жеті сыныптық панасыз балаларға арналған мамандандырылған «бюджеттік мектеп-интернатында» оқыды. Ол Қарақалпақ кентінде оқығанымен, сабаққа шамамен 7 шақырым жерде орналасқан Қоянды-Ағаш ауылынан қатынады.   

Сұлтанның мінезі мектеп кезінен қатал болды. 7-сыныптың басында оны бұзықтығы үшін мектептен шығарып жібереді. Қарақалпақ мектеп-интернатынан шығарылғаннан кейін Сұлтан бір ай көлемінде оқымады, әпкесіне шарушылық жұмыстармен көмектесті. Ал 1937 жылы білім беру реформасының 2 жылға төмендеуіне байланысты, Сұлтан Әулиекөл орыс орта мектебіне 5 сыныпқа қабылданып, осы оқу орнын бітіріп шығады. Алайда, материалдық жағдайына байланысты оқуды жалғастыра алмады.

Содан кейін Сұлтан пошта бөлімшесіне кассир болып жұмысқа орналасып, көп ұзамай Құмсу ауылында почта бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Кейіннен ол Семиозерное ауылына көшіп кетеді.

1940 жылдың қазан айында Сұлтан Баймағамбетов қызыл әскер қатарына шақырылды. Сөйтіп, полктік мектепті бітіреді. Ал, 1941 жылдың маусымнан бастап Ұлы Отан соғысына қатысып, Ленинград маңында шайқасады.

1943 жылы Ленинград майданының Синявино бөлімшесінде кеңес әскері фашистерге шабуыл жасау туралы бұйрық алады. Осы кезде неміс фашистері пулеметпен оқ жаудырып, кеңес жауынгерлері жеңіліске ұшырайды. Сол кезде Сұлтан Баймағамбетов 67-ші әскер, 43-атқыштар дивизиясы, 147-атқыштар полкінде пулемет бөлімшесінің командирі болды. Ол Ленинградты жаудан қорғай отырып, 4 рет жарақат алса да үнемі қатардан шықпай, жау траншеяларында  ондаған немістің көзін жойды. 

Синявино елді-мекенінде болған шайқаста 23 жасар Сұлтан өз еркімен жау дзотын жаруға әрекет жасайды. Ол атыс орнына жер бауырлап барып, гранаталар лақтырды. Бірақ, фашистердің ату орны оқ жаудырыуын тоқтатпады. Сол кезде гранатасыз қалған ержүрек жауынгер пулемет амбразурасын кеудесімен жауып, көптеген жолдастарының өмірін құтқарып қалды. Осылайша, пулеметтен шыққан қызыл ыстық отқа кеудесін тоса отырып, майдандас достарын аман алып қалған ержүрек батыр сол күнгі ұрыста ерлікпен қаза тапты. 

Осы ерлігі үшін 1944 жылы 21 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен аға сержант Сұлтан Баймағамбетовке қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.  
Сонымен қатар, ол Ленин орденімен және «Ленинград қорғаны үшін» медалімен марапатталды.

Ерлікпен қаза тапқан батыр Сұлтан Баймағамбетовтің денесі Ленинград облысының Синявино кентіндегі «Синявино биіктігі» бауырластар зиратында жерленді. Ол әскери бөлімнің тізіміне мәңгілікке енген. Ал оның құрметіне Әулиекөл ауданындағы совхозға, мектепке және Қостанай қаласындағы көшеге Сұлтан Баймағамбетов есімі берілді. Сондай-ақ, батырдың туған ауылында оның ескерткіші орнатылды. Бұдан бөлек, 2001 жылы Ленинград облысының Кировск қаласындағы гимназияға Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовтың есімі берілді. Ал оның ауласында ашылу салтанатына Қазақстандағы туыстары да қатысқан ескерткіш орнатылған.

Батыр туралы деректер өте көп кездеспесе де, оның майдандас досы Ханиф Ғайнутдивтовтың естелігінің өзі неге тұрарлық.

Ол өз естелігінде, Сұлтан Баймағамбетовтың өзінің майдандас жолдасы екенін және екеуінің көптеген шайқасқа бірге қатысқандығын баяндайды. Ханиф Ғайнутдивтовтың естелігіне сүйенсек, қазақ батырын ротада көбіне Сұлтан емес, Саша деп атаған екен. Оның үстіне, батырдың өзіне Сұлтан дегенге қарағанда Саша деген қарапайым орыс есімі оған көбірек ұнапты. Егер, біреу оны есімімен атаған болса, ол сұқ саусағын көрсетіп былай әзілдейді екен:

"Тыныш! Фашистер естіп қалып, орыстар қандай да бір сұлтанды көмекке шақырыпты деп ойлап, шу көтеріп жүрер".

 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр