Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Ерлан Көкеев қоластындағы әншіге жертөлеге көшіп келуді ұсынған: "Біздің подвалға көшіп, сонда өмір сүр"

"Рахат-Лукум" тобының экс-солисі Влада Белая әлеуметтік желідегі парақшасында продюсер Ерлан Көкеевтің топ мүшелеріне көрсеткен мазағы жайлы жазба жариялап, жұрттың жағасын ұстатқан еді. Бойжеткеннің сөзінше, топтағы қыздар айтуға қорқатын шындықты ол хайп үшін емес, әділеттік орнату үшін жазған. Ол Stan.kz тілшісіне "Рахат-Лукумда" жүріп продюсердің қыспағымен қандай іс-әрекеттерге барғанын, таңғы 4-5-ке дейін созылатын "дайындықтары" туралы айтып беріп, Көкеев таққан айыптауларға жауап берді.

Alt

Танымал әншінің қоластында өнер көрсеткен бойжеткен репертуардағы әндерді басқа адамдардың орындайтынын, ал олар тек фонограммаға ауыздарын жыбырлатып, би билейтіндерін жайып салды. Продюсердің сараңдығына тоқталған бойжеткен жарты жыл бойы жиырма мың теңгенің жалақысына өмір сүріп келгенін айтты. 

Ал Көкеев айыптауға жауап ретінде топта Влада Белаяның мүлдем болмағанын, оның "Рахат-Лукумға" кіру үшін сынақтан өте алмай қалғанын мәлімдеді. 

Экс-солистің сөзіне сенсек, продюсер айтқан "сынақ" атымен болмаған. Болған күннің өзінде одан өту үшін әнді әдемі айтып, дарынды болудың қажеті шамалы. Танымал әншіге қыздардың өнеріне қарағанда сыртқы келбеті, сұлулығы маңыздырақ болған сыңайлы. 

"Продюсермен "Астана аруы-2018" байқауына жарияланған кастингтің алғашқы күні таныстым. Кастингке қатысқан 500 қыздың арасынан іріктеліп, жиырма арудың қатарына кіргенімді Көкеевпен әңгімелесуге келген кезде білдім. 

Осыны пайдаланып, өзінің беделін көтеру үшін мені топқа алды. Қазір ол барлығына менің топ құрамында болмағанымды айтып, бір клипті көрсетіп жүр. Әрине, мен ол клипте жоқпын. Себебі бейнебаянның түсірілімдері екеуміз танысқан күні басталып кеткен.

Продюсер арамызда ешқандай келісімшарттың болмағанын да айтты. Қазір мен Ерланмен келісімшартқа отырмағаныма қуанамын. Себебі ол үшін бұл құжаттың ешқандай құны жоқ. Көңілі қаласа, оны кез-келген сәтте бұзып, жырта салады. Бір рет ол  келісімшарты бар топ мүшесін дайындыққа бес минутқа кешігіп келгені үшін жұмыстан шығарып жіберді", — дейді Влада Белая. 

Ару топта өнер көрсеткен алты айдың ішінде үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін жайттардан шошып, шоу-бизнестен жиреніп кеткен екен. 

"Топ бір рет те болсын, вокалдан сабақ алған емес. Дайындықтың кезінде де біз фонограммамен өлең айтып жүрдік. Продюсер тым құрығанда біздің сахнада өтірік ауыз жыбырлатып тұратынымыз білінбеуі үшін сапалы аппаратура алса болар еді. Сахнаға арналған киімдерді кигенде өзімізді 90-шы жылдардан шыққан әншілер сезінетінбіз.

Қай жерге барсақ та, бірге алып жүретін жалғыз костюміміздің тозып кеткені сонша, жыртыла беретін. Киімді өзіміз дұрыстап, тігіп қоятынбыз. Топтың 2000-шы жылғы әндерін айтып жүрдік, репертуарда жаңа ән жоқ еді. Продюсерге мән-жайдың барлығын түсіндіріп, жағдайға бей-жай қарамауын талай мәрте сұрадық. Бірақ ол проблемам басымнан асады, сендерді сосын қолға аламын деп қоя салатын. Оның өтірік уәделеріне әбден тойдық", — дейді экс-солист. 

Продюсердің негізгі уайымы бәсекелестіктің деңгейі артып келе жатқан шоу-бизнесте "Рахат-Лукумның" атын қайта жаңғырту емес, өзінің ретро-барының танымалдығын арттыру болған екен. Кейіпкеріміздің сөзінше, клиенттердің басым бөлігі - ер азаматтар, ал қарызға белшесінен батқан продюсер қыздардың көмегімен оларды ретро-барға тартқан.

"Қолымызға бір шампан бөтелкесін беріп, бізді отырғызып қоятын. Әр минут сайын күлмесек, сөз еститінбіз. Ал өтірік күліп отыру оңай емес. Барды жақсылап жарнамалай алмадыңдар деп те өкпелеген. "Қарызымнан құтылуға көмектескілерің келмейді" — деп міндетсінгені есімде. Оның пікірінше, барлық қарыздарды жабу — біздің тікелей міндетіміз болатын", — дейді ару. 

Влада продюсер талап еткен соң, ол барлық уақытын барда өткізуге мәжбүр болған. 

"Біз барда таңғы сағат 4-5-ке дейін жүретін едік. Сол кезде мен үйдегілерден ұялатынмын. Дайындықта жүрмін деп сылтаурататынмын. Таңғы бесте келгенде әкем: "Осындай да дайындық болады екен-ау деп таңырқайтын. Басқа продюсерлер топтарының жүріс-тұрысына дейін өз қалтасынан ақша шығарса, Көкеев мүлдем бізге бола басын қатырмайтын. Барға барып қайту үшін қыздармен күнделікті жолға ақша жұмсап, әбден шығынға батып кеттік. Бірақ ол мұны түсінбейтін. Бірде мен пәтердің ақысын төлеу үшін ақшамның жоқ екенін айтып қаржылай көмек көрсетуін сұрап едім: "Біздің подвалға көшіп, сонда өмір сүр. Сол жерде хостес болып жұмыс істесең болады", — деген жауап алдым.

Негізі сол кезде ол менің үй ішімдегі проблемаларды жақсы білді. Осыны пайдаланып, ата-анаммен араласпай кеткенімді айтыпты. Тілшінің және менің сұрақтарыма жауап беруден гөрі жеке өмірімді қозғап, өзіме мін таққан. Ал мен оның қаншама құпияларын білсем де, ондай қадамға барған жоқпын. Жанұясына тиіспедім. Владаны тамақтандырдым, оған қамқор болдым деп айтқанының барлығы өтірік.

Сонымен қатар, ол мені дарынсыз, жүйке жүйесі жұқарып кеткен адам ретінде сипаттады. Бірақ топта жүргенде қыздардың ешқайсысы менің мінезіме қатысты шағымданған емес. Бір жерге шығатын кезде көңіл-күйімді көтеріп, өзімнен талап  етілген дүниенің барлығын жасайтынмын. ", — дейді Влада Белая. 

Бойжеткен топтан кеткеннен кейін "Рахат-Лукумның" бірнеше экс-қатысушысы продюсерден көрген қорлықтары туралы Владаға жазған. Көкеев оларға кейде концерттен соң клиенттермен төсек қатынасына түсудің еш жамандығы жоқ екенін айтыпты. 

Кейіпкеріміздің пікірінше, продюсер өзінінің қоластына келетін қыздарды өз құқығын білмейтін ақымақ санайды. Әр алты ай сайын ол ешбір себепсіз топтан бір қызды шығарып немесе ізіне түседі екен. "Бір рет ол топтың әншісін дайындыққа бес минутқа кешігіп қалғаны үшін жұмыстан шығарып жіберді", — дейді ол.

Басқа қыздардың да топтан шыққысы келетін көрінеді. Бірақ неге екені белгісіз кетіп қалуға қорқады. Влада Белая топта өнер көрсеткісі келетін қыздарға келешекте Көкеев секілді продюсерлерге алданып қалмас үшін бұрын топта өнер көрсеткен қыздармен әңгімелесіп, олардың пікірін білуге кеңес береді.

Владаның әзірге басқа топтың құрамында ән айту жоспары жоқ. Қазіргі мақсаты — модельдік мансабын жалғастырып, Санкт-Петербургке оқуға аттану. 

 

 

 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр