"Бұрынғы әйелімді халық жауы еткім келмеді": Еркеш Хасен ажырасқаннан кейін алғаш рет ашық сұхбат берді

Танымал әнші Еркеш Хасен ажырасқаннан кейін алғаш рет Ai-qai подкастына сұхбат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі алдымен өзі туралы айтылған айыптауларға неліктен жауап бермей келгенін түсіндірді. Оның сөзінше, отбасында болған жағдай сол отбасының ішінде қалуға тиіс. Әнші жеке өмірдегі келеңсіздіктерді жұртқа жайып, ажырасуды қалыпты құбылыс ретінде көрсеткісі келмегенін айтты.
“Отбасының ішінде болған дүние сонда қалуы керек. Отбасымызды жақсы жағынан көрсетіп, үлгі болайық. Бірақ оның былығын көрсету дұрыс емес. Біреу ажырасуға батылы жетпей жүрген шығар. Ал сен ажырасқаныңды елге жариялап, оған түрткі болуың мүмкін. Мен дұрыс емес нәрсені насихаттағым келген жоқ”, – деді ол.
Еркеш Хасен өзіне айтылған сынға жауап беріп, отбасындағы жағдайдың екінші жағын ашық жариялай алатынын да жеткізді. Алайда мұндай қадам бұрынғы жарына ауыр соғып, оның психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін деп есептеген.
“Таяқтың екі ұшы болады ғой. Егер мен арғы жағының әңгімесін айтып қойсам, баламның анасы мен көтерген хейтті көтере алмайды. Мен оған қиянат жасағым келмеді, бұрынғы әйелімді халық жауы етіп көрсеткім келмеді”, – деді әнші.
Оның сөзінше, көпшіліктің алдына шығып, өз шындығын айтып, өзін ақтап алуға мүмкіндігі болған. Бірақ мұндай әрекет бұрынғы жарына ғана емес, қызына да әсер етуі мүмкін екенін ойлаған.
“Мен бәрін айтып шықсам, баламның анасы психологиялық соққы алады. Оның ашуын қызымнан алғанын, оған ұрысқанын қаламаймын. Біз бірге жақсы күндер өткіздік. Сондықтан айырылысқаннан кейін оның артынан пышақ сұққым келген жоқ”, – деді өнер иесі.
ОқыңызӘнші жұрттың өзі туралы жағымсыз пікір айта беруіне дайын екенін, алайда бұрынғы жарының күн сайын жүздеген жағымсыз хабарлама оқығанын қаламайтынын айтты.
“Адамдар мені жаман дей берсін. Бірақ бұрынғы келіншегімнің таңертең ұйқыдан тұрып, жүздеген хейт хат оқығанын қаламаймын. Оны мен көтере аламын, бала кезден етім үйренген. Ал ол бұған дайын емес”, – деді Еркеш Хасен.
Мән-жайы
Еске салайық, биыл жыл басында әнші Еркеш Хасен некеде бола тұра белгілі актрисамен көңіл қосты деп айыпталғаны хабарланған еді. Желіде Сандуғаш Амантай есімді қолданушы өзін Еркеш Хасеннің бұрынғы жары Айгерімнің құрбысы ретінде таныстырып, пікір қалдырған. Оның айтуынша, әнші әйелімен ажыраспай жатып, актриса Жанель Серғазинамен көңіл қосқан.
Бұл ақпарат желі қолданушыларына жақпай қалды. Олар әнші мен актрисаны жобалардан алып тастауды сұрап, олар қатысқан іс-шараларды көруден бас тартқан еді.
"Аяғын орындыққа қойып отырады, жарқылмен қайта-қайта видео түсіреді": Қазақстандықтар қоғамдық орындардағы әдепсіздіктер туралы айтты