Миллион ұтқан іскер ханымның оқиғасы

«Ерекше адамдардың өмір жасын ұзартқым келеді».
Табысқа кенелу мен жеке бастың пайдасы көп жағдайда бірінші орынға шығатын кәсіпкерлік әлемінде басты мақсаты халықтың игілігі болатын бизнес иелерін жиі кездестіре бермейсіз. Дегенмен мұндай кәсіпкерлер бар және олар өз әрекеттерімен өзгелерді шабыттандырады. Осындай жарқын мысалдардың бірі ретінде талдықорғандық кәсіпкер Анар Исаеваны айтуға болады. Ол кәсібі арқылы айналасындағыларға көмек беріп, қуаныш сыйлауды мақсат тұтқан.
Анар Исаева – «Ақжанель» медициналық оңалту орталығының иесі.
Кәсіпкер бұл орталықты 2008 жылы ашқан. Содан бері кәсібін дамытып, бүгінде жыл сайын мыңдаған науқасты қабылдайды. «Ерекше қажеттілігі бар адамдар жүре алса, өмірлері қуанышқа толы болса» деген ниет оны алға жетелеп келеді.
Анар Исаева үшінші рет ұйымдастырылған KMF Isker Hanymy байқауында Бас жүлде 1 миллион теңгені жеңіп алды. 6 қазанда Алматы қаласында өткен байқаудың марапаттау рәсімінде сәті түсіп, іскер ханыммен тілдесе алдық, табысты кәсібінің қыр-сырын сұрадық.
Анар Исаеваның әлеуметтік кәсіп ашуға жеке өміріндегі себептер әсер еткен екен.

«Дәл осы саланы таңдауыма отбасымдағы кей жағдайлар себеп болды. Әкем инсульттан көз жұмған. Ал қызым церебралды сал дертімен дүниеге келді. Сондықтан медициналық көмекке зәру, оңалтауды қажет ететін ерекше адамдардың өмір жасын ұзарту үшін осы саланы таңдадым. Әрине, бастапқыда үрей болды. Бірақ қорқа берсең, ешқашан кәсіп аша алмайсың», - дейді ол.

Айтуынша, бастапқыда қиындықтармен бетпе-бет келген, орталық ашуға қаражаты болмаған, әрі оған сәйкес келетін ғимарат та бірден табылмапты.
Ақырында медициналық оңалту орталығы бұрынғы шипажай орнына ашылған. Бұл үшін кәсіпкер Кеңес үкіметі ыдыраған соң қараусыз қалған шипажай ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіп, қалпына келтіріпті.
«Шынымды айтсам, орталықты ашуға өзімде қаржы мүлде болмады. Танысымнан KMF туралы естіп, несие алуға бел байладым. Кейін аппараттар сатып алып, қараусыз қалған шипажай ғимаратын толығымен қалпына келтірдік. KMF-тің басты артықшылығы – несие рәсімдеу процесінің жылдамдығы. Өзге банк немесе қаржы ұйымдарындағы секілді апталап күтпейсің, бар болғаны 15-20 минутта рәсімдейді. Сондай-ақ қызметкерлері сыпайы, кез келген уақытта несие, тіпті кәсіп туралы кеңес беруге әзір тұрады, KMF-ке ризамын, алғысым шексіз», - деді кәсіпкер.

Анар Исаева алдағы уақытта «Ақжанель» оңалтау орталығының филиалдарын ашуды жоспарлап отырғанын айтады. Алайда бұл үшін мемлекет тарапынан қолдау керегін атап өтті.

«Қазір орталықта 30-ға жуық қызметкер бар, оның ішінде білікті дәрігерлер, медициналық персонал жұмыс істейді. Бастапқыда аппараттар саны да шектеулі еді, қазір Ресейде дайындалған түрлі құрылғыларды сатып алдық. Бірнеше зауытпен келісімшарт жасастық. Жыл сайын 2 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеміз. Әйткенмен орын тапшылығы байқалады. Себебі әлеуметтік порталмен жұмыс істегендіктен, мұнда өтініштер Қазақстанның барлық аймағынан келеді», - деп қосты Анар Исаева.
Ұтысын қайырымдылыққа жұмсауды жоспарлап отыр.
Кәсіпкер KMF микроқаржы ұйымы мен «KMF-Демеу» қоры ұйымдастырған KMF Isker Hanymy-2023 байқауына алғаш рет қатысыпты. Ал ұтысын қайырымдылыққа жұмсауды жоспарлап отыр.
«KMF Isker Hanymy байқауы туралы 2021 жылдан бері естіп келемін. Биыл бақ сынайын деп алғаш рет қатыстым. Нәтижесінде Бас жүлде иеленіп отырмын, бірақ ұтысқа берілген 1 миллион теңгені қайырымдылыққа жұмсаймын деген шешім қабылдадым. Әлеуметтік осал топтан шыққан балаларға ноутбук, ұялы телефон сияқты гаджеттерді сыйға тартқым келеді. Бұл жеңіс тек менің емес, ұжымдағы қызметкерлер еңбегінің жемісі деп білемін», - дейді ол.

KMF Isker Hanymy байқауы осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы шараға Қазақстанның 15 өңірінен 2 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Байқауда Бас жүлдеден бөлек бес номинация бойынша жеңімпаздарға 500 мың теңгелік сертификаттар табысталды:
«Бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы – Талғар қаласында сұлулық және денсаулық орталығын ашқан Анжелика Семенова;
«Агро-бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы – Меркеде мал ұстап, қымыз өндіретін Ұлболсын Қонақбай;
«Әлеуметтік бизнес» номинациясы – Талдықорғанда әйелдерге Қытай арқылы бизнес жүргізуді үйрететін Сильвана Бекишева;
«Әділ қазылардан арнайы сыйлық» – Талғарда коррекциялық орталық ашқан, сөйлеу қабілетінде олқылығы бар балалармен жұмыс істейтін Лола Сагитова;
«Шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы – Қызылордада онға жуық сауда нүктесі бар Баян Тоқсанбаева.
Сонымен қатар, қосымша номинациялар бойынша 15 іскер ханымға 100 мың теңгеден бұйырды.

Kомпанияның Басқарма төрағасы Шалқар Жүсіповтің айтуынша, KMF әйелдер кәсіпкерлігін тек қаржылай емес, тренинг, бизнес-таңғы астар, агрофорум, менторлық бағдарламалар өткізу арқылы да қолдап келеді. Бүгінде ұйым клиенттерінің саны 260 мыңнан асса, оның 55%-ы әйелдер.

«KMF - Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытын қолға алған алғашқы компания. Бұл салада 1997 жылдан бері жұмыс істеп, әйелдер бизнесін тұрақты қаржыландырып келеміз. 26 жылдың ішінде KMF жарты миллион кәсіпкер әйелге қаржы бөлді», - дейді ұйым басшысы.
Айтуынша, KMF Isker Hanymy байқауына қатысуға ниетті кәсіпкер әйелдердің қатары жыл санап өсіп келеді.
«Келіп түскен өтініштер саны былтырғыдан әлдеқайда көп. Қазір клиенттеріміз шағын кәсіпкерлікті ғана емес, орта бизнесті де дамытып отырғанын байқадық. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамытады. Үш жылдың ішінде байқау он мыңнан аса кәсіпкердің басын қосты», - деп түйіндеді Шалқар Жүсіпов.
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыру құқығын беретін ҚНРДА-ның 26.02.2021 жылғы №02.21.0003.M лицензиясы
Қолдауымен дайындалған материал
Stan.kz Ақпарат Агенттігі
Барлық құқықтары қорғалған