Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"PersonaJ" жобасы: Ауыл мұғалімінен танымал әншіге айналған Еңлік армандар орындалатынын дәлелдеп келеді

Қазақ тілінде тренд жасап жүрген талантты жастар саны көбейіп келе жатқаны көңілге жылу ұялатады, болашаққа сеніммен қарауға үміт сыйлайды. Қазақи нақыштағы заманауи терме айтып, сазды әуен мен мәнді сөздерді ұштастырған өнерпаз Еңлік Құрарбек көптің сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді. Әнші шығармашылыққа келмес бұрын мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ берген. Ал бүгін оны көпшілік қазақ тілді рэп орындаушысы ретінде таниды. Онымен қоймай, танымал өнерпаз Jusan-ның “PersonaJ” айдарының тамыздағы кейіпкері болып үлгерді.

 Yenlik лақап атымен танылған Еңлік Құрарбек бала кезден қазақша әндермен сусындап өскен. Шетелдік әншілердің туындыларынан да тыс қалмай, оларды үлгі етіп, әлемдік деңгейде қазақ тілінде ән шырқап, өнер көрсетуді армандаған. Әнші ауыл мектебінде бастауыш сыныптарына сабақ беріп жүріп, өз талантын әлемге паш етті. Ол қажырлы еңбек етіп, арманы алдамайтынына сенді. Міне, сөйтіп адам баласының қолынан келмейтіні жоқ екенін тағы да дәлелдеді. Десек те өнерпаз ән айтуды доғарғысы келген кездері болғанын да жасырмады. 
“Өзіме уақыт бердім. Басқа мамандықтарды қарап, істеп көрдім”, - дейді ол. 

Еңліктің талантына сеніп, қолдау білдірген жақындары оны көпшілік алдында өнер көрсететін кез келді деп сендірген. Міне, осы кезде Еңлік бойындағы қорқынышын жеңіп, ойындағы күмәнді сейілтіп, "BIPL" әнін жарыққа шығарады. Жас таланттың ерекше дауысы мен шынайылығы тыңдарманды бірден жаулап алды.

www.instagram.com/yenleak/

Еңлік ата-анасына, адамдарға қарап, қоршаған ортада жүріп, табиғатты тамашалап, қызықты оқиғаларға кезігіп, осы дүниелерден шабыт алады. Ол әндері арқылы адамдарға сенімділік пен өмірге құлшыныс сыйлағысы келеді. Себебі орындаушы “ән - энергия” деп есептейді және оны адам жан-тәнімен сезінеді дейді.

Нәтижесінде қазақ аруын бүгінде Қазақстанда ғана емес, басқа сырт жерлерде де мыңдаған тыңдарман сүйіп тыңдайды. Оның әндері әуезді, мағыналы, ынталандырады және шабыт береді.  

Бір қызығы, тыңдармандардың көпшілігі оның шығармашылығын рэп стиліндегі қазақ тілді “жаңа заманауи леп” деп таниды. Дегенмен әнші өз туындыларын одан да үлкен дүниеге балайды.

“Мен жазып жүрген әндерімді рэптен үлкен нәрсе деп есептеймін. Себебі өзімді рэпер емес, әртіс деп санаймын. Менің арнайы музыкалық білімім жоқ, бірақ кез келген маман иесі болу үшін білім алу қажет деп ойлаймын.Сондықтан әртіс болу үшін де бастапқы білім адамда болу қажет”, - дейді ол.

www.instagram.com/yenleak/

Әнші жақын арада ағылшын тіліндегі туындылары шығуы мүмкін екенін жасырмайды.

“Орыс тілінде әлі ештеңе жазған жоқпын. Жоспарымда да жоқ. Бірақ ағылшын тілі мен қазақ тілін араластырып жазу ойымда бар. Жақын арада ән шығып қалуым мүмкін”, - дейді Еңлік жоспарларымен бөлісіп.

Айта кетсек, Еңлік – Jusan-ның “PersonaJ” креативті жобасының тамыз айындағы кейіпкері. Ол шілде айының “PersonaJ-ы”, танымал режиссер Қуаныш Бейсековпен бірігіп, ауыл балаларына фильм түсіруге септігін тигізді. Алматы облысындағы оқушыларға арналған фильмді өңдеу және түсіру бойынша бір аптаға созылған “Кел, балалар, оқылық” шығармашылық дағдыларды арттыру жобасы аясында әншінің “Бір кем дүние” әніне  бейнебаян түсірілді.

Әнші Jusan-мен ынтымақтастықтың неден бастау алғанын айтып берді. 

“Бұл қызық болды. Біз “Бір кем дүние” әнін жазып, оған бейнебаян түсіргіміз келіп жүрген. Қуаныш Бейсековтен “Кел, балалар, оқылық” атты жоба туралы естіген соң, маған бұл идея ұнады. Бұл жобаның демеушісі Jusan екенін білдік. Көп ойланбастан, жобаға атсалысатынымызды хабарладық. Балалар әнге бейнебаян түсірді. Нәтижесі қатты ұнады”, - дейді ол.

Ауыл балалары ерекше мүмкіндікті пайдаланып, өздерін әрі актер, әрі режиссер, әрі оператор және сценарист ретінде сезініп көрді. Балалардың кейбірі шеберлік сағатынан сахнаны бағындырар актер, енді бірі елге еңбегі сіңген режиссер боламыз деп нақты мақсатпен қайтты.

"PersonaJ" - Jusan-ның  қоғамда ойып орын алатын танымал тұлғалармен, атап айтсақ, режиссер, әнші, дизайнер, видеограф, суретші және басқа да мәдениет қайраткерлерімен бірлескен жобасы. Үлгі болар тұлғалар өз саласы бойынша әлеуметтік маңызы бар, қоғамға пайдалы жоба дайындайды. Jusan өз кезегінде жобаны бастан-аяқ қолдап, жемісті өнім құрастыруға демеу болады. Осы арқылы Jusan талантты жастардың дамуына өз үлесін қосып қана қоймай, өзін көрсете алған тұлғаларды үлгі етіп, еңбек пен өзіне деген сенімділік арқасында армандар орындалатынын көрсеткісі келеді. Себебі жетістікке жеткен тұлғалар басқаларға шабыт сыйлап, мақсаттарын айқындай түсетіні анық.

Еңліктің ойынша, таланттардың өзін-өзі көрсетуге деген ниетіне сеніп, оларға қолдау жасау керек.
“Біріншіден, адам кез келген істі бастамай тұрып, өзіне сенімді болып, жан-жақты дамуы қажет. Сонда оның шығармашылығы әдемірек болады”, - дейді өнерпаз.


"PersonaJ" жобасы: Режиссер Қуаныш Бейсеков пен Jusan ауыл балаларының шығармашылығын шыңдауда

 

Талқылау