Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа жұмыс орны ашылады: Енді Қарағандыда өсімдік майы өндіріледі

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Облыстағы май өнімдерін шығаратын зауыт үнемі жетілдіріліп келеді. Өндірісті жаңғырту аясында жаңа цехтар салынып, жаңа жабдықтар енгізіліп жатыр. "Жасыл экономикаға" назар аударылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев еңбек ұжымдарымен кездесуді жалғастырып жатыр. Аймақ басшысы тамақ өнеркәсібінің жетекші кәсіпорындары – Eurasian Foods компаниясының зауыты мен Қарағанды диірмен комбинатында болды.

Қарағанды диірмен комбинаты май зауытын кеңейтумен айналысуда. Мұнда майлы дақылдарды өңдейтін жаңа желі іске қосылды. Өсімдік майының бірнеше түрі өндіріле бастады. Атап айтқанда, күнбағыс, зығыр, соя. Мұндағы жаңа технологиялар суды, электр энергиясын тұтынуды қысқартуға мүмкіндік береді. 

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Кәсіпорын директоры Виктор Фединнің айтуынша, қазір өндіріс айына бір жарым мың тоннаға дейін жеткізілген, ал келешекте екі есеге артуы мүмкін. Отандық шикізатқа, оның ішінде жергілікті шикізатқа бағдар қойылып отыр. Өндірісті кеңейту арқылы қосымша жұмыс орындары ашылуда. Жалпы, кәсіпорында 250 адам еңбек етеді.

“Еңбектеріңіз үшін рахмет! Сіздердің өнімдеріңіз сұранысқа ие. Жергілікті өндірісті қолдауға тырысамыз. Басшылыққа сұрақтарыңыз бар екенін түсінеміз. Сіздер тікелей хабарласып, жауап алуларыңыз үшін осы кездесуге арнайы келдім”, – деді әкім жұмысшыларға.

 

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 10 Сәуір, 2025 12:54