Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ең қиыны алғашқы сағатта болады": Түркияда үйінді астынан құтқарылған қыз басынан өткенін айтып берді

Түркияда екі жойқын жер сілкінісінен кейін үйінді астында қалып қойып, аман қалған қыз басынан кешкендерін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Anadolu арнасына сілтеме жасап.

Гизем Озкан

Адьяман провинциясында қирандылар астынан 54 сағаттан кейін құтқарылған 28 жастағы фармацевт Гизем Озкан жер сілкінісінен кейінгі алғашқы бір сағаттың ең ауыр уақыт екенін айтады.

Қазір қыз ондаған жаралымен бірге Измир қаласындағы Буджа Сейфи Демирсой оқу және зерттеу ауруханасында емделіп жатыр. Озканның айтуынша, күшті жер асты дүмпулерінің салдарынан алты қабатты ғимарат қираған, ал ол отбасымен бірге төртінші қабаттағы пәтерде тұрған.

Үйіндінің астында оның отбасының жеті мүшесі қалып қойған. Кейін олардың барлығы құтқарылған, алайда олардың ешқайсысы қорқыныштың, үмітсіздік пен үрейдің азапты сәттерін ұмыта алмайды, деп атап өтеді қыз.

Гизем Озкан қиранды астындағы ең үлкен кедергінің оттегі жетіспеушілігі екенін атап өтті.

"Сондай шарасыз күйге түсесің. Үстіңнен үлкен бірнәрсе басып тұрған соң тыныс ала алмайсың. Төрт жағыңнан кептеліп қалғасын ауа кіретін жер де қалмайды. Мен үстімнен де, астымнан да қысылып тұрдым", - дейді жәбірленуші артта қалған ауыр естеліктерімен бөлісіп.

Озканның айтуынша, аяғының астынан ауа кіруі үшін шынтағын әрең көтеруге мәжбүр болған. Бойжеткеннің айтуынша, ол бірнеше сағат бойы өзін тыныштандыру үшін сүйікті әндерін айтқан. Үйінді астында жатып суды армандағанын айтады ол.

Озкан өзін тауып қалады деген үмітпен жан-жағындағы заттар арқылы дауыс шығарумен болған.



"Ең қиыны алғашқы сағатта болады. Сен бар жаныңмен өлуді қалайсың. Жер асты дүмпулері қайталанады. Бір сағаттан кейін адам үйренеді. Жан жағыңда естілген дауыстардан кейін құтылу мүмкіндігі бар екенін түсініп, есіңді жинайсың. Мүмкін мені естімеген болар, бірақ мен үнемі дауыс шығарумен болдым", - дейді ол.

Қызды үйіндінің астынан алып шыққанда ол ес-түссіз болған. Гизем Озкан аман қалғанына қатты қуанады. Оның денесінің біраз бөлігі сынған, бірақ ол тезірек ауруханадан шығып, отбасымен қайта қауышуды армандайды.

Озканның айтуынша, енді ол өмірдің қадірін біледі.

"Мен адамдарды қандай жағдай орын алмасын үміттерін үзбеуге шақырамын", - дейді ол.

Аурухананың бас дәрігері профессор Йекта Өнжел медициналық мекемеге Қахраманмараш пен Адыяманнан 40-қа жуық жаралы түскенін айтты.

"Көбісінің жарақаты аяқтары мен қолдарында. Өкінішке қарай, аяқ-қолы кесілген жаралылар да бар", - дейді дәрігер.

Өнжел ауруханаға жеткізілген барлық жаралыларға психологиялық көмек көрсетілетінін жеткізген.

Еске салайық, дүйсенбі, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында екі жер сілкінісі болды: жергілікті уақыт бойынша 04.17-де – 7,7 балл және 13.24-те – 7,6 балл. Қайтыс болғандар саны 35 мыңнан асты.

Президент Режеп Тайып Ердоған табиғи апат құрбандарына байланысты Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады. Түркияның мемлекеттік тулары бүкіл елде төмен түсірілді.

Жойқын жер сілкінісі көршілес елдерде, соның ішінде Сирия, Ливан, Грек Кипр және Иракта да сезілді. Соңғы мәліметтер бойынша, Сирияның Идлиб, Алеппо, Хама, Латакия және Ракка провинцияларында 3500-ден астам адам қаза тапты.

Ақберен Амангелді
Сәрсенбі, 15 Ақпан, 2023 10:11
Талқылау